Қазақ журналистикасының қара нары
Қазақ журналистикасының қара нары
516
оқылды
Қазақ «Жақсымен жолдас болсаң, жетесің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаласың ұятқа» дейді. Ғылым жолындағы тәжірибеме сай: «Зерттеу тақырыбың өзекті де ұлтқа керекті болса, жақсылармен танысып, дастарқандас боласың!» деген сөзді айтқым келеді. Тақырып тұрғысында Аллаға сансыз шү­кірлік етсем де, аз болмайды. Өйткені Алаш және Мұстафа Шоқай сияқты ұлттық, тәрбиелік, тарихи маңызы аса зор тақырыпты зерттеу пешенеме жазылған екен. Осы тақы­рыпты зерттеу барысында Түркия, Қазақстан, Өзбекстан және Еуропаның бірсыпыра елінде жаны жайсаң, көкірегі ояу біраз ғалыммен, өнер және мемлекет қайраткерімен таныстым. Әңгімелестім, тіпті дос та болып кеттім.  «Алаш», «Мұстафа Шоқай», «Яш Түркістан» деп жүргенде танысқан ғалым ағаларымның бірі – Намазалы Омашұлы. Намазалы ағаға қатысты мына бір дүниені ерекше атап өткім келеді. Ғалымдарды өмірлік тәжірибесіне байланысты екіге бөліп қарауға болады. Бірқатар ғалым университетті бітіре салып магистрант, докторант болып, бірден ғылым жолына бет бұрады. Керісінше, кей­біреулер универсиетті бітіргеннен кейін тікелей ғылым жолына түспей, басқа салаларда жұмыс істеп, ғылымға кейінірек оралады. Осы екін­шілер ғылым жолында зерттеу жасауда, шәкірт тәрбиелеуде біріншіге қарағанда көбірек табысты болады екен. Жастайымнан оқудан бөлек, сауда-саттыққа, қоғамдық ұйымдарға, журналистикаға араластым. Сөйтіп жүріп, ғылымға кештеу келдім. Магистратураға түскенде 34 жаста екенмін. Қазір Түркияда бір шәкірт 22 жасында жоғары оқу орнын тамамдап, 5-6 жылда магистрант және докторант бағ­дарламаларын аяқтап, 28 жасқа толмай, доктор атануына болады. Егер өзім де 41 жаста емес, осылай 28 жаста Мұстафа Шоқай туралы докторлық диссертациямды жазып шыққанда, еңбегім бүгінгідей көпшіліктің ықы­ласына бөленіп, сәтті шықпас еді деп ойлаймын. Өйткені онда тек зерттеуге арқау болған де­ректік материалдар ғана емес, 36 жасқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, «Азаттық» радиосында істеп жүрген кездегі өмірлік тәжірибемнен түйген ойларым да жазылды. Журналистика саласындағы 45 жылдай еңбек еткен ғалым 500-ден астам ғылыми, пуб­лицистикалық мақала, отыздан аса кітап шы­ғарыпты. Намазалы Омашұлы әуелі еңбек жолын «Қазақ радиосынан» бастап, онда 3-4 жылдай жұмыс істеді. Бұл – үлкен тәжірибе. Оның бұл тәжірибесі кейінгі радиожур­налис­тикадағы ғылыми ізденістеріне шамшырақ болуы әбден ықтимал деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, ол радиожурналистиканың негіздерін көзді жұмып жаза салған жоқ. Еңбек майда­нында пісіп-жетіліп, өмірлік тәжірибесін қолдана отырып зерттеп шықты.
Түріктерде полктік және академиялық деген ұғым бар. Осман патшалығының соңғы дәуірінде, атап айтқанда, ХІХ ғасырда көп со­ғысты бастан өткізгендіктен, әскери академияда білім алып жетілген офицерлерінің саны кеми бастағанда, олардың орнын толтыру үшін полктің ішінде көзге түскен солдаттардың ара­сынан таланттыларын іріктеп, офицер қатарына қосады екен. Кейін олардың біріншісін – академиялық офицер, екіншісін полктік офицер деп атапты. Академиялық офицерлер соғыс теориясы бойынша, екіншісі практи­касында жақсы екен. Кейін бұл Түркияда әр салада қолданылатын атауға айналды. Мәселен, бір журналист журналистикада білім алып, осы салада қызмет етіп жүрсе – академиялық, ал журналистикаға ешқандай қатысы жоқ, халықаралық байланыстар немесе ағылшын тілі мен әдебиеті сияқты мамандықты бітіріп, кейін өз талантымен журналистикада жұмыс істеп жүрген біреу болса, полктік журналист деп атайды. Осы тұрғыдан Намазалы Омашұлын бағалайтын болсақ, ол радиожурналистиканың әрі полктен, әрі академиядан келген теоретигі һәм практигі деп атар едік. Бұл да екінің бірінде кездеспейтін ерекшелік.
Намазалы Омашұлы – журналистика саласының зерттеушісі. Мен – тарихшымын. Яғни, екі бөлек мамандықтың иесіміз. «Екеуміз қалай кезігіп, таныстық, қалай араластық?» деген сауал туындауы мүмкін. Біріншіден, бізді табыстырған – Мұстафа Шоқай тұлғасы және оның «Яш Түркістан» журналы. Намазалы Омашұлы Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы 20 жылда ешкімнің ойына келмеген немесе тісі батпаған Алаш қайраткерлерінің араб әліпбиімен шығарған журналдарын «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттеп, том-том жинақ қылып, көп­шіліктің назарына ұсынды. Оның жетек­шілігімен 2010-2011 жылдары «Алаш көсемсөзі» атты 10 томдық жарық көрді. Оның ішіне «Шолпан», «Сана», «Таң», «Абай», «Сарыарқа» жур­налындағы Алаш қайраткерлерінің мақала­лары мен «Жас Түркістан» журналы беттеріндегі Мұстафа Шоқайдың да мақалалары енді. Бұл аталған жарияланымның маңызы өте зор. Ол 2015-2017 жылдары «Еуропадағы қазақ эмиграциялық журналистикасы: тарихы, тәжірибесі, тағылымы» атты ғылыми-зерттеу жоба­сына жетекшілік етті. Онда «Жас Түр­кістан», «Милли адабият», «Милли Түркістан» сияқты қазақ эмиграциялық журналистикасын жан-жақты атамекенге таныстыру көзделген. Бұл тақырып мені Намазалы ағамен одан ары жақындата түсті. Екіншіден, өзім тарихшы болғаныммен, 1988-1995 жылдар арасында Германияның Мюнхен қаласында орналасқан «Азаттық» радиосының қазақ редакциясында қызмет істеген едім. Әрі Намазалы аға – менің әріптесім. Ол өзі де 2010-2011 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде іргетасын қалап ашқан Журна­листика және саясаттану факультетінде ғы­лыми-практикалық конференцияларда жүз­десуімізге және онда лекциялар оқуымызға түрткі болған еді. Журналистика саласында көп жыл жұмыс істеп, осы саланың бір адамы болғанымды мақтан тұтамын. Бұл маған ерекше ләззат сыйлайды. Оның бір себебі, Алаш қайраткерлері де публицистикадан алыс кеткен жоқ. Яғни, бұл саланың ұлттық тұрғыдан маңызы да жоғары. Мимар Синан көркемөнер университетінде­гі ұстазым, профессор Гүлчин ханым «Еуропада көп тәжірибе жинақтадың, бірнеше тілді меңгердің. Түркияда мықты тарихшы боласың» деген соң 1995 жылы Түркияға қайтып келдім. Магистратура, артынша докторантураға түстім. Бірақ іштей бір арманым бар еді. «Азаттықта» күнде екі мақала жазатын едік. Мұнда да радиохабар немесе мақала жазғым келеді. Ондай мақала жазуға радио жоқ, мүмкіншілік те жоқ. Бірақ қайткенде де жазып, іштегі шерді тарқату керек. Не жазсам деп ойлап жүріп, ақырында таптым. «Стамбұлда өткен ғылыми конференцияларға барайын. Соларды тың­дайын. Ғалымдар не айтты, қандай мәселе көтерді. Соларды жазып, көпшілікке хабар ретінде жеткізейін» деп шештім. Осындай шешімге келгеннен кейін өзімді «ғылыми журналист» деп атап, мақала жаза бастадым. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ. Электронды пош­тада түрлі ғылыми топ бар. Сондай топтарға мүше болдым. Бір электронды поштаға жібересіз, бір топтағы жүздеген-мыңдаған ға­лымның поштасына барып түседі. Конфе­ренцияда сөйлеген ғалымдардың да фотосын түсіріп, мәтін арасына қосып жіберіп отырдым. Бір күні Анкарадағы бір ғылыми жиналыста жүрсем, Татарстан, Ресей сияқты елдерден келген ғалымдар мойынға таққан қағаздан аты-жөнімді көріп, «О, Әбдіуақап Қара, сіз екенсіз ғой. Жазбаларыңыз күшті. Стамбұлдағы бүкіл ғылыми жиналыстарды сізден біліп отырамыз. Рақмет!» деді. Сөйтсем, ол жазбалар мені түркі әлеміне әйгілеп жіберген екен. Намазалы ағаны танып-білгенімді, дәмдес болғанымды, әңгімесін тыңдап, аралас-құраластығымды өзіме үлкен бақыт санаймын. Ағамызға мен ғана емес, бүкіл Еуропа қазақтары алғыс айтады. Өйткені оның мұрындық болуы­мен жарыққа шыққан «Қазақ эмиграциялық журналистикасы» жалпы алғанда, Еуропа қа­зақтарының мәдени мұрасы болып саналады. Жетпістің желкеніне келген ғалым, аса қадірлі Намазалы Омашұлы ағамызға мықты денсаулық, ұзақ өмір, зор шығармашылық тілеймін! Әрқашан алдымызда жүре беріңіз, аға!

Әбдіуақап ҚАРА, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Түркия