Екібастұзда кездейсоқ табылған «маугли төрт баланың» тағдыры қоғамды алаңдатып отыр. Өздігіне жүре алмайды, тіпті тілі де шықпаған. Үлкені 7 жаста, ең кішісі 3-те. Отбасы адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп келген. 3 күннен бері нәр татпаған балалар жедел ауруханаға жеткізіліпті. Қазір құзырлы орган өкілдері бұған қатысты тексеру жұмыстарын бастады. Ата-ана құқығынан айыруды көздеп отыр, – деп хабарлады Астана телеарнасы.
Төсектегі төрт баланың үшеуі өздігінен жүре алмайды. Тек 7 жастағы бала ғана сөйлейді, қалғандарының тілі шықпаған. Еріктілердің айтуынша, балалар адам көрсе шошитын халге түскен. Екеуінің аяғы бұралып өсіпті. Ал кішкентайдың қыздың іші үлкейіп кеткен.
"Біз пәтерге барған кезде балалар жалаңаш жүрді. Үсті-басы кір-қожалақ. Үйдің іші лас, барлық жерде нәжіс, зәрдің иісі шығып тұрды. Ұлдардың бірі құсып жүр. Кейін білдік, олар үш күннен бері тамақ та ішпеген. Үйде тіске басар ештеңе жоқ", – дейді ерікті Людмила Былинина.
Мұндайды еріктілер де күтпеген секілді. Адам шошырлық жағдайдағы балаларға жедел жәрдем шақыртқан. Балалардың жағдайын көрген дәрігерлер де бірден оларды анасымен бірге ауруханаға жатқызыпты.
"Төрт баланың үшеуінің өкпесі қабынған. Біреуі ковид екені анықталды. Жергілікті дәрігерлер оны тіркеуге алмаған. Осы дерек бойынша қызметтік тексеру басталды. Кінәлілер жауапқа тартылатын болады. Бір қызығы бұлар ешқандай медициналық ұйымға да тіркелмеген. Қазір анасымен бірге облыстық балалар ауруханасында жатыр. 4-уі де физикалық тұрғыдан дамымай қалған. Біз қазір бүлдіршіндерді толық тексеруден өткізудеміз", – дейді Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Бұратаева.
Ал ата-анасы жұмыссыз. Тек балаларының жәрдемақысына, яғни 49 мың теңгеге күн көріп келген. Ал тұрып жатқан баспананы сол қаражатқа жалдап отырған. Еріктілер олардың 1 жарым жасар бөлесінің де жағдайына алаңдаушылық білдіріп, құзырлыларға хабар берді. Анасы ішімдікке салынып, баласын суық үйде жалғыз қалдырып кетуді әдетке айналдырыпты.
"Екі баласынан ата-ана құқығынан айрылған. Қолында қазір 1 жарым жасар София деген қызы бар. Жолдасы Павлодар қаласында жұмыс істейді. Енесімен бірге Ақсу қаласында тұрып жатыр", – дейді Қалқаман кентінің әкімі Нұрбұлан Мұсабеков.
Әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын тудырған бұл мәселеге Екібастұз атқамінерлері араласты. Аймақ басшысы қарамағындағыларға шүйлігіп, оқиғаның себеп-салдарынан анықтауға тапсырма берді. Ал баласына дұрыс қарай алмағандарды ата-ана құқығынан айыру жағы қарастырылып жатыр.