Қаңтардың басында болған қасіретті оқиға халықты алаң көңіл қылғаны бар. Сол күндерде талай азамат елдік мүдде үшін барын салғанын да көрдік. Бірі Отанын бүлікшіден қорғау жолында оққа ұшты. Енді бірі жылаған халықты жұбату үшін қолындағы барымен бөлісті. Біз сондай қайырымды, жомарт көңіл қос азамат, алматылық кәсіпкерлер Сабыржан Зайнидинов пен Бауыржан Қайыңбаевтан арнайы сұхбат алдық. Мақсатымыз – жігіттердің ел басына күн туғанда жасаған азды-көпті жақсылықтарын жария ету емес, керісінше өзгелерге де ой салса деген тілек.– Алғашқы сауалды «қасіретті қаңтар» деген атаумен тарихқа сіңіп бара жатқан оқиғаға байланыстырып қойсам деп отырмын. Сіздер осы күндерде қиналған жандарға қолда барымен бөліскен жандардың бірісіздер. Жалпы, осы күндерде қанша соманың көлемінде қайырымдылық жасай алдыңыздар?Сабыржан Зайнидинов: – Ол күндер елдің басына күн туған сын сағаттар болды. Ондай сәтте азды-көпті мүмкіндігің бола тұра үнсіз, әрекетсіз қалу азаматтығымызға сын болар еді. Сондықтан қолымыздан келгенше, қаржылай да, басқалай да көмек қолын создық. Жалпы, серіктесім екеуміз қосылып, 50 миллион теңгенің материалдық көмегін көрсеттік. Қалада жаппай тәртіпсіздік пен дүрбелең басталған күні интернет өшіріліп, түрлі қаржы ұйымдары қызмет көрсетпек түгілі, тоналып жатқанда адамдар өз есепшоттарындағы ақшаларына қолдары жетпей қалды. Сәйкесінше, азық-түлік дүкендері де қолма-қол сауда жасауға мәжбүр болды. Сол күндері шамамыз келгенше 1 000 адамға 20 мың теңгеден таратып шықтық. Ондағы ойымыз, тұрғындар ең болмаса негізгі қажетті азық-түліктерін алсын деген ниет еді. Оған қоса, қаңтардың 5-і мен 8-і күндері аралығында Алматы қаласы ІІД қызметкерлерін тәулік бойы ыстық тамақпен қамтамасыз етуге атсалыстық. Сондай-ақ қалаға кіреберістегі барлық блок-бекеттерде тұрған әскери қызметкерлерге түскі және кешкі астарын жеткізіп бердік.
Осы күндері партия мүшесі ретінде «Nur Otan» партиясының қалалық филиалына өтініш білдірген тұрмысы төмен бірнеше отбасына азық-түлік себетін таратып шықтық. Біз мұны ешқандай мақтаныш немесе жарнама үшін емес, азаматтық борышымыз деп атқардық.
– Жоғарыда қаржылай көмектен басқа да көмек қолын созғандарыңызды айтып қалдыңыз. Ол қандай көмек? Бауыржан Қайыңбаев: – Сол күндері арнайы күзет жасақтарын ұйымдастырып, қалада үйлерінде жалғыз қалып қойған қарт кісілерді қорғап шықтық. Жалпы, 35 пәтерді күзету үшін өзіміздің туыс інілерімізге өтініш жасадық. Кейбірінің үйіне қарындастарымызды уақытша күтуші ретінде қойдық. Ел іші дүрлігіп жатқанда ұры-қарылар да қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтарды, қарттарды торитыны белгілі. Ал оларды қорғау керек еді. Сондықтан мұның барлығын жалғызбасты қарттарымыз үрейленбеуі үшін жасадық.
– Бұған дейін де түрлі қайырымдылық шараларына белсене атсалысып жүрдіңіздер. Қалталарыңыздағы қаржыны санағандай болмайын. Десек те, өзгелерге ой салу мақсатында сұрағым келіп отыр. Жалпы, егер құпия болмаса, біржылдық қайырымдылыққа жұмсайтын қаражат көлемі қанша? Сабыржан Зайнидинов: – Көбіне мұндай ақпаратты жариялай бермейміз. Оның бірнеше себебі бар. Дегенмен сіз өзгелерге ой салу мақсатында деп сұрап отырған соң айта кетейін. Бір жылда шамамен қайырымдылыққа 65-70 миллион теңге жұмсаймыз. Жасыратыны жоқ, соңғы екі жылда әлемді жайлаған COVID-19 індеті кезінде түрлі карантин шектеулері себебінен бизнес біршама тұралап қалды. Сол сәттерде біздің қайырымдылық көмегіміздің де көлемі азайғаны рас. Бірақ қай уақытта да қиналған жанға қолымыздан келгенше көмек беруге тырысамыз. Түк таппасақ, жақсы сөзімізді айтып, жұбатып шығарып саламыз. Кейде мәселесі нақты шешілетін жерге жол сілтейміз. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде айтады: «Қолыңнан ештеңе келмесе, ең болмаса жылы жүзбен күліп амандас. Соның өзі садақа», – деп.
