Индонезиядан келген Димаштың тыңдарманы қолдан жасалған ұлттық киімін ұсынды. Бойжеткен оны жасауға Қазақстанның бірегей мәдениеті шабыт бергенін айтты. Индонезиялық Dimash Indonesian Dears фан-клубының мүшесі Кики Чан ұзақ уақыт бойы қызық хобби-косплеймен айналысады. Ол өз қолымен компьютерлік ойындардың, кинотеатрдың, әдебиеттің, комикстердің, аниме немесе манганың сүйікті кейіпкерлерінің костюмдерін тігеді. Өз кезегінде Кики қазақтың ұлттық костюмін тігу идеясы қалай туғанын айтып берді. «Димаш әрқашан туған елінің мәдениетіне үлкен сүйіспеншілікпен қарайды. Бұл менің де қазақ еліне деген қызығушылығымды оятты. Осы ретте мен дәстүрлі қазақ костюмін киіп көруді, қандай да бір ұлттық музыкалық аспабын ойнап көруді ойладым. Қазақстанның сұлулығы менің жүрегімді және бүкіл әлемдегі барлық Dears-тің жүрегін жаулап алды, – деді Кики Чан. Ол қазақтың ұлттық костюмін тігіп шығу үшін оған қажетті деген түрлі материалдарды іздеген. Әсіресе, қазақтың Туы бейнеленген плащтағы қазақ қызының бейнесін, Қазақстанның суық және қарлы климатын бейнелейтін үлпілдек ақ теріні таңдаған. – Жалауды моншақтармен мұқият кестеледім. Енді мен дайын мантияны үлкен құрметпен киемін. Өйткені Ту – елдің символы. Мен Индонезия мен Қазақстан арасындағы достықты білдіре отырып, қазақ мәдениетін елестете алатынымды мақтан тұтамын. Сондықтан осы костюмді тігуді қолға алғаныма өте қуаныштымын, – деді Кики Чан.
Әбілмансұр ЖАСАН