Шырылдап дүние есігін ашқан шақалақ жасқа жетпей жарық әлеммен қоштасатын болса, перзентханаға үлкен үмітпен барған ана үйіне қайтып оралмаса, бұдан артық қасірет бар ма? Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, Қазақстан ана өлім-жітімі санынан әлемде 42-орында, ал бала өлімі бойынша 79-орында. Денсаулық сақтау саласына еселеп қаржы бөлінсе де, медициналық мекемелерге заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып жатса да, ана мен бала өлімінің көрсеткіші соңғы жылдары төмендемей тұр. Бұл мәселе осыдан он шақты жыл бұрын да өзекті болған. Әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. 1991 жылмен салыстырғанда қазір ана өлімі бес есе, бала өлімі үш есеге азайды. Бірақ Кеңес одағының кезінде ана мен балаға жағдай да жөнді жасалмайтын. Бүгінгідей жоғары дамыған техникалық база да, білікті маман да тапшы еді. Ал қазір қолымызда барды пайдаланып, бейбіт күнде бейкүнә сәбилерді құтқара алмай отырмыз. Соңғы жылдары ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бойынша Қазақстан алдыңғы қатардан түспей келеді. Сәбидің дүниеге келу деректері өскенімен, олардың шетінеп кету көріністері көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Статистикаға шақсақ, бала туу көрсеткіші екі пайызға артса, тиісінше сәби өлімі бір пайызға көбейген. Бұл дерек елдің демографиялық ахуалын көрсетсе керек.
Сан мен салдар
Ана мен бала өліміне қатысты кейінгі 3 жылдағы статистиканы салыстырып көрелік. Мәселен, 2019 жылы 8 айдың ішінде 36 әйел қайтыс болған. 2020 жылы қаңтар-тамыз айында 131 әйел жан тапсырған. Көрер көзге айырмашылық бірден білінеді. Ал бұл көрсеткіш Ақтөбе облысында 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе артқан. Мәлім болғандай, былтыр Шымкенттегі қоғамдық кеңесте ана мен бала өлімі 5 есеге көбейгені туралы мәселе көтерілді. Тарқатып айтсақ, Шымкенттегі перенаталды орталық жүктілігі ауыр түрде өтетін әйелдерді қабылдауға қауқарсыз екен. Алайда жаңа орталық салуға бюджеттен ақша бөлу мұң болып тұр. Байқасақ, біраз облыста заманауи құрал-жабдығы бар перинаталды орталық жайы күрделі мәселеге айналған. Ана өлім-жітімінің жоғары көрсеткіші ауылдық мекендер мен кедей мемлекеттерде жоғары. Қазақстанда 2008 жылы бала өлімі көрсеткіші 14,57 коэффициенттен 20,76-ға дейін өседі деген болжам болған еді. Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін 2009 жылы Республикалық штаб құрылған болатын. Бұл әдіс тиімді іске асты: 2010 жылы көрсеткіш 31,2-ден 22,7-ге дейін төмендеді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқызының былтырғы дерегінше, ана мен бала өлімі өткен жылдармен салыстырғанда азайған. Министр келтірген деректерге мән берсек, 2019 жылы 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда шетінеу көрсеткіші 8,40 болса, алдыңғы жылы 7,779 болған. Ал 2020 жылы Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында ана өлімін – баласын тірі туған 100 мың анаға шаққанда 17,1-ге дейін, ал сәби өлімін – 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 10,1-ге дейін төмендеген. Сондай-ақ Ажар Ғиниятқызы біліктілік пен кәсібилікке келгенде балалар мамандарының тапшы екенін де жасырмады. «Педиатрия (неонатология), балалар реаниматологиясы, анестезиология» және «балалар пульмонологиясы» мамандықтары бойынша кадрмен қамтуды 100%-ға жеткізу жолға қойылды», – дейді министр. Біз саладағы осы жетістікке мәз болып жүргенде, Израиль елінің негізгі клиникаларында 16 жыл бойы ана мен бала өлімі тіркелмеген. Ал Ресейде 2020 жылы 1 жасқа дейін сәбилер арасында 6 489 өлім тіркелді, бұл 1000 тірі туылғандарға 4,5-ті құрады. Көрші Қырғыз Республикасында да ана өлімінің деңгейі төмендеуде, бірақ оның себептері де өзгерген. Егер бұрын себептер көбінесе қан кету, преэклампсия, сепсис болса, бүгінде бұған басқа созылмалы аурулар себеп. Электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 2020 жылы 159 мыңға жуық бала туу тіркелген. Олардың ішінде сәби өлімін – 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 7,6-ге дейін төмендеткен. Ал Өзбекстанда 2030 жылға дейін ана өлімін 50 пайызға азайту туралы арнайы жоба қабылданған. Жүзеге асырылып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда 100 мың жаңа туған нәрестеге ана өлімі 23,1-ден 19 жағдайға дейін, нәрестелер өлімі-11-ден 10,7-ге дейін қысқарған.Маман тапшы, жер шалғай
Жылына орташа есеппен елімізде 395 911 бала дүниеге келсе, оларды 4 155 акушер-гинеколог бақылауына алады. Яғни, 1 акушер-гинекологтың басына шаққанда 95 жүкті әйелден келеді. Сайып келгенде, маманның жетіспеушілігінен туындайтын қиындықтардың көп екенін назарға алу керек. – Өңірлерде ана өлімінің өсу себебіне, кері көрсеткіштерге акушерлік қызметтің жеткіліксіз құрамы, перзентханалардың дәрігерлік жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеуі, барлық деңгейдегі мамандар біліктілігінің жеткіліксіздігі, шалғай аудандардағы жүкті әйелдер мен нәрестелерге медициналық көмек материалдық-техникалық тұрғыда толық қамтамасыз етілмеуі, сондай-ақ білікті дәрігерлердің жекеменшік емханаларға ауысып кетуі әсер етті, – дейді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов. Иә, кадрлардың жетіспеушілігі – Қазақстандағы ана өлімінің өсу себептерінің бірі. Қарапайым бір ауданда 18 аймаққа (участок) 11 дәрігер жұмыс істейді. Оның бірнешеуі демалысқа кеткенде олардың орнына фельдшер, орта буын қызметкерлер жүреді. Демек, дәрігерсіз аймақтарда өз деңгейінде жұмыс жүрмей жатыр деген сөз. Медицина ғылымдарының кандидаты Жұпар Наханованың айтуынша, коронавирустың салдарынан ана өлімі екі есеге дейін көбейген. Осыдан 15 жылдай бұрын аймақтандыру жайлы бұйрық шықты. Қабылданған ереже бойынша аудандық жерлерде тек қана физиологиялық босандыруға рұқсат берілген. Қазір ауылдағы дәрігерлер қан кеткен ананы көлікке салып, 200-500 шақырым жердегі қалаға жібереді. Осылайша, дер кезінде көмек көрсете алмай, аналарымыздан айырыламыз. –Медицина саласында сапалы жүйе жоқ. Жүйенің болмауына байланысты аналар дұрыс тексеріле алмайды. Тексерілсе де дұрыс емделмейді. Медициналық сақтандырудың өзін көпшілік түсінбей, кімге барарын білмей жатады. Осы себепті ана мен бала өлімі көбейді, – дейді Жұпар Наханова. Жүкті әйел 10 аптаға дейін дәрігердің тіркеуінде тұруы керек. Одан кейін ай сайын қабылдауға барып, болашақ нәрестесінің жағдайын жиі бақылауда ұстайды. Бірақ қазір еліміздегі аналарда ең жиі кездесетін ауырудың түрі – қан аздық. Көп жағдайда аналар өздерінің гемоглобинінің төмен екенін білмей жүре береді. Сондықтан Жұпар Наханова мемлекет тарапынан әйелдерді тұрақты тексеретін бағдарлама болуы керек деп санайды. «Өткен жылы үкімет ЭКО-ға деп 7000 квота бөлді. Сол қаржыны ЭКО-ға емес, жастардың денсаулығын жақсартуға бөлу қажет еді», – дейді дәрігер.Жүктіліктің жүгі ауыр
Мамандардың айтуынша сәбилердің ең көп шетінейтін кезеңі ана құрсағындағы 28 аптасынан басталатын және туғаннан кейінгі 7 тәулік. Яғни перинаталдық кезең. Жас ана Роза Сейфолланың қуанышы көпке созылған жоқ. «3 тәуліктен соң баламыздан айырылып қаламыз деп ойламадық. Дәрігерлер қайтыс болу актілерін тіркеу парағын қолыма ұстатты. Қорғансыз адамның күйін кешіп қаласың. Көкейде көптеген сұрақ қалды. Еліміздегі пандемиямен байланыстырсақ, енді бірде уақытынан бұрын туылуынан деп ойладық. Медицинаның дамыған заманында адам өмірін сақтап қалатын шаралардың болмайтыны қынжылтады», – дейді жас ана. Роза Сейфолланың басындағы жағдай Солтүстік Қазақстандағы 74 ананың басынан өтті. 1 жасқа дейінгі нәрестелер өлімінің көбеюіне жүктілік кезеңдерінде пайда болатын аурулар себеп болған. Гинеколог-эндокринолог Гүлназ Сәбитқызының айтуынша, бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған ауытқулардың кесірінен кейін осындай жағдайға ұшырайды. Мәселен, жатырға инфекция түссе, тікелей баланың денсаулығына әсер етеді. Нәрестенің уақытынан бұрын туылуы немесе шетінеп кетуі осыған байланысты. Бұрын қыздар жастайынан тұрмысқа шығып, ерте жүктілікпен өміріне қауіп төндіретін болса, қазір жағдай керісінше өзгерген. 30-дан асқан ана алғашқы жүктілігімен келетін болса, дәрігерлер оларды арнайы бақылауда ұстайтын топқа жатқызады. Өйткені уақыт өте келе адам ағзасындағы гормондар азайып, элементтердің жетіспеуінен жүктілік кезінде қан қоюланады. Ананың қан қысымы қатты жоғарылап кеткенде, сонымен қатар қан қоюланып немесе қатты сұйылып кетсе, балаға оттегінің жетіспеушілігі пайда болады. Соның салдарынан ана да, бала да өлім құшады. – Бір емханаға бірнеше аймақты тіркеп қойғандықтан жүкті әйелдер кезекте ұзақ тұруға шыдамай, жекеменшік емханаларға барып қаралады. Сондықтан жағдайы бар аналарға жеке мекемелерге барып емделген ыңғайлы. 5-6 келіншек жататын палатада тұру кімге ұнайды? Сондықтан мемлекеттік емханалардағы жағдай мен қызмет көрсету сапасын реттеу керек, – дейді Гүлназ Сәбитқызы. Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін не істеу керек? Алдымен, емдеу профилактикалық шараларды іске асырушы мекемелерді үздік медициналық техникамен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет. Одан бөлек, маманның клиникалық дағдыларын жетілдіру де артық етпейді. Ана мен бала өлімінің алдын алуда дәрігерден бұрын, адамның өзіне деген жауапкершілігі үлкен рөл атқарады. Өйткені жоғарыда аталған көп мәселенің бәрі уақытылы емдеу шарасын қолға алған кезде еш қиындықсыз шешімін табады. Тек уақытты ойын көріп, жүріп алмаған дұрыс. Ауылдық жерлерде уақыт тапшылығын алға тартып, дәрігерге көрінуді екінші орынға сырғыта салады. Жүктілікке бейқам қарау қайғылы жағдайларға ұшыратуы мүмкін.