«Отанын сатқандардың» әйелдеріне арналған төрт лагерь болған. Оның бірі – «АЛЖИР», екіншісі – «Тепляков», үшіншісі – «Жангижер», төртіншісі – «Темников» лагері. Төртеуі төрт жақта болған. Бірі – Төменгі Новгород қаласынан 40 шақырым жерде, екіншісі – Бішкектен 100 шақырым жерде орналасқан. Ал «Темников» лагері Ресейдің Тотьма маңында болған. Ал «АЛЖИР» – «КАРЛАГ»-тың Ақмола бөлімшесі. Тікенек сыммен қоршалған, төрт бұрышына күзет мұнарасы орнатылған бұл жерде «Отанын сатқандардың» әйелдері қамалды. 2003 жылы Мәскеудің халықаралық «Мемориал қоғамы «Узницы «Алжира» атты кітап шығарады. Онда 5 380 әйел-тұтқынның тізімі берілген. Олардың арасында Алаш зиялыларының да әйелдерінің есімі бар. Кешегі «тұтқын» әйелдердің қасіреті қалған лагерьде мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бір мезгілде 8 мыңға жуық әйел қамауда болған. Олардың басым бөлігі – орыстар, одан бөлек еврей, украин және қазақ әйелдері. Сонымен бірге неміс, француз, жапон, норвег, поляк, армян, грузин, латыш және басқа ұлттардың қыз-келіншектері тозақ отын кешкен. Кей деректерде «Алжир»-де 600-ге жуық әйел қайтыс болған деседі. 600 әйел отбасына, бала-шағасына жете алмаған. Қайғы қамытын жамылып, «халық жауының» әйелі ретінде өмірден өте барды. Не деген қасірет, десеңізші...
Әзиза, Гүлжамал, Гүлбахрам, Дәмеш
Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза мен енесі Әлиса, Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбахрам, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал, Темірбек Жүргеновтің әйелі Дәмеш, Нығмет Нұрмақовтың әйелі Зұфнұн және тағы басқа әйгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің әйелдері «Алжир» тұтқыны болды. Тарихшы Тілеу Көлбаев жазықсыз айыпталған аналардың саны, өкінішке қарай толық емес екенін, Ақмола түрмесінде сотталған әйелдердің қылмыстық істерінің басым көпшілігі бір парақтан ғана тұратынын жазған. Яғни, толық ақпарат жоқ. Мәселен, «Байғанатова Татий, 1932 жылы ҚК-нің 166-72 бағыттарымен сотталған. Жасы 45-те. Партияда жоқ. Кедей. Колхозда жұмыс істейді. Байғанатев Мақсұтпен бірге ат ұрлаған» делінген. Одан кейін Татийдің ары қарайғы тағдыры не болды? Белгісіз. Мұндай «бидай ұрлаған», «ат ұрлаған», «тары ұрлаған» қаншама әйел жазықсыз сотталып кетті, десеңші. «Алжир»-де қанша әйел тозақтан шықты, қанша әйел азап тартты, қанша әйел қайғыны көтере алмай қайтыс болып кетті. Тағы нақты дерек жоқ. «АЛЖИР» де, «КАРЛАГ» лагері де 1953 жылға дейін жұмыс істеген. 1953 жылға дейін мұнда қаншама адам азап шекті деген сөз. Біз бүгін азап көрген, қуғынға ұшыраған қазақ әйелдерінің бірқатары туралы сөз етпекпіз. Зағипа Тінәлина – қазақтың алғашқы журналистерінің бірі Абат Әлібаевтың жұбайы. 30-жылдарда орта арнаулы білім алған, көзі ашық, көкірегі ояу бойжеткеннің арманы да асқақ еді. Жарасымды өмір кешіп жатқан жас отбасына 1937 жылы қайғы бұлты оралады. «Қазақстан» баспасы директорының орынбасары болып еңбек етіп жүрген Абатты ұстап алып кетеді де, 1938 жылы ату жазасына кеседі. Өлкелік партия комитетінде жауапты қызмет атқарып жүрген Зағипаға да «халық жауының әйелі» деген қара таңба басылған еді. Ақыры, 1938 жылдың 10 сәуірінде халық жауларының әйелдерімен бірге «АЛЖИР»-ге кете барды. Анамыз «Алжир» – өз