– Кәсіпкерлердің алдына келген адам көбіне материалдық, ақшалай көмек сұрап келетіні рас. Қанша жерден кәсіпкер болсаңыздар да, кейде бір ыңғайы келмей қалатын жағдай болып жатады. Сондай бір мұқтаж болып келген адамға көмек қолын соза алмай қалатын жағдай жиі болып тұра ма?Бауыржан Қайыңбаев: – Дұрыс айтасыз. Қанша жерден табысы бар кәсіпкер болғанымызбен, бізде белгілі бір себептермен ыңғайы келмей қалатын сәттер болады. Өйткені адамның айтқаны емес, құдайдың дегені болады. Бірақ сондай кезде өзімізді кінәлі адамша сезініп, Сабыржан екеуміз жанымызды қоярға жер таппай кететін сәттер болады. Ондай кезде мұқтаж жанға шамалы уақыт күте тұруын айтып, жұбатып шығарып саламыз. Дегенмени осы уақытқа дейін жабығып, жәрдем сұрап келген жандарды құр қол қайтарған кезіміз жоқ. Өз басым адамның ең алдымен өзгеге көмектессем деген ниеті болуы керек деп ойлаймын. Ол адамның бай-кедей болуы маңызды емес. Жәрдем беремін деген ниеті мен әрекеті болса, қалғанын құдай өзі реттеп береді. Оған біздің осы күнге дейінгі тәжірибемізде талай рет көзіміз жетті.
– Жалпы, қайырымдылық – сауапты іс. Дегенмен сіздерден де бай, бірақ артық шығын шығармайтын адамдарды білеміз. Қазақы танымға салсақ, «Шық бермес Шығайбайлар» аз емес. Жалпы, қайырымдылық өзі жүре келе пайда болатын нәрсе ме, әлде тәрбиеден бе? Сабыржан Зайнидинов: – Қазақта «уызына жарымаған» деген сөз бар. Осы сөздің астарында терең мағыналы тәрбие бар деп ойлаймын. Жоғарыда сіз мысалға келтірген Шығайбайлардың көбісін осындай топқа жатқызар едім. Көбіне адал еңбегімен емес, түрлі көлденең «табыстармен» байыған адамдар өте сараң келетінін көріп жүрміз. Ондайлар қолындағысынан бір тиын артық шықса кедейленіп қаламын деп ойлайды. Олар үшін кедейленіп қалу деген дүниенің соңы сияқты фобияда өмір сүреді.
Өзім әке-шешемнің тұңғышы болғандықтан, көбіне атамның тәрбиесінде өстім. Сол кісі «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді, жақсылық көрсең де, жамандық көрсең де сабыр ете біл», – дегенді жиі айтып отыратын. Ол кісі «Құдай біреуге байлық береді, бірақ кілтін аспанға іліп қояды екен. Құдай сондай байлықтан сақтасын», – дегенді аузынан тастамайтын. Сол сөздер санамызда бала кезімізден жатталып қалған. Көп қазақ, әсіресе ауылды жерде өскен жігіттер осындай тәрбие көріп өсті. Сондықтан қайырымдылық пен мейірім және жомарттық деген нәрсе ұлттық тәрбиенің негізгі ұстындарының бірі деп ойлаймын.
– Туған ауылдарыңызға жиі барып тұрасыздар ма? Ауылдағы ағайынға да көмек қолын созасыздар ма?Сабыржан Зайнидинов: – Иә, әрине ауыл деген әр қазақтың жүрегінде тұрады. Екеуміз де ауылға жиі барып тұратын қазақтардың қатарынанбыз. Бауыржанның туған ауылы – осы Алматы облысының Ұйғыр ауданы. Мен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тумасымын. Алыс-жақындығына қарамастан, жылына кемі үш-төрт рет туған жерге ат басын тіреп тұрамыз.
Екеуміз де соңғы 5-6 жылда әр үш ай сайын туған ауданымыздағы жағдайы төмен 100 отбасына тұрақты түрде көмек беріп тұруды дәстүрге айналдырғанбыз. Міндетті түрде әр барған сайын 3 немесе 4 ірі қара малды сойып, етін таратамыз. Басқа да азық-түлік секілді қажеттіліктеріне көмектесеміз. Бірнеше үйге қысқа қарай қажетті көмірін түсіріп беруге қаржы бөлеміз. Ауыл – қазақтың алтын тамыры. Одан ажырап қалуға болмайды деп ойлаймын. Осы орайда Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын көтеру туралы бастамаларын қолдаймыз. Әсіресе, 11 қаңтар күнгі халыққа жолдаған үндеуінде шетелден кіретін автомобильдерден утильалым мәселесін түбегейлі шешуді Үкіметке тапсырды. Сол тапсырмаға сәйкес, тиісті орындар ауыл шаруашылығына қажетті техникаларға алынатын утильалымды барынша жеңілдетудің амалын қарастыруда. Сондай-ақ ол кісі ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға берілетін субсидия мәселесін де оңтайландыруды баса айтты. Президенттің «Жаңа Қазақстан» құрамыз деген идеясын әрқайсысымыз ол кәсіпкер немесе қарапайым мұғалім, тағы да басқа болсын қуана қолдап, өз шама-шарқымызша үлес қосуымыз керек деп санаймын.
– Соңғы сауал болсын. Алматылықтар, жалпы ел азаматтары болсын, қаңтардың басындағы қырғын кезінде, одан кейін де біраз адамды түрлі ойға жетелегені шындық. Оқырмандарға ел азаматтары ретінде сұхбат соңында не айтасыздар?Бауыржан Қайыңбаев: – Қалай болғанда да сол күндерде халқымыз сын сағаттарды басынан өткерді. Құдайдан ол күндердің қайта келмеуін тілейміз. Ел басына күн туған сәтте халыққа үлкен сенім беріп, тірек болған Президентімізге ризамыз. Бізді ол күндерден елдің ауызбіршілігі мен мейірім және адамгершілік алып шықты деп санаймын.
Сабыржан Зайнидинов: – Шыққан шығын болса, орны толар. Бүлінген дүние қалпына келер. Ең бастысы, сол күндерде ел іргесі сөгілмегеніне қуанамыз.
– Әңгімелеріңізге рақмет!