Жанармай бағасы өспейді деп еді...
Жанармай бағасы өспейді деп еді...
© коллаж: Әсел Балтақызы
«Қаңтар оқиғасы» о баста газ бағасының екі есеге көтерілуіне байланысты тұтанып, кейін ол саяси талаптарға ұласқаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде қалың бұқараның талабына орай Үкіметті жедел отставкаға жіберіп, атқарушы билікке газдан бөлек жанар-жағармай бағасын реттеуді тапсырды. Сондай-ақ комму­налдық қызметтер тарифін алты ай бойы бірқалыпта ұстап тұруға шешім шығарды. Мемлекет басшысының осы әрекеті халықтың көңілін жайландырды, ереуіл­шілердің дені тарқап кетті. Бірақ, міне 1 айдан соң бірқатар өңірде жанар-жағармай құны тағы өсті. Енді мұны қалай түсінуге болады?! Бұл жұрттың ашуы басыл­ғанша, «баға өспейді» деп алдарқата тұрудың амалы ма, әлде бизнес субъектілерінің баға бойынша өзара астыртын сөз байласуы болды ма? Естеріңізде болса, Президент тапсырмасынан кейін Энергетика министрлігі жыл басында мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің 180 күнге арналған шекті бағасын бекітті: Аи-80 маркілі жанармай­дың бір литрі үшін – 89, Аи-92 маркілі жанармай­дың бір литрі үшін – 182, Аи-93 маркілі жанар­май­дың бір литр үшін – 182, Аи-95 маркілі жанармайдың бір литр үшін – 215; ди­зель оты­нының бір литр үшін (жаз­ғы, маусымаралық) Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақ­стан, Солтүстік Қазақ­стан, Қоста­най облыстарында – 260, Нұр-Сұл­тан, Алматы, Шым­кент, Түр­кіс­тан қалалары мен Ал­маты, Аты­­рау, Жамбыл, Қарағанды, Қы­зылорда, Павлодар, Түр­кіс­тан облыстарын­да – 230 теңге. Одан бөлек, Павлодар облы­сында мемлекеттік мекеме мен бөл­шек саудалаушылар арасында АИ-92 маркілі жанармайдың литрін 250 теңгеден жеткізіп беру бойын­ша мемлекеттік сатып алу жөнінде келісімшарт бекітілген екен, бірақ мұнай өнімдеріне шекті баға қо­йы­луы себепті екі тарап бұл шарт­тан бөлек жанармай құнын 182 тең­геге дейін төмендету жөнінде қо­сым­ша келісім жасауға мәжбүр бол­ды. Осындай қосымша келі­сім Түр­кістан облысында да жасалынды.