жерімнің, өз аспанымның астында. Оған жеткенше Челябі, Новосібір түрмелері қатты қинады» деген екен. Бұл туралы ақын Ақұштап Бақтыгереева Зағипа Тінәлина туралы естелігінде жазады. Зағипа анамыз түрмеден 1941 жылғы 10 сәуірде босаған. Тек 1956 жылы ғана ақталған. Ал Әзиза Рысқұлованы Мәскеудегі үйінде қамауға алып, Бутырка түрмесіне түскен. Бұл кезде Әзиза анамыздың аяғы ауыр болған. Әзизаның анасы Әлисаны да қамауға алған. Екеуі 1938 жылы «АЛЖИР»-де кездеседі. «Түрме қызы» атанған кішкентай Рида әжесімен түрмеде табысқан. Әжесі лагерьден шығуға бес-алты күн қалғанда қайтыс болады. Әзиза анамыз «АЛЖИР»-де сегіз жыл отырған. Түрмеде отырып, малдәрігерлік жұмысқа баруға арыз жазады. Сөйтіп, 2 мың ірі қара мен 500 саулықты санап алып, қасына мал бағатын қазақ әйелдерін жинаған. Қазақтың Бейімбетінің жары Гүлжамал апамыз, Сұлтанбек Қожановтың әйелі Гүлжиян, Мәриям Есенгелдина мен Зағипа Тінәлина мал бағуға шығады.Бір бұзау үшін атып тастаған...
Мәриям Есенгелдина өз естеліктерінде «қайсыбір күзетшілердің шамадан тыс қатігез болғанын» жазады. Сол қатігездіктен құлағы ауырлау еститін Кира Нұрмағанбетова өз барағынан шығып, аулаға бет алғанында атып тастаған. Ол күзетшінің ескертуін естімей қалады. Күзетші екі сөзге келместен атып тастапты. Бұл 1939 жыл болатын. Бірде күннің қара суығында бір бұзау өліп қалып, сол үшін лагерь бастықтарының бірі үш әйелді атып тастаған. Тіпті, «енді бір бұзау өлетін болса, алтауыңды атып тастаймын» деп қорқытады. Атып, қорлап, қаншама қиындық көрсетсе де, күзетшілер жазасыз қала берген. Қиындық көрген «халық жауы» әйелінің бірі – Гүлбарам Қожахметова. Ол – 1921-1922 жылдары Семей қалалық атқару комитетінің төрағасы, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі, 1936 жылдан Ақтөбе облыстық сотының төрағасы қызметін атқарған Жұмағат Қожахметовтың әйелі. Күйеуін 1937 жылы 19 тамызда ұстап әкеткен. Ал Гүлбарам ана «халық жауының» әйелі ретінде «АЛЖИР»-ге 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Ұзақбай Құлымбетовтің жары Әйіш анамызды да «Отанын сатқан опасыздың жары» ретінде «АЛЖИР»-ге жазасын өтеуге жібереді. Ол «АЛЖИР»-де сегіз жыл отырды. Күйеуі Ұзақбай Құлымбетов 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы 19 наркоммен бірге жазықсыз атылып кетті. Құлымбетовті 1958 жылы ақтаған. Оған дейін ұрпақтары «халық жауының» балалары ретінде елден жырақ жүрді. Әйіш анамыздың қызы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева: «Шешем Әйіш Құлымбетова «КАРЛАГ»-та он жыл қой баққан. Жүргеновтің жары Дәмеш апаның өзі «КАРЛАГ»-та мейірбике болыпты. Әйелдер ауыр жұмыстан бір уақыт тынығып алсын деп кезегімен бюллетень жазып береді екен. Сонда әйелдердің ішінде біздің шешеміз Әйіш: «Ұзекеңдер де атылып кетті ғой. Менің жаным олардан ардақты емес» деп бірде-бір бюллетень алмапты. Сол мықты төзімнің, шыдамдылығының арқасында шығар, 10 жыл отырғаннан кейін 1947 жылы аман-сау ортамызға оралды» деп жазады. Азап лагерінде қасірет тартқан тағы бір ғұмыр – актриса Жанбике Шанина. Күйеуі Жұмат Шанин 1937 жылы «халық жауы» деп айыпталып, тұтқындалады. 1938 жылы 26 ақпан күні ешқандай тергеусіз, сотсыз атылып кетеді. 1938 жылы Жанбикені де қамауға алады. Әкесінен өлідей, анасынан тірідей айырылған ұлдары Раупбек 1939 жылы ауыр қайғыдан қайтыс болады. Ол қазақтың алғашқы скрипкашыларының бірі еді. Жанбике Шанинаны 8 жылға соттап, «АЛЖИР»-ге әкеледі. Лагерьдегі жағдай тіптен ауыр еді. Барактарда орын жетпейді. Лагерь аумағында үлкен қамысты көл болған. Тұтқындар сол қамысты шауып, қыста отын, жазда үй салатын құрылыс материалдарына пайдаланды. Сондай ауыр жұмыстардың басы-қасында аналарымыз жүрді. Қыстың шыңылтыр аязы, барактың суығы, мардымсыз тамақ, аштық – кез келгеніне де оңай тиген жоқ. Ол жазасын өтеп, 1946 жылы бостандыққа шығады. Әбден жүдеген, бір кездері гүл жайнаған Жанбикенің түрі адам танымастай өзгерген еді. Қайғы-қасірет тұмшалаған, ауыр еңбек пен ұзақ жылғы азапты өмірдің салдарынан өкпе ауруына шалдығып, 1950 жылы өмірден өтеді. Жанбике ананың зираты Қарағанды қаласында, ол тіпті жан жары Жұмат Шашиннің ақталғанын да көре алмады.Аналардың азап лагері
Қуғын-сүргін көрген аналардың бірі – Әсма Шоманова. Күйеуі Рахымжан Шоманов аудармашы болған. Армиял Тасымбековтің «Жан дауысы. Алжир архипелагы» атты кітабында Әсма апамыздың естелігі беріледі. «Үйдің іші азан-қазан, улап-шулап кетті. 3 жастағы қызым Роза бақырып жылады. Әпкем Ғайша Розаны жалынып-жалбарынып алып қалды. Егер балалар үйіне алып кеткенде Розадан айырылып қалғандай екенмін. Содан өзің жазып жүрген апайларың нені көрсе, соны көріп, «КАРЛАГ»-тың дәм-тұзы тартты ма, 8 жыл өмірімді сол жерде өткіздім. Ал содан кейінгі өмірімді жақсы деп айта алмаймын. 1957 жылы ақталдым. Денсаулығым нашар. Бәрі сол «КАРЛАГ»-тың әсері ғой, балам. Бас ауырады, балтыр сыздайды демекші, «КАРЛАГ», 1937-1938 жылдар оқиғасы түн ұйқымды төрт бөліп оятады. Сол отырып келген апаларыңның көпшілігін білемін. Көпшілігі қайтыс болды. Аз қалдық. Бұрын 1937 жылдың әңгімесін айтудан жасқанушы едік. Құдайға шүкір, заман түзелді. Қазақ халқы өзінің жоғалтқан асылдарын жоқтай бастады. Менің күйеуім Рахымжан аудармашы екенін айттым ба, ол да ақталды. Дегенмен өліп қалған соң, ақ екен, таза екен дегенге жыным келеді. Расында, Рахымжан ешкімнің ала жібін аттамаған жан еді», – дейді. Сол бір қасіретті жылдар туралы аналарымыздың естеліктерін көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Олар сол бір азапты жылдары түрмеде аналардың көбі қайғы-қасіреттен, азаптан жынданып өлгендерін айтады. Тіпті, шаштары тез ағарып кететін. Араларында өз-өздеріне қол салғандары да болыпты. Далада, қақаған аязда қатып өлген аналар да кездескен. 5 830 әйел. Азап көрді. Қайғы шекті. Қасірет тартты. Құлады. Жылады. Қайта тұрды. Бар өмірлері күреспен өтті. Өздері қиналып ғана қоймай, күйеулерінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеп, ақтап алды. Бұл қазақ әйелдерінің «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» қайсарлығы еді. Азап тартса да, мойыған жоқ. Сынып кетпеді. Қуғын-сүргін көрген, азап тартқан, атылған әрбір аналардың алдында қарызымыз шексіз! Әрі олардың осындай жан аямас ерліктерін ұрпаққа айтып отыру – баршамыз үшін парыз. «Қазақ әйелінің басты ерлігі не еді?» деген сауалға келсек, ол – 1931-1933 жылдардағы алапат ашаршылықтан, 37-дегі репрессиядан, 40-жылдардағы соғыстан демографиялық апатқа ұшыраған ұлтымызды жоқ болып кетуден сақтаған жанкештілігі дер едік.