Қазақстаннан шетелге шығарылған инвестиция көлемі артты. Ұлттық банктің дерегінше, былтыр қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандық инвесторлар шетелге 1,5 млрд. АҚШ долларын аударған. Бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 35,8%-ға артық. Қазақстан инвесторлары қаржысын офшорда сақтауға неге үйір? Қаржыны Нидерландта, Ұлыбританияда сақтаудың қандай пайдасы бар?
Қазақстан инвесторлары ең көп көлемде инвестицияны 2010 жылы аударған - 10,5 млрд АҚШ долларына жуық (4,4 трлн тг). Оның 70%-ден астамы Нидерланд еліне шығарылған. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйегінде Қазақстан инвесторлары аударған қаржының 40%-дан астамы Кайман аралдарына тиесілі. Бұл аралды көбі "офшорлар жұмағы" деп те атайды. 2021 жылы Қазақстан инвесторлары көп қаржы аударған сала - қаржы және сақтандыру қызметі (1 млрд АҚШ доллары). Бұл 2020 жылдағымен салыстырғанда 85,8%-ға артық. Одан кейінгі орындарда кәсіби және ғылыми техникалық қызмет (117,4 млн АҚШ доллары) және үй қызметшілерін жалдау және үй шаруашылығы қызметі (96,7 млн АҚШ доллары) салалары тұр. Көшбасшы үштікте Сейшель аралдары мен Ресей тұр. Кейінгі 10 жыл ішіндегі көшбасшылар қатарында Нидерланд пен Ұлыбритания да бар. Кей жылдары Ирландия, БАӘ үштікке енген. Айта кетейік, кейінгі жылдары Қазақстанға ең көп инвестиция салатын да, ең көп қарыз беретін де ел - Нидерланд. 2021 жылы Қазақстанға 170 млрд АҚШ доллар шетелдік инвестиция түскен. Оның 40%-ға жуығы Нидерланд елінен (63,7 млрд АҚШ доллар), 23,7%-ы АҚШ-тан, 8%-ға жуығы Франция, Бермуд аралдарынан (Ұлыбритания) түскен. Жалпы ең көп қарыз беретін елдер қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Бермуд аралдары да бар. Қаржыгер, сарапшы Нұрғали Нұрмахамбетов Қазақстан инвесторлары шетелге аударған қаржының біраз бөлігі жемқорлықтан түскен, салығы төленбеген, күмәнді қаржы болуы мүмкін, деп болжайды. Себебі Қазақстаннан шыққан қаржының көбі офшор шоттар сақталатын аймақтарға шығарылған. Нұрғали Нұрмахамбетов Қазақстан инвесторларының қаржысын офшорда сақтауға неге үйір екенін түсіндірді. [caption id="attachment_184362" align="alignleft" > Нұрғали Нұрмахамбетов[/caption]"Жалпы жеке тұлға көп қаржыны елден оңай шығара алмайды, себепсіз шығарсаң, шотты бұғаттайды. Ресми шығарсаң, дәлелдеуің керек. Ең оңтайлы шешімі - инвестиция ретінде офшорға аудару. Қазақстаннан шыққан қаржыны жеке тұлға ретінде шетелдік шотта сақтау да қиын. Себебі жеке тұлға болсаңыз, АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд сияқты дамыған елдер ірі сомадағы қаржының иесін тергейді. "Ол қаржыны қайдан алдыңыз, салығы төленген бе, заңды ма?". Мұндай сұрақтарға байлығын адал жолмен тапқандар ғана таза жауап бере алады. Ал көп ақшасы бар мемлекеттік шенеуніктер, алаяқтар жауап бере алмайды. Сол үшін қаржысын офшор шотқа сақтайды. Себебі офшорда "көп сұрақ қоймайды, қауіпсіз жерде сақтайды, түпкі иесі кім екенін біле алмайды", - дейді сарапшы.Оның айтуынша, үштікте тұрған Кайман, Сейшель аралдары - офшор шоттар үшін өте тиімді аймақтар. Онда салық сұрамайды, кез келген қаржыны сақтау тиімді.
"Аралдарға офшор шоттар не үшін керек? Онда ақшасын сақтаған компания офисін ашуға міндеттеледі және сол жердегі азаматтарды жұмысқа алуы керек. Соның өзінен пайда табады. Есесіне, онда америкалық салық реттегіші жұмыс істейді. Сол үшін оларда офшор шоттар мұқият қорғалады, иесін құпия сақтайды. Иә, Панама құжаттарында офшорлар туралы ақпарат тарап кетті. Бұрақ мұндай жағдай сирек болады", - дейді ол.Еске сала кетейік, 2016 жылы Халықаралық журналистік зерттеу консорциумы (ICIJ) Панамадағы Mossack Fonseca заң фирмасының 40 жыл бойы жиналған əлемдегі 214 мың офшор компаниясы туралы ақпаратты жариялаған еді. Құжаттан қазақстандық 8 заңды тұлға, 265 жеке тұлға, 7 делдал және 243 мекенжай табылды. Олардың ішінде сол кезде Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиевтің, Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) әкімінің орынбасары болған Нұрәлі Әлиевтің, Сенат депутаты Дариға Назарбаеваның, Қазақстаннан шыққан кәсіпкер Мұхтар Әблязовтің, Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі Алик Айдарбаевтың бауыры Ерік Айдарбаевтың, бұрынғы Мәжіліс депутаты Қабиболла Жақыповтың ұлдарының және бұрынғы премьер-министр Нұрлан Балғымбаевтың ұлы Төлеген Балғымбаевтың да аты аталды. Құпия құжатта 20-дан астам президенттің және 100-ден астам әлем