Қаңтардың басында еліміздің бірқатар аймақтарын шарпыған бүліктің материалдық және моральдық зардабын толық есептеу мүмкін болмайтын да шығар. Өйткені бүлік кезінде біреулер ет жақынынан айырылса, енді біреулердің нанын тауып отырған бизнесіне, тағы біреуінің мүлкі бүлінді. Ойраны шыққан әр қаладағы шығынның көлемі де әртүрлі. Сол күндері Шымкент қаласына да айтарлықтай зиян келді.
Талқыға түскен бейнеүндеу
Қаңтардың басындағы бүлік кезінде Шымкент қаласы әкімдігінен бөлек сол маңайда орналасқан кейбір мекемелердің есік-терезесі бұзылып, қызметкерлері едәуір жапа шекті. Сондай азаматтардың бірі Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының актері Бауыржан Сегізбаев. 5 қаңтар күні болған сойқан оқиға кезінде оның көлігі өртеніп кеткен. Әрине, актердің көлігі өздігінен өртенбегені анық. Елірген топ осы маңайдағы көпқабатты үйлердің бірінде пәтер жалдап тұратын, 3 баласы бар актердің көлігіне от қойған. Театрда 70 мың теңге жалақысы ғана бар актер кештетіп осы көлікпен таксилетіп нәпақа тауып жүріпті. Ол мұны 6 қаңтар күні таңда сағат 7-лер шамасында сау-тамтығы қалмай өртеніп кеткен көлігінің жанында бейнеүндеу жариялаған кезде айтты. Алайда ол ешкімге шағымының жоғын айтқанымен, «жігіттер айдаладағы бейбіт тұрғынның көлігінде нелерің бар еді?» деп ренішін білдірді. Осынау үндеу қоғамда үлкен пікірталас тудырып, әлеуметтік желілерде талқыға түсіп, тарап кеткен-ді. Оқырмандардың басым бөлігі көмек бергісі келетінін де жазды. Алайда ол қол ұшын созамын деушілердің көмегінен бас тартты. «Ең алдымен аяқ-қолым сау, жасым 34-те, тепсе темір үзетіндей-ақ жігітпін. Қолымнан өнер келеді. Менен де жағдайы төмен отбасылар, мұқтаждар бар. Мен көмекке зәру емеспін. Баршасына алғысым шексіз», – деді ол. Таяу күндері моноспектакль қою керек болған Бауыржан 5 қаңтарда жұмыста қас қарайғанша дайындақта жүреді. Бір кезде айналаның астан-кестені шығып, тарс-тұрс сынған терезелердің даусы естіліп, айқай-шу болып кетеді. Сырттағы дүрбелеңді көріп қорқып кеткен театр қызметкерлері жапа тармағай қашып шығады. Жақын маңда тұратын Бауыржан көлігіне де қарамастан үйіне бет алып, балаларының жанында болған. Түнімен болған айқай-шу, өртенген көліктер сол маңай тұрғындарының үрейін ұшырып ұйқысыз таңды атырады. «Үй жаққа кетіп бара жатқанда байқағаным, әлгі бүлікшілердің арасынан кілең 16-20 жас аралығындағы өрімдей жастарды көрдім. Бейнеүндеу жасаған соң мен оны әлеуметтік желіге салуға асықпадым. Әр жерден бірінің туысы, бірінің баласының қайтыс болғанын естіп, басымыздың аман қалғанына шүкіршілік етіп жылы жауып қойған едім. 3-4 аптадан соң өзімнің TikTok желісіндегі жеке парақшама салдым. Жас балаларға осындай бүліктен сақтанып жүріңдер, арандап қалмаңдар деген мақсатпен жазба да қалдырдым. Өзім әлеуметтік желіде белсенді болмаған соң оншалықты мән бермейді екенмін. Белсенділер видеоны алған да жан-жақа таратып жіберген ғой. Оның ішінде бірге оқыған курстасым, оқырманы көп блогер Аян деген жігіт те бар. Парақшасына салған сәттен көмек беремін деушілер көбейген. Барлығынан бас тартып, тіпті оның парақшасына тікелей эфирге қосылып ризалығымды да білдірдім», – дейді Бауыржан бізбен әңгімесінде. Әсіресе, ақтаулық Қайрат есімді жігітке ерекше ілтипатын білдірді ол. Себебі жұмысының көлігімен жүретін ол үйіндегі жалғыз көлігін Бауыржанға бермек болған.Сақтандырудан қайыр болмаған
«Жалпы, мен осы кезде қазағымның мейірімділігіне тәнті болдым. Астындағы жалғыз атын бере салатын азаматтар да көп екен. Тіпті, Қайраттың басына осындай іс түссе менің қолымнан осындай мәрттік келер ме еді, деген ой келді маған. Мен оған қанша қарсылығымды білдірсем де ол разылығымен беріп отырғанын айтты. Иә, егер қалталы азамат болса ризашылығымды беріп алар едім. Алайда ол да өзім сияқты қарапайым азамат, бұл менің жігіттігіме сын. Соңғы бір аптада телефоныма тыным болмай қалды. Қарсылығыма қарамай таныстардан телефон нөмірімді алып, ақша салып жібергендер де бар. 100 теңгеден бастап 1 000, 5 000 теңгеге дейін аударып жіберіп жатқандар көп. Барынша керек емес деп жариялап жатырмын. Шымкентте «колеса кз» деген топ бар екен. Сондағы жігіттер де хабарласты, топ ашып қаржы жинап жіберейік деп те жатыр. Шынымды айтсам, видео салғаныма өкініп қалдым. Бірақ осы арқылы елдің пейілін білдім. Жақында бір имам «Саған көмек беріп, сауап алғысы келгендерді қайтарып жатырсың. Бұдан қорықпайсың ба?» деп айтқанда кәдімгідей қобалжып қалдым. Әлеуметтік желілерден байқасам мұқтаж жандар көп екен. Тіпті, біреулері хабарласып «егер көмектен бас тартсаңыз бізге көмектесіңіз» дегендер де болды. Енді қарсылығыма қарамай бұдан былай ақша салғандар болса ел алдында есеп бере отырып, сол мұқтаждарға аударатын боламын деп шешіп отырмын», – дейді Бауыржан. Бауыржанның көлігі ресейлік «Лада 12» маркалы. Сондықтан тіркелмеген көлікке мемлекет тарапынан көмек жоқ. Ал көлігі сақтандырылған «Аманат» сақтандыру компаниясы «Мұндай жағдайда көмек бере алмаймыз. Егер жол-көлік апаты болса, онда да сіздің емес, сіз шығын келтірген келесі көлікті жөндеп береміз» деп жауап беріпті. Сонымен, «барлық жаманшылық осымен кетсін, мұның да бір қайыры бар шығар» деп отыр көлік иесі. Тіпті, көлікті өртеген жігіттерді де кешірдім дейді ол. Алайда енді жетіліп келе жатқан жастар әрбір әрекетін ойланып істесе, болашағын, ата-анасын ойласа, әркімнің жетегінде кетпесе деп алаңдайды.Шымкент қаласы