Айыптылар айыппұл арқалады

Осыған байланысты кәсіп­кер­лік субъектілер мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және бөлшек саудада сату саласындағы заңнама талаптарын сақтауы және жанар-жағармайды белгіленген шектен асыра бағалауға жол бер­меуі тиіс. Ал бөлшек саудада сұйық отынды шекті бағасынан асырып сататындар үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Оны қадағалау Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияны реттеу жө­ніндегі комитетіне жүктелген. «Бөлшек саудада жанар-жа­ғар­май сататын кәсіпкерлік субъек­тілер мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруге және өткізуге қатысты заң нормаларын қатаң сақтап, оның бағасын шекті мөл­шерден асырмауы тиіс. Ал тұты­нушылар отын бағасы қымбат­та­ғанын байқаса, Энергетика ми­нистрлігіне және Табиғи моно­полияны реттеу жөніндегі коми­теттің аумақтық департаменттеріне шағымдана алады» ,– дейді Табиғи монополияны реттеу жөніндегі комитеттің төрағасы Асан Дарбаев. Өңірлерде мұндай фактілер анықталды, айыптыларға шара қол­данылды. Мысалы, Нұр-Сұл­тан қаласы мен Қарағанды облы­сында мұнай өнімдерін бөлшек саудада шекті құнынан өсіріп сат­қандарға қатысты әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы 5 хаттама толтырылды. Атап айтсақ, Қара­ғанды қаласының Ермеков көшесі, 94/3 мекенжайында орналасқан «Қарағанды терминал Мұнай» ЖШС-ның май құю стансасы дизель отынының (жазғы) бағасын литріне 230 теңгеден 275 теңгеге дейін шекті бағасынан асырып сатқан. Ол бойынша Табиғи моно­полияға қарсы комитеттің облыс­тық департаменті «Қарағанды Тер­­минал Мұнай» ЖШС-на қа­тысты «Әкімшілік құқықбұзушы­лық туралы» кодекстің 171-ба­бы­ның 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғап, тергеу материалдарын қа­лалық мамандандырылған аудан­аралық соттың қарауына жіберді. Егер алдағы уақытта кәсіп­орындар әкімшілік жазадан кейін бір жыл ішінде тағы заң бұзса, оларға құқықбұзушылық нәтиже­сінде тапқан табысының 100% кө­лемінде айыппұл салынатын бо­лады. Бұл жағдайда бизнес ны­сандарының жұмысы уақытша тоқ­татылуы немесе аккредита­ция­лық куәліктен айырылуы ықтимал. Мәжіліс депутаты А.Линник кәсіпкерлік субъектілерінің жа­нар-жағармайдың бөлшек сауда­дағы бағасын 180 күн бойы шекті мөлшерде ұстап тұрудың қиынды­ғын айтып, оның түйткілді тұсын көрсетіп берді. Ол нарыққа қаты­сушылардың әртүрлі бәсекелестік жағдайда болуы бағаның өсуіне түрткі болатынын ескертті. «Өйткені Энергетика ми­нистр­лігі баға құрауды Petro Retail ЖШС АҚС-ның (бұрынғы «Қаз­МұнайГаз өнімдері» стансасы же­лісі) бөлшек саудадағы бағасына қарап белгілейді. Petro Retail болса, отынды негізгі ресурс ұстаушыдан тікелей алады. Ал шағын және орта бизнес нысандарының мұндай мүм­кіндігі жоқ, олар мұнай өнім­дерін ресурс ұстаушыдан тікелей емес, көтерме нарықтағы делдал­дардан, ұсақ өндірушілерден үстеме бағамен сатып алуға мәж­бүр. Бұл екі бағаның айырмасы үлкен және ол бөлшек саудадағы сату бағасына әсер ететіні түсі­нікті», – деді депутат.

Жосықсыз бәсекелестік жарға жығады

Ішкі нарықта саудаланатын жанар-жағармай негізінен жоғары жақта қолдаушы-қорғаушысы бар ірі компанияларға бұйырады да, ұсақ саудагерлердің олардан қал­ған қалдық өнімді місе тұтуына тура келеді. Кейде тіпті шағын бизнес нысандарына жанармай мен дизель отыны мүлдем жетпей қалуы мүмкін. Сөйтіп, нарықта теңсіз жағ­дайдағы субъектілер банкротқа ұшырайды. Ал Энер­гетика ми­нистр­лігінің мұнай өңдеу зауыт­тары өз өнімдерін бөлшек сауда­дағы субъектілердің барлы­ғына бірдей Petrosun ЖШС-ында бекі­тілген бағамен және аралық дел­дал­сыз тікелей бөлуі тиіс деген ше­шімін қазір құлағына іліп жат­қан ешкім жоқ. Сондай-ақ GasEnergy, Qazaq Oil, Sinooil, «ҚазМұнайГаз» сияқты емес, көптеген шағын бизнес субъек­тісінің сұйық отынға шексіз кө­лемде және емін-еркін қол жет­кізу мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне, қолдан жасалған түрлі кедергі ұсақ саудалаушыларды жанар-жағар­майды өз бағасына, кейде тіпті шығынмен сатуға мәжбүрлейді. Сөйтіп, монополистер және мұнай өңдеуші зауыттар мен автоқұю стансасы арасындағы делдалдар бағаны қымбаттатып, шағын және орта бизнесті тығырыққа тіреп отыр. Әсіресе, мұнай өнімдерінің көтерме нарығындағы ең ірі жаб­дықтаушы «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ бәсекелестік заңдылықтарын бел­шесінен басқан. Осының сал­да­рынан шағын және орта бизнес субъектілері ірі жабдықтаушымен өздеріне тиімсіз шарт жасасуға мәж­бүр. ШОБ алатын тауары үшін 4 күннің ішінде 100% алдын ала төлем төлеуге міндеттелген. Ал ірі ресурс өндірушілердің жауапкер­шілігі, керісінше жеңілдетілген: олар ақшасы төленіп қойған өнімді бір айдың ішінде тауып берсе бол­ды, бұл үшін монополиске айып тағылмайды. Ірі ресурс өн­діру­шілер бұл шарттың өзін әркез орындай бермейді. Ал әр күні ақ­шамен есептелетін бизнес әле­мінде тауардың уақытылы жеткі­зіл­меуі жеке кәсіпкерлердің жұмы­сын тұралатып, шаш етектен шы­ғынға батырып тұр. Осы келеңсіздіктердің алдын алу үшін Мәжіліс депутаты А.Лин­ник мынадай ұсыныс айтты: «Бөлшек сауда жасаушыларға қажетті мұнай өнімінің кем дегенде 50% ешқандай делдалсыз тікелей бөлінуі тиіс немесе көтерме бағаға мемлекеттік реттеуді енгізу қажет. Сондай-ақ «Қазақстан Респуб­ли­касындағы жер қойнауын пайда­ланудың бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесі» интеграцияланған ақпараттық жүйесі базасында мұнай өнімдерін таратуды цифр­ландыру процедурасын жеделдету керек», – дейді ол. Жанармай мен дизель отынынан басқа бірді-екілі өңірде автогаз бағасының өсу фактілері де тіркел­ген. Мәселен, Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту агенттігінің Аты­рау облысы бойынша департаменті үстем жағдайды теріс пайдалану, жоғары баға белгілеу белгілері бо­йынша «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС ұйымына қа­тысты тексеруді қолға алды. Одан бөлек, облыстық Экономикалық тергеу департаменті аталған газ желісі ұйымының қызметіне тергеу жүргізді. Оның барысында серік­тестік 2019-2021 жылдар аралы­ғында өз өніміне монополиялық жоғары баға белгілегені анық­талды. Осыған орай Экономикалық тергеу департаменті «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС үстінен қылмыстық іс қозғап, ком­панияның әкімшілік құқықбұзу­шылық кезінде тапқан табысын толықтай мемлекет бюджетіне ау­дару қамына кірісті.

Біртұтас ЕАЭО нарығы құрылса қиын-ау

Жалпы, Қазақстанда был­тыр­ғы күзден бері жарты жылдың ішінде жанар-жағармай бағасы бес рет өсті. Бұл – жылда қай­та­ланатын проб­лема. Экономист Марат Қа­йыр­ленов оның бірқа­тар себебін санамалай келіп, былай дейді: – Әдетте ол Ресейдегі баға Қа­зақ­станға қарағанда 40-50 пайыз қым­бат болғандықтан, біздің жа­нар-жағармайдың терістікке есеп­сіз ағып кетуіне байланысты тү­сін­ді­ріледі. Бірақ отын тапшы кезде не­месе егістік науқаны уағында жа­нар-жағармайды импортқа шы­ғаруға шектеу қойса болды, аталған проблема шешіліп жатыр емес пе?! Сондықтан жанар-жағармайдың кеденнен заңсыз өтуіне бақылау қойып, оның ішкі нарықтағы баға­сын реттеуге ерекше мән беру қа­жет, – деді экономист. Осы жерде бір мәселені еске сала кеткен жөн: 2025 жылы, енді үш жылдан кейін ЕАЭО аясында біртұтас мұнай және мұнай өнім­дерінің нарығы құрылады. Сол уа­­қытта Қазақстандағы баға Ре­сей­мен теңеседі. Міне, нақ сол кез­де нағыз қымбатшылыққа, ги­перинфляцияға ұрынамыз ба деген қауіп бар. Сондай-ақ Энергетика ми­нистрлігі жанармай бағасын мем­лекет реттемейді, барша әлемдегі сияқты нарық реттейді деген уәжді алға тартады. Бірақ барша әлемде мұ­най қымбаттағанда жанармай да қым­баттап, мұнай арзандаған­да – жанармай арзандайды, ал бізде мұнай ар­зандаса да, жанармай тоқтаусыз қым­баттай береді. Яғни, бар проб­лема әлемдік үрдісте емес, мем­лекеттік басқару механизм­­дерінің тиімділігінде, антимо­но­полия қыз­метінің нашарлығында болса керек.