Субсидия жыры
Субсидия жыры
456
оқылды
Жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет үш өңірде – Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы мен Маңғыстау облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының шенеуніктері ұсталғанын хабарлаған еді. Үш бірдей өңірден ұсталған шенеуніктерге қандай айып тағылып отыр? 

«Даудың басы...»

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиы­ры» демекші, Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызмет мамандары ашып айтпаса да, Шығыс Қазақстан облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы басшысы Владимир Гайламазянның қа­мауға алынуына субсидия мәселесінің әсер еткенін осы салада жүрген адамдар­дың көпшілігі біліп отырғаны анық. Дау неден шықты? Былтыр желтоқсан айының басында мал шаруашылығымен шұғылданатын бір топ кәсіпкерлер Өс­кемендегі облыстық Ауыл шаруашылы­ғы басқармасына келіп, өздеріне тиесілі 4 жарым миллиард теңге көлеміндегі суб­сидияға қол жеткізе алмай жүргеніне ша­ғымданды. Шағымданып қана қой­май, «ол фермерлердің мүддесін жеткі­лік­ті деңгейде қорғай алмай отыр» деп бас­қарма басшысы Владимир Гайлама­зян­ның жұмыстан кетуін де талап еткен еді. «Біз ойдан ештеңе шығарып отырған жоқпыз. Ауыл шаруашылығы министрі­нің 2019 жылғы 15 наурыздағы №108 бұй­рығымен бекітілген «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағи­дасы» бар. Сол қағиданың 4-тарауының (субсидияларды төлеу тәртібі) 17-тарма­ғында «Резервке (күту парағына) келіп түскен өтінімдер бойынша субсидия­ларды төлеу жергілікті атқарушы орган­ның (көрсетілетін қызметті берушінің) субсидиялау бағыттары бойынша субси­диялар көлемдері көрсетілген қаулысы негізінде келесі қаржы жылында қосым­ша бюджет қаражаты бөлінген кезде өтінімдердің келіп түскен күніне және уақытына сәйкес кезектілік бойынша жүзеге асырылады» деп жазылған. Сондықтан біз осы қағидаға сәйкес, суб­сидияны келесі жылы қосымша бөлінген қаражат есебінен ғана бере аламыз» деп түсіндірген болатын фермерлерге сол жиында В.Гайламазян. «Келесі жылы» деген сөзге қанағаттанбаған шаруалар мәселені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің алдына қойып, көмек сұраған еді. Аймақ басшысына хат жазғандардың бірі – Жарма ауданындағы «Шалабай» ЖШС директоры, қазақтың ақ бас тұқымының республикалық па­латасы кеңесінің төрағасы, облыстық мәс­лихаттың депутаты Қуаныш Сүлей­ме­нов. «Мен өз хатымда облыстық Ауыл ша­руашылығы басқармасының Үкімет­тен мал шаруашылығына бөлінген суб­сидияны беруден бас тартқанын, мәсе­лені шешуге ешқандай ынта білдірмей отырғанын жаздым. Субсидияға өтінім берген 2 200 фермердің артында қаншама адам тұрғанын айтып, басқарма басшы­сының жұмысына көңілімнің толмай­тынын жеткіздім», – дейді ол.

Шенеуніктер шиеленісі

Субсидия мәселесі талқыланған жиын­ға облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев та қатысып, 4,5 миллиард теңге субсидия жыл соңына дейін түсетінін, Ауыл шаруашылығы минис­трі­нің бірінші орынбасарымен сөйлес­кенін, бұл мәселені шешу үшін барын салып жатқанын айтып: «Әр мәселенің шешімі бар. «Заңды бұзуға болмайды» деп қол қусырып, қарап отыруға да болмайды. Бір шешімге келейік. Сіздер мұны жасай алмадыңыздар. Алайда мен бүгін шешім қабылдап, субсидия бөлу жөніндегі құжатқа қол қойдым» деп бір жағынан басқарма жұмысын сынға алып, екінші жағынан өзінің фермерлер жағын­да екенін байқатқандай болған еді. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасарының бұл айтқанына: «Субсидияны беру, бермеу жөніндегі шешімді облыс әкімінің өзі ғана қабылдай алады. Бағдарлама әкімшісі мен болғандықтан, Нұрбаев емес, ертең мен жауап беретін боламын. Егер қаржы игерілмесе, олар жауапты болмайды. Мені жұмыстан алады, әкімге де сұрау болады» деп өз уәжін айтқан еді сол кезде В.Гайламазян. Осы тұста Ержан Нұрбаев пен Влади­мир Гайламазянға қатысты бір жайтты айта кетелік. 2021 жылдың желтоқсан айы­ның басында (фермерлердің жиы­нына дейін) орыс тіліндегі республикалық ақпараттық сайттардың бірінде бұрынғы Ауыл шаруашылығы басқармасы  бас­шысының облыс әкіміне Ержан Нұрбаев туралы қызметтік хат жазғаны жайында материал жарық көрді. «Ол облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына же­текшілік еткенде Қазақстанға шетелден әкелінетін сүтті сиырларға берілетін суб­сидия көлемін ұлғайтуға көп күш салды. Бұлай істейтін жөні де бар. Себебі оның ұлы облыстағы ең ірі шаруа қожалық­тарының бірі «Рулиха» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады» делін­ген Даниал Ахметов атына жазған хатта. Ескерте кетейік, Ержан Нұрбаев В.Гайламазянның алдында басқарманы басқарған болатын. Содан не керек, былтырғы жылдың соңында заңға сүйеніп, субсидия беруден бас тартқан Гайламазянның айтқаны болмай, «субсидия бөлу жөнінде өзім шешім қабылдадым» деген Нұрбаевтың айтқаны болып, фермерлерге 4,6 мил­лиард теңге субсидия берілген-ді.  «Бұ­рынғы басшымыз В.Гайламазян бас­қарманың субсидия беру жөніндегі ше­шімін фермерлер дұрыс қабылдама­ған­дықтан, облыстық Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы департаментіне, облыстық прокуратураға, Қаржы министрлігіне хат жазды. Кейін Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің жиынында министрге осы жағдайды түсіндірді. Содан кейін ми­нистрлік Бас прокуратураға хат жазды. Сол хаттың негізінде былтыр өтінім бер­ген 2 124 фермерге (1 334 шаруашылық) Үкімет резервінен 4,6 миллиард теңге субсидия төленді. 872 миллион теңге әлі төленген жоқ. Биыл төленуі керек. Бюджеттік өтінімді Ауыл шаруашылығы министрлігіне бердік» деп түсіндірді об­лыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Ертай Қуанбаев. Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Р.Смағұловтың хатын да көрсетті. Бөлім басшысының сөзіне сенсек, 2021 жылы Шығыс Қазақстанның мал шаруашылығына 8,8 миллиард, ал биыл 8,9 миллиард теңге субсидия бөлініпті. «Жыл соңына дейін кемінде тағы 7,8 миллиард теңге қажет. Облыстың негізгі мал шаруашылығына деген қажеттілігі – 15 миллиард теңге», – дейді ол.

Ақмолада – 115 мың, Шығыста – 15 мың теңге...

Облыс фермерлерін толғандырып жүрген тағы бір мәселе – субсидияның әділетсіз бөлінуі. Қазақтың ақ бас сиы­рын өсірумен шұғылданатын Жарма ау­данындағы «Шалабай» ЖШС директоры Қуаныш Сүлейменовтің айтуынша, 2017 жылдан бері Шығыс Қазақстанда асыл­тұқымды аналық сиырдың бір басына жылына 15 мың теңгеден субсидия бері­ліп келеді. «Ал Ақмола облысында 115 мың теңге беріледі. Біздің облыста 4 жыл бойы осылай болып келе жатыр. Заңда «әр облыстың басшысы сол салаға қара­жатты өзі бөле алады» деп жазылған. Не­гізі, мұны облыс әкіміне облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысы айтуы керек. Олар айтпаған соң өзім облыс әкіміне де, Ауыл шаруа­шы­лығы министріне де айттым. Бірақ жауап болмады», – дейді кәсіпкер.

Шығыс Қазақстан облысы