Жаңа Қазақстан. Білім
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде маман тапшылығы байқалатын және көп сұранысқа ие техникалық мамандықтар, соның ішінде инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын тәрбиелеу қажет екенін баса айтқан еді. Осы орайда білім беру саласына қандай реформа керек? Сарапшылар бұған не дейді?
Рахман АЛШАНОВ,
Қазақстан жоғары оқу орындары
қауымдастығының президенті:
– Білім саласы реформадан шаршады. Жүйені қайта-қайта өзгерту қиянат келтірумен бірдей. Білім берудің негізі бастауыш мектептен басталады. Ал біз мектепте балаларға робототехника мен астрономияны жаппай оқытып жатырмыз. Кейін сол оқушылар белгілі бір салаға ғана барады. Олардың бәрінен бірдей ғарышкер, бәрінен бірдей робототехник шықпайды. Қазір керісінше кәсіпорындар мен төменгі жақтағы техникалық мамандарға қажеттілік басым. Бір ғана астанаға 500 автобус жүргізушісі жетіспейді екен. Сондықтан білім саласында жүргізіліп жатқан реформа – «қажеттілікке бет бұру».
Бұрыннан қалыптасқан геология, металлургия салалары бойынша әлем елдері арасында алдамыз. Ал енді өндіруші салаларда маман тапшы. Шикізат бүгін бар болғанымен, ертең таусылады. Сондықтан жаңа технологияларды енгізе отырып, жаңа кәсіпорындар ашуға маман керек. Нақты қандай мамандықтардың қажет екенін ешкім тап басып айта алмайды. Өйткені бүгін дайындаған маман ертең керек болмай қалуы әбден мүмкін. Мысалы, Америкадағы 5 мың университет әрбір кәсіпорыннан ғылыми-зерттеу институттарын ашқан. Енді біздің ел бәсекеге түсе алатындай қай саланы дамыту керек? Жеңіл өнеркәсіпте көш бастап Қытай мен Түркия тұр, ал автомобильден – Германия мен Жапония. Сондықтан бұл мәселені тағы бір таразылап, қолымыздан не келетінін жан-жақты ойлайтын уақыт келді. Жыл сайын сырттан 30 млрд теңгеге тауар алдырады екенбіз. Сол әкелетін құрал-жабдықтарды өзіміз де жасай аламыз. Соған байланысты маман дайындауымыз керек. Машина жасауға мың грант бөлсек, ертең сол мың маманды жұмыспен қамти алуымыз тиіс. Айта кету керек, металлургия саласында бұрыннан қалыптасқан мамандар бар. Оларға жыл сайын 25 маман ғана керек. Ал біз 250-350 маман дайындап жатырмыз. Оқу бітіргеннен кейін сол мамандар не істейді? Қазір АЭС саламыз деп отырмыз. Бір кезде бұл салаға да маман дайындағанбыз, бірақ жұмыс орны болмағандықтан, сол мамандар далада қалып қойды. Сондықтан жастарымызды қалыптасқан тәжірибесі бар жоғары оқу орындарына жіберіп оқыту қай жағынан алып қарасақ та тиімді. Осы орайда «Неге өз елімізде оқытпасқа?» деген заңды сауал туындайды. Өйткені АЭС-қа 50 инженер керек екен деп бізге жаңа оқу орнын ашу тиімсіз. Біріншіден, оқуға қажет база жоқ. Екіншіден, ұзақ уақытты талап етеді. Сол себепті жаңа Қазақстанға жаңа өнеркәсіп пен сапалы маман қажет.
Нұрмұхаммед ДОСЫБАЕВ,
Astana Garden School мектебінің
негізін қалаушы:
– Білім саласындағы реформа бәсекеге қабілетті, еркін азаматтарды тәрбиелеп шығу үшін қажет. Ол үшін ең бірінші біз оқытып жатқан азаматтар еркін ойлы, саналы болуы тиіс. Екіншіден, бұл азаматтар әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуы керек. Ол үшін жастардың бойында экономикалық сұранысқа сай дағдылары болғаны жөн. Үшіншіден, ауызбіршілігі мол мемлекет қалыптастыру үшін біртұтастық қажет. Еліміздің әрбір азаматын біріктіретін бір мүдде болуы керек. Осы үш мақсатқа қол жеткізуге не қажет? Әділ басқарылатын, дұрыс қадағаланатын және жақсы қаржыландырылатын жүйе қажет. Яғни, сапалы менеджмент керек. Білім жүйесін реттейтін нормалар мен заңдар, оқу бағдарламалары заманауи талаптарды қамтамасыз етсе. Білім жүйесіне дін мен саясат әсер етпеуі тиіс. Дәл қазіргі жүйе зайырлық қағидаты бойынша жұмыс істегендіктен, діннен алыс. Бірақ саясаттан алыс емес. Себебі мектеп директорлары мен университет ректорларын тікелей билік тағайындайды. Салдарынан мұғалімдер үй аралап, сайлау бюллетеньдерін толтыруға мәжбүр болды. Жаңа Қазақстанда еркін ойлы азаматтарды қалыптастырамыз десек, мектеп директорлары мен мұғалімдері қоғамға бағыну керек. Сондай-ақ мемлекеттің білім беруді өзі басқарып, өзі қадағалағаны қате. Қадағалаушы орган тәуелсіз болғаны жөн. Ұлыбритания, АҚШ сияқты дамыған елдерде мұндай мекеме қоғамға тәуелді. Мектеп әлеуметтік функция атқарып отырғандықтан, қоғамның ықпалында болуы заңды құбылыс. Қоғам тарапынан қамқоршылар сайланып, ақысыз, заң алдындағы жауапкершілігін ескере отыра әлеуметтік мекемелерді басқару функциясын атқаруға атсалысса екен.
Қандай елді алып қарасақ та, білім мен ғылым мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Ал бюджеттің күші жетпеген елдерде жеке инвесторлар мен қоғам көмек бере бастайды. Сондықтан Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін қаржы аяудың қажеті жоқ. Білім саласына бөлінетін жалпы ішкі өнімнің 3-4 пайызын 7-8 пайызға жеткізу керек. Соның нәтижесінде инфрақұрылымдық мәселелерді шешеміз. 1991 жылы елімізде 8 600 мектеп болған болса, қазір 7 500 мектеп бар. 30 жылдың ішінде мектеп саны 1 100-ге азайған. Бірақ үш ауысымды мектептер мәселесі шешілген жоқ. Инфрақұрылым жетіспеушілігінен Қазақстанның әрбір екінші баласы зардап шегіп отыр. Сондықтан білім саласын қаржыландыру – кезек күтпейтін мәселе.
Дайындаған Көктем ҚАРҚЫН