Түркістан облысында сал ауруына шалдыққан балаларды шенеуніктер туберкулезге қарсы диспансерге ауыстырмақ. Төле би ауданындағы науқас балаларға көмек көрсетуге арналған мектеп-интернатты Кентау қаласына көшіріп, бұл орталықты тубдиспансерге айналдырмақшы екен, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Бұған денсаулығы дімкәс балалардың ата-аналары мен мекеме ұжымы қарсы. Олар мектеп-интернатты сақтап қалу үшін құзырлы орындарға хат жолдады. Төле би ауданындағы бұл мектеп-интернаттың жұмыс істеп тұрғанына 30 жылдан асқан. Сал ауруына шалдығып өздігінен жүріп тұра алмайтын жеткіншектер бұл жерде жатып оқиды. Енді осы ауыр дертке шалдыққан балалардың сауатын ашатын орталықты 300 шақырым қашықтағы Кентауға көшірмекші. Бұған ата-аналар үзілді-кесілді қарсы."Айдаладағы экологиясы нашар, жан-жағына зауыт салынған, ылғалды қалаға көшірмекші. Өзі жарымжан балалар Туберкулез орталығына баратын болса, бұл мазақ қой. Шындығын айтқанда, бір укол салып өлтіре салсын", - деді Айгүл Сатыбалдиева.Осында білім алып жүрген 64 науқас оқушыға қолдан жасалған қастандық деген ата-аналарға мектеп-интернаттың ұжымы да қосылады. Мұғалімдерге жиналыс жасаған интернат басшысы орталықтың көшетіні туралы қаулы шыққанын айтып, өздеріңе жұмыс іздеңдер деген. Содан бері бірнеше ұстаз жұмыстан да кетіпті.
"Тәрбиешілер, мұғалімдер жалпы мекемедегі барлық қызметкерлер әбден төселген мамандар. Кем дегенде бәрінің еңбек өтілі 10 жылдан жоғары. Енді бұл балалар Кентауға барса, осындай машықтанған мамандар бар ма ол жақта? Ол балалардың жағдайы қалай болады? Білмеймін, бұл мекеме о баста осы балаларға арналып құрылғандықтан, балалардың осы жерде қалғаны, өздеріңіз естігендей, ата-аналарға да, жалпы осы төңіректегі ауыл тұрғындарына да жақсы", - деді мұғалім Айғаным Сейітов.Ал мекеме басшылығы Кентауға көшіру туралы жоспар облыс шенеуніктерінің тарапынан болған дейді. Түркістан облыстық жұмыспен қамту басқармасының басшысы келіп талқылапты. Бірақ ұжым мен ата-аналардың қарсылығынан кейін көшті тоқтата тұрған.
"Жоспармен Кентау қаласына көшіру тұғын. Енді кешегі нақты шешім шықпағандықтан Кентау қаласына көшірілмейді. Жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз. Әзірге жабылмайды", - деді №4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ләззат Есназарова.Алайда бұл нақты шешім емес екенін басшының өзі айтады. Егер балалар саны азайса, орталық көшуі не жабылып тынуы мүмкін. Сондықтан ұжым қызметкерлері қайтсек те мектеп-интернатты сақтап қаламыз деп құзырлы орындардың бәріне хат жолдамақшы.