Ана мен бала өлімі: перзентханадан аман шығу оңай емес
Ана мен бала өлімі: перзентханадан аман шығу оңай емес

Елімізде ана мен бала өлімінің көрсеткіші 7,2%-ға тө­мендеген. Жақсы көрсеткіш. Бірақ пер­зентханадағы тосын жайттар мен жүкті ананы шарасыз күйге түсіретін оқиғалардан жан түршігеді. Ел ішінде пер­зент­ханалардағы салғырт-салақтық жайлы жиі ай­ты­лады. Қо­ғам­да «Перзентханаға ақшасыз кірсең, жағдайың қиын» дейтін пікір де бар.

Сан мен дәйек

Ана мен бала өліміне қатысты кейінгі 3 жылдағы статистиканы салыстырып көрелік. Мәселен, 2019 жылы 8 айдың ішінде 36 әйел қайтыс болған. 2020 жылы қаңтар-тамыз айында 131 әйел жан тап­сырған. Көрер көзге айыр­ма­­шылық бірден білінеді. Ал Пре­зидент мәлімдемесінде бұл көр­­сеткіш Ақтөбе облысында 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе арт­­­қанын айтты. Мәлім болғандай, былтыр Шым­кенттегі қоғамдық кеңесте ана мен бала өлімі 5 есейге көбейгені туралы мәселе көтерілді. Тарқатып айтсақ, Шым­кенттегі перенаталды орта­лық жүктілігі ауыр түрде өтетін әйел­дерді қабылдауға қауқарсыз екен. Алайда жаңа орталық салуға бюджеттен ақша бөлу мұң болып тұр. Байқасақ, біраз облыста за­манауи құрал-жабдығы бар перинаталды орталық жайы күр­делі мәселеге айналған. Десе де, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният­қызының мәлімдеуінше, ана мен бала өлімі өткен жылдармен салыстыр­ғанда төмендеген. Вице-министр келтірген дерек­терге мән берсек, 2019 жылы 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда көрсеткіш шетінеу көр­сет­­кіші 8,40 болса, биыл 7,779. Ал 2020 жылғы нә­рестелердің өлім-жітім инди­като­рының нысаналы мәні Ден­саулық сақтауды дамы­тудың 2020-2025 жылдарға арналған мем­ле­кеттік бағдарламасына сәйкес 10,1-ді құрайды. «Аталған көрсеткіштерге әсер етудің маңызды аспектілерінің бірі – аналардың денсаулығын жақсарту, перинаталды және нео­наталды көмекті жетілдіру, патро­наждық қызметтің әмбебап-про­г­рессивті моделін, ба­ланы емшек сүтімен емізуді қолдау» деген еді вице-министр. Ажар Ғиниятқызы біліктілік пен кә­сіби­лікке келгенде балалар мамандарының тапшы екенін де жасырмады. Мысалы, «Педиатрия (неонатология), балалар реани­матологиясы, анестезиология» және «балалар пульмоно­логиясы» мамандықтары бойынша кадрмен қамтуды 100%-ға жеткізу жолға қойылған.

Перзентхана есігінен ары қарай басқа әлем

Әйелдер перзентхана есігінен ары қарай дүниенің өзгеріп кететінін жиі айтады. Әңгімелерін тыңдағанда тосқырқап қалаты­нымыз бар. Мысалы, былтыр БАҚ-та Алина Бақытжанова мен Малика Магиланова есімді әйел­дердің өлімі туралы ақпарат та­рады. Өз кезегінде Ирина Совет­жанқызы мәселені зерттеп көрген. Баяндасақ, Алина Бақыт­жанова Акушерия, гинекология және пери­наталогия ғылыми орта­лы­ғына 2020 жылы 10 мамырда тол­ғақпен түскен. Сәбиін 12 ма­мыр күні кешке босанған. Алайда бо­санғаннан кейін 3 күн өткен соң 4 келі 780 граммен дү­­ниеге келген сәбиі, 4 күннен соң өзі қайтыс болған. Туыстары Алинаға кесір тілігі отасын жасағанда ана мен баланы аман алып қалуға боларын айтқан. Ал Малика Магиланова қазан айының 14-і күні қайтыс болды. Ол 23 тамыз күні перзент­хана түсіп, 29 тамызда дә­рігер­лердің рұқсатымен үйіне шығады. Көп өтпей ота жасалған тігісіне су жи­налып, пер­зент­­­ханаға, кейіннен комаға түседі. Басында жағ­­дайды елемеген дәрігерлер соңы­на тая­ғанда ауруханаға молда кіргізуге рұқсат берген деседі. Туыстары БАҚ-қа берген сұхбатында дәрігер­лерді кінәлап, олардың іс насырға шапқанда басқаша қимылдағанын айтқан. Бас­тапқыда карантин деп ешкімді кіргізбеген дәрігерлер артынша марқұмның туыстарына жансақтау бөлімінің есігін «ашып» қойған. Сондай-ақ жақындары аталған оқиғалардың қылмыстық іс бойын­ша қаралатынын да мәлім­деген-ді. Ал Алматы облысы Қарасай аудандық перзентханасында босанған Салтанат Шай­ғожа­нованың оқиғасы қоғамда резо­нанс ту­дырғаны рас. Босандыру процесіне бейжай қарағандар оған «күнді көріп тұрғаныңа рақ­мет айт» деген екен. Осылайша, жас аку­шерлердің біліксіздігінен ана баласынан айырылып қалды. Ал дәрігерлер мұны ба­ланың кіндігі мойнына оралып қалғанымен түсіндірген. Осыдан кейін әйелдер басынан өткен оқиғамен бөлісіп, қоғамның өзгергенін қалайтынын жарыса жазды. Аналардың жан сырынан аз-кем бөліссек. Мәселен, Ажар Әбілқасова үшінші бала­сын патология бө­лімінің дәлізінде босан­ғанын жазады. Оның сөзінше, Атырауда ана мен бала жағдайына мән беріп, қарамайды. Ал Қаламқас Қай­дарова болса, қыстыгүні түнгі сағат 2.30-да босанғанын, қызының кіндігін кескен дәрігер ұйқысұрап жүргенін айтады. Дәрігер баланы әйелдің үстіне жатқыза сала ұйқыға кеткен. Қаламқас таңға дейін қызы мен өзінің тоңып қал­ғанын, те­резе ашық қалғанын ашына жеткізді. Қыр­күйек айында Талғарда босанған Әсел Төлеп те «20 минуттан соң келіп босан­ды­­­­рамын деп кеткен дәрігердің бір сағаттан кейін келгенін» баяндап берді. Дәрігер кел­генше іштегі бала құрғап, санитар мен акушер әйелдің ішін басып босандыруға мәжбүр болған. Сал­дарынан ба­ланың басы қысылып қалған. Кейіннен невропатолог баланың дамуында кінәрат туғанын айтқан. «Дәрігерлер мис­сиясын толық білмейді. Арасында Youtube қа­рап отыратындар бар. Талғардағы аурухана таза емес, жаңа туған бала жататын кю­вездің өзі ескі, дөңгелегі де жоқ»,– деді ол. «Маусым айы, карантиннің қатаң кезі, оның үстіне жүкті әйе­лімнің коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Содан 20 маусым күні кешкі сағат 21.00 шамасында толғақ қысып, 23.00-ге таман жедел жәрдем шақырдық. Тараз қаласында вирус жұқтырған әйелдерге арналған перзентхана бар-ды. Бір­ден соған бардық. Бірақ орын жоқ деп қа­былдамады. Ары қарай жаңадан ашылған 12 шағынаудандағы перзентханаға тарттық. Ол жақта да қабылда­маймыз деді. Артынша шу шыға­рып, полиция шақырдық. Әйтеуір бас инфекционист Қарлығаш Сәтбек­қы­зы­ның арқасында әйе­лім босанды. Алайда осын­ша уақыт бойы дәрігерлер немқұрайды қара­ғандықтан, жұбайым ауыр босанды. Түнгі сағат 3.00-ге дейін әуре-сарсаңға салған­дықтан, әйе­лімде ішкі жыртылулар болды. Таңғал­ғаным, өмір ақша мен таныспен өлшенетін болған. Ақ халатты абзал жандарда да адам­гершілік қалмағаны ма?», – деп күйінішін білдірді Елдос Болатов. Мұндай оқиғалар өте көп. Біз біршамасына ғана тоқталдық. Құндыз Бегалиева әлеуметтік же­лі­де Сарыағаштағы дәрі­герлердің өзіне «жағ­­дайың болмаса, тума» деп айтқанын жаз­ға­ны бар. Ол болса, жалақы алатын дәрі­гер­лердің әр босанған әйелден ақша дәме­тетініне қынжылады. Осы­ған ұқсас жағдайлар сіз бен біздің басы­мыздан өткен. Иә, фактілерді босқа тізгеніміз жоқ. Мем­лекет басшысының «ана мен баланы қорғау – ел алдындағы міндетіміз» дегені бар. Әкім­дерді, жауаптылары бұл міндеттен ешкім бо­сатпағанын да айтқан. Демек, биліктің халық үніне құлақ түретіні рас болса, ана мен бала­ның пер­зентхана есігінен ары қарайғы өмі­рін жіті қадағаласа екен.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