Монополист операторларға тықыр таянды
Монополист операторларға тықыр таянды
318
оқылды
Қаңтар оқиғалары Қазақстандағы түбегейлі жаңғыруларға серпін бергені мәлім. Соның аясында елең еткізерлік бір өзгеріс айқындалып отыр: жеке монополиялық операторлардың мемлекеттің экономикалық функцияларын атқаруына тыйым салынбақ. Осының алдында «ӨКМ Операторы-Оператор РОП» жойылған-тын. Енді кезек өзгелеріне келгенге ұқсайды.

Делдал – дамуға тұсау

Бұл әлдебір сарапшының кезекті ұсы­ны­сы емес, тікелей Президенттің пәр­ме­ні екенін атап өткен жөн. 21 қаңтарда ірі бизнес өкілдерімен жүздескен Мемлекет бас­шысы экономиканы олигархтардан арылту бойынша қатаң саясат жүр­гізе­ті­нін мәлімдеді: «Мұнда, ең алдымен, қол­­­­дан жасалған монополияларға талдау жа­сау қажет. Операторлардың, әсіресе, же­ке операторлардың қызметі мүлдем тоқ­татылады. Бұрын «өтеп алушы» деген тер­мин болатын: жеке компаниялар тиіс­ті төлем арқылы мемлекеттің бірқатар эко­номикалық функцияларын орын­дау­ды сатып алатын. Бұл жақсылыққа апар­мады. Үкіметке мұндай қызметке заңды түр­де тыйым салуды тапсырамын. Бар­лық орындар бәсекеге ашық болуы тиіс», – деді ол. Ал Үкіметтің 8 ақпандағы кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев биік лауазымды ше­­неуніктердің жекелеген компа­ния­лар­дың мүддесін ілгерілетіп, лобби жаса­ға­нына нұсқады. Ол «делдалдар, моно­по­лист операторлар, қажетсіз агенттер» қап­тап кеткенін, олар түрлі комиссиялар мен тарифтер бойынша ақы жинайтынын ашық айтты. «Кім олардың қызметіне ақы төлейді? Әри­не, тұтынушы төлейді. Бұған қабыл­дан­ған заңдар мен қаулылар кінәлі. Осы­ған негіз болған нормативтік-құқықтық акті­лерді қабылдау кезінде меморгандар қо­ғам мүдделерін емес, көбіне жекелеген ком­паниялардың мүдделерін басшы­лық­қа алған. Соның кесірінен қазақ­стан­дық­тар­дың өз игілігіне жұмсауы қажет қар­жы­сы осы компаниялардың қалтасына ағып кетеді», – деген Қазақстан көш­бас­шы­сы Үкіметке операторлар мен дел­дал­дар қызметіне қатысты мәселелерге «өте салмақты көңіл бөлуді», олқылықты тү­зеу­дің нақты шешімін ұсынуды тапсыр­ды. Неге дәл осы мәселе қазір өзекті бо­лып отыр? Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойын­­ша «Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама» әзірленіп жатыр. Құ­жаттың жаңашылдығы сол, ол қазақ­стан­дықтардың кірісін көбейтумен ғана шектелмейді, сонымен бірге бұқараға ауыртпалығын түсіретін орынсыз шы­ғын­дарды азайтатын тың шараларды қарас­тырмақ. Операторлар қарапайым ха­лықпен тікелей қарым-қатынас жаса­май­ды, тек компаниялармен жұмыс іс­тей­ді. Онда олар қалай халықтың табы­сын арттыруға кедергі келтіреді? Өйткені олар­дың бизнеске жүктеген қосымша шы­ғындарын кәсіпкерлер халықтан – тұ­тынушыдан өндіріп алады. Демек, тұтас са­лаларды басыбайлы иемденген жеке­мен­шік операторлар мен делдалдардан құтылу  кедей халықты бай етуге бастай­тын қадамның бірі болмақ.

Антимонополистердің тісі батпаған еді

Президенттің осы мәселеге қатысты тап­сырмасы таяуда берілгендіктен, Үкі­мет жаңа құжаттар қабылдап үлгермеді. Де­ген­мен Үкіметке енгізілген нақты ұсы­ныстардың өзі тамсандырады. Мә­се­ле жекеменшік операторлардан толық арылу жайында. Ұлттық экономика министрлігінің бай­ламынша, операторлар арқылы елі­мізде «жасанды монополиялар құрыл­ған». Бұл ретте квазимемлекеттік сектор­да­ғы кәсіпорындар ғана емес, бірқатар «же­ке компаниялар мемлекеттің эконо­ми­калық функцияларын жүзеге асыру­дың монополиялық құқығына ие бол­ған». Ведомствоның түсіндіруінше, мем­мо­нополияны енгізу рәсімі заң жүзінде қа­таң реттеліп, регламенттелген. Оның үсті­не оны құру үшін бюджеттен қомақты ақ­ша бөлгізу, оны жыл сайын Парла­мент­те қолдау қажет. Бұл ел қазынасына қым­батқа түседі. Сондықтан «мемле­кет­тік монополияны енгізбестен, барлық та­лаптар мен шектеулерді айналып өтіп, белгілі бір қызмет түрлерін жүзеге асыру­ға монополиялық құқықтарды заңна­ма­лық түрде беру тәжірибесі кең таралды». Яғни, әлдебір қап-қалың заң жобасының ішіне мемфункцияны жеке секторға тап­сыру­ды қарастырып, оны Парламенттен бір рет өткізіп алса, жеткілікті. Кейін сол бап негізінде жеке оператор не делдал құры­лады да, Үкімет майшелпек саланың тіз­гінін соған ұстатады. Осылайша, елде «же­ке оператор» деген баламалы инсти­тут пайда болды. 2020 жылы Президент Жолдауын жү­зе­ге асыру аясында Бәсекелестікті қорғау жә­не дамыту агенттігі монополиялық опе­раторлардың қызметіне талдау жүр­гізді. Талдау қорытындысында агенттік рес­публикада 51 монополиялық оператор барын анықтады, оның көбі – мемлекетке қарасты квазимемсектор кәсіпорындары. Ал 3 ірі оператор толығымен жеке тұлға­лар­дың қолында болып шықты. Антимонополиялық орган ауқымды іс­ті еңсерді, алайда саланы толық реттеуге оның батылы жетпеді. Мысалы, агенттік был­тыр Үкіметке анықталған 54 опера­тор­дың ішінен тек 9-ына қатысты түбе­гей­лі шара қабылдау туралы ұсыныспен шық­қан. Яғни, дәл сол ұйымдарды «опе­ра­тор мәртебесінен айыру, қызмет түр­лерін оңтайландыру, тарату немесе же­ке­шелендіру» бастамасын көтерді. Әри­не, олардың ішінде жекенің қолындағы үш оператордың ешқайсысы болған жоқ. Нәтижесінде, былтыр Парламент қа­бы­лдаған, 2022 жылғы 3 қаңтарда күшіне ен­г­ен «Кейбір заңнамалық актілерге бә­­­секелестікті дамыту мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заңы әлгі тоғызды оператор мәр­те­бесінен айырды. Бұл, әрине «косметикалық» шаралар бо­­латын, сондықтан бизнес те, халық та мұн­­дай өзгерістерді сезінбей қалды. Ан­ти­­монополиялық органның ақпара­тын­ша, тоғыз операторды жоюдан келген жал­пы экономикалық тиімділік небәрі 3,5 млрд теңге ғана болды. Енді Мемлекет басшысының өзі азуын айға білеген алпауыттардан арылу­ға ерік-жігер танытып, Үкіметке нақты мін­дет қойды. Алғашқы нәтиже де бар: 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отыры­сын­да сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның утилизациялық алым жи­науын тоқтатуға бағытталған шара қа­был­дауды жүктеді. Бұл тапсырма тез орын­далды, кәдеге жарату алымын жи­нау және бөлу функциясы толығымен мем­лекет қарауындағы «Жасыл даму» АҚ-на берілді, ал «ӨКМ Операторын» оның қожайыны банктердегі жүздеген мил­лиард теңге жиналған есепшот­тары­мен, бүкіл дүние-мүлкімен бірге мем­ле­кетке тегін сыйға тартты. Мұндай тарту жа­сау алда тағы қайталанып қалуы ық­тимал.

Қос алпауытқа қауіп төнді ме?

Сарапшылар әлгі заң қалыптасқан жағдайды түзете алмағанын айтады. Кемшіліктерді жаңа заң жобасы шешуі шарт. Ұлттық экономика министрлігінің растауынша, нарықта сол бойы бәсеке жоқ, ал «бәсекелестіктің болмауы себепті мо­нополиялық операторлардың өзіне сеніп тапсырылған қызметті тиімсіз жү­зе­ге асыруының жоғары тәуекелдері» сақ­талып қалды. «Бұл ретте операторлардың баға сая­саты оңтайландырылмаған және көр­се­тетін қызметтерінің сапасы төмен. Мем­лекет басшысы биылғы 21 қаңтарда атап өткендей, монополиялық операторлар, әсіресе жекеменшік операторлар енді та­рихқа кетуі тиіс. Барлық сала мен на­рық­тар бәсекелестікке ашық болуы ке­рек. Осыған байланысты мемлекеттің эко­номикалық функцияларын жеке­мен­шік монополиялық операторлардың жү­зеге асыруына заңнамалық деңгейде тыйым салынатын болады», – деп мәлім етті Ұлттық экономика министрлігі. Ведомство бұл өзгерістер мемлекеттің же­ке­леген функцияларын атқаратын же­ке операторларға – «Сәтті Жұлдыз» АҚ-ына және Silk Way monitoring  ЖШС-на қа­тысты болатынын білдірді. «Қызметтің бірқатар экономикалық түр­лерін жеке компаниялар заңды түрде монополияландырып алған. Жаңа заң қабылданғаннан кейін аталған жеке мо­но­полиялық операторлардың саны 2-ден 0-ге дейін қысқартылады. Ары қа­рай елде же­ке монополиялық операторлар бол­май­ды», – деп хабарлады экономика ми­нистр­лігі. Айта кетер жайт, Silk Way monitoring  ЖШС (қазіргі жаңа атауы Silk Way online) Үкімет басшысы А.Мамин қабылдаған 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №819 қау­лымен «Халықаралық жүк тасымалын қада­ғалау ақпараттық жүйесінің ұлттық опе­раторы» болып белгіленді. Компания бар­лық жүктердің бүтіндігін бақылаумен, осы мақсатта фура және басқа да автокө­лік­терге, теміржол вагондарына, контей­нер­лерге мониторинг жүргізумен айна­лы­сады. «Қазақстан нарығында біздің ком­па­ния жүктерді, вагондарды, контей­нер­лер­ді және басқа жылжымалы құралдарды спутниктік мониторингтеу қызметтерінің жалғыз жеткізуші болып есептеледі», – де­ді компания басшылығының өкілі Айнұр Сүлейменова. Электронды нави­га­циялық пломбалар салу да соның құ­зырында. 32 мың жүк көлігін, 30 мыңнан аса теміржол контейнерін бақылайды. Алматылық компания 2015 жылы құрыл­ған, теміржол көлігінде жүктерді күзету­мен айналысқан. Оның атқарушы дирек­торы Әділ Сүлейменов Қаржы министр­лі­гінде жұмыс жасапты, салықшы болған. Statsnet.co порталы мемлекеттік деректер базасына сүйеніп, 2021 жылғы шілдеде компанияның  құрылтайшысы өзгер­ге­нін, Бауыржан Секенов орнына Caspian development group болғанын көрсетті. Ба­ға­лау бойынша оператордың жылдық табы­сы – 638,5 миллион теңге. Лотереяның бірыңғай операторы «Сәт­ті Жұлдыз» АҚ да Алматыда тір­кел­ген. 2016 жылы құрылған компанияның бас­шысы – Александр Эрикович Тен. Бағалау бойынша жылдық табысы 69,4 миллиард теңге. Алда лотерея саласынан түсе­тін миллиардтар «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорына бағытталады деп жоспарланып отырған көрінеді. Қалай болғанда да, жаңғырған ұлттық заң­нама елді жеке операторлар мен дел­далдардан арылтатынға ұқсайды.