Қазақ итті жеті қазынаның қатарына қосқан. Адамның күнделікті өмірде итті қажетсіну мәселесі күн тәртібіне қойылғанда төртаяқтыға көрсетілер құрмет те, обал-сауап та кейінгі орынға сырғыды. Керісінше, бұқара биліктен көше кезген қаңғыбас иттердің көзін жоюды талап ете бастады. Ал ортақ тәртіп пен арнаулы заңның болмауы бұл істегі «бармақ басты, көз қыстыға» жол ашқан.
«Қанды» күреске – қыруар қаражат
Өткен аптада әлеуметтік желіде қызу талқыланған Тараздағы Персик атты иттің өлімі біздің елдегі қаңғыбас жануарлармен күрестің күңгей тұсын әшкереледі. Ветеринарлық қызмет өкілдерінің төртаяқтыны аяусыз өлтіруі жануарлардың құқығы дегенде өре түрегелетін қоғам белсенділерінен бұрын тіршілік атаулының обал-сауабын ойлайтын көпшілікті де бейжай қалдырмады. Ең қызығы, біздегі бұл бағыттағы жұмыстың түпкі мәні мейлінше көп жануарды өлтіруге бағытталған сияқты. Сондықтан да болса керек, көше кезген иттер мен мысықтарға қарсы «майдан» ашқандар өз мақсатына жету үшін кез келген әдіс-тәсілді қолдана береді. Демек, мұнда әлгі әдіс-тәсілдердің іске татымдылығы мен қаңғыбас жануардың құқығын қорғайтын заң нормалары назардан тыс қалады. Қаңғыбас жануарлардың көзін түбегейлі жоюға кіріскендерге өз құрбандарын көшеде, қоғамдық орында, тіпті үйдің ауласында ұстап алып, аяусыз өлтіре салу түкке тұрмайды. Тіпті, қолға түскен «олжаның» қаңғыбас немесе үй жануары екеніне көз жеткізуге де ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Алайда бұл күреске қаржы қазынадан бөлінетінін ескерсек, оның мақсатты һәм тиімді жұмсалғаны жөн. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев жергілікті әкімдіктер қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға 150 миллион теңгеге дейін қаржы қарастырып келгенін айтқан. Бұл дегеніңіз – республика бойынша 1 миллиард теңгеге жуық қаражат қаңғыбас жануарлармен аяусыз күреске жұмсалып келгенін көрсетеді. Десе де, оның нәтижесі көңіл көншітпейді.Заң бар, тәртіп жоқ
«Inucobo жануарларды қорғау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Лилия Сәрсенова иесіз жануарларды бейберекет жою оңтайлы әдіс емес екенін айтады. – Осы уақытқа дейін Қазақстанда қаңғыбас жануарлардың көзін жою әдісі қолданылып келді. Одан көше кезетін төртаяқтылардың саны азаймады. Есесіне тиімсіз әдіске жұмсалған бюджет қаржысы желге ұшты. Жалпы, әлем елдері бұл мәселені ізгі әрі тиімді жолмен шешуге көшкен. Атап айтқанда, қаңғыбас жануарларға екпе салып, залалсыздандырып, өз «ортасына» қайта жіберу тәжірибесі қолданылады, – дейді Лилия Сәрсенова. Шынында, қаңғыбас иттермен күресте дәл қазіргі сәтте бізге жетпей тұрғаны осы ізгі (гуманды) тәсілдер болып тұр. Әйтпесе, көшеде жүрген «кезбелерді» нысанасына алатындар Конституциядан бастап, Азаматтық кодекс, «Ветеринария туралы» заң сияқты құқықтық құжаттардағы талаптарды аяққа таптап жүр. – Қаңғыбас жануарлармен күресудің ережесін әр облыс өз қалауынша түзген. Бірақ олар жануарлар құқығын қорғау жайында айтылған заңнамаларға қарсы келеді. Мәселен, кей ережеге сай қаңғыбас жануарлардың көзін 3 күн ішінде жоюға болады делінген. Алайда ол ережеде қаңғыбас жануар ұғымы нақтыланбаған. Ал Азаматтық кодекстің 124-бабына сай көшеден табылған немесе ауланған үй жануарын иесіне қайтарып беру керек. Заңға сай, оның иесін 2 айға дейін іздеуде болады, – дейді Л.Сәрсенова. Ал бізде 2 ай тұрмақ көзге түскен жануарды сол сәтте аяусыз өлтіріп кету фактісі азаймай тұр. «Inucobo жануарларды қорғау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Тараздағы Персиктен бөлек жыл басынан бері ветеринарлық қызмет өкілдері асыранды иттерді өлтірген бірнеше фактісін мысал етті. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында жеке үйдің ауласында, тұмылдырық кигізілген төбеттердің де қаны төгілген. Мұндағы екі жағдайда қожайындары өз иттерінің асылтұқымды екенін құжатпен дәлелдеп, қаскөйлердің үстінен қылмыстық іс қозғатыпты. Бұл көпшілікке, қоғамдық ұйым өкілдеріне белгілі болғандары ғана. Жоғарыда келтірілген фактілер қаңғыбас жануарларды күресумен айналысатын ұйымдардың санға басымдық беретінін айғақтайды. Сондықтан көзге түскен ит-мысықтың иесі бар-жоғы расталмай, құрбандыққа шалынып кете барады. Иесіз екені дәлелденгеннің өзінде тіршілік иесіне аяусыздық танытып, көптің көзінше өлтіретіндердің әрекетін ақтауға болмайды. Бұл орайда мамандар қаңғыбас жануарларды аулаудың басты шарты оларға зақым келтірмеу екенін алға тартады. – Негізінен, қаңғыбас иттердің 90 пайызын арнаулы құрал-жабдықсыз-ақ аулауға болады. Ал бізде аулау кезінде рұқсат етілмеген түрлі құрал қолданып жатады. Өзіміз қамқорлыққа алатын иттерді қолға түсіруде мейлінше оларға ешқандай құралсыз жақындап, асықпай аулаймыз, – дейді «Я живой» қоғамдық қорының құрылтайшысы Елизавета Липисей. Иесіз жануарларға қамқорлық жасауға үндеп келе жатқан маман «Жануарларға жауапкершілікке қарау туралы» заңның күшіне енуі салаға серпін әкелетініне сенімді. Оның бұл ойын әріптесі, «Inucobo жануарларды қорғау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Лилия Сәрсенова да құптайды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіндегілердің мәліметінше, 2 наурызда күшіне енетін заңда қаңғыбас жануарлармен күресудің барлық алгоритмі толық жазылған. Мәселен, заңның 24-бабына сай жануарларды аулауда олар зиян келтірмейтін тәсілдер мен құралдарды қолдану рұқсат етілген. Ал олардың көзін жою қажеттілігі туындағанда өлім алдындағы азапты болғызбайтын әдістерге иек арту құпталады. Бір сөзбен айтқанда, қаңғыбас жануарлардың көзін жоюда мейлінше ізгілікке негізделген әдіс-тәсілдер кәдеге жарағалы тұр. Бастысы, сол қағиданы бұл күреске жұмылдырылған мамандар қатаң сақтаса болғаны.Тиімді тәжірибелер
Жалпы, әлем елдерінде де қаңғыбас жануарлармен күрестің кейбір әдіс-тәсілі еріксіз ойландырады. Атап айтқанда, Дүниежүзілік жануарларды қорғау қоғамы ауланған жануардың иесі табылмаса, белгілі бір уақыттан соң оны құрбандыққа шалуды құптайды. Олар сол арқылы иесіз жануарды үйреншікті ортасына түсіп, өмір үшін күрес кезіндегі аяусыз өлімнен сақтайтынына сенімді. Әлем елдерінің тәжірибесінде қаңғыбас жануарлармен күрестегі Чехияның әдісі ең оңтайлы саналады. Бұл елде иесіз қалған жануарды көргендер полиция шақырады. Тәртіп сақшылары төртаяқтының чипі немесе денесіндегі өзге белгілер арқылы иесін іздеуге кіріседі. Егер әлгі жануардың иесі табылмаса, оған полицияның сайтына суретін жариялау арқылы жаңа қожайын іздестіріледі. Немесе ол өмірінің соңына дейін қаңғыбас жануарларға арналған мекеменің қамқорлығына өтеді. Нидерланд қазір әлемдегі қаңғыбас жануары жоқ жалғыз ел. Бұл атаққа ел билігі жануарларға құқықтық мәртебе беру, оларды асырауға түрлі салық салу арқылы қол жеткізген. Мұнда үй жануарларына қатыгездік танытқандар қатаң жазаға тартылады. Сол секілді Люксембургте үй жануарын аяусыз қинағандар 227 мың доллар айыппұл төлейді. Италияда үй жануарын көшеге қуғандар 1 жыл шартты жазаға тартылуы мүмкін. Үй жануарынан бас тартқандарға Германияда 25 мың еуро, Аустрияда 15 мың долларға дейін айыппұл салынады. Швеция мен Норвегия, Германия, Қытай сияқты елдердің тәжірибесінде керісінше үй жануарын асыруға ниеттенгендерге салық салу тәртібі қарастырылған. Ірі көлемдегі салық төлеу арқылы аталған елдің азаматтары өз «ниетінің» дұрыстығын дәлелдейді. Салық көлемі иттің дене тұрқына байланысты әртүрлі болып келеді. Осы орайда бізге де қаңғыбас, иесіз иттерге қамқорлықпен, ізгілікпен қараудың құқықтық тетігін қарастырмай болмайды. Ал бұл істегі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның қауқары уақыт өте дәлелденер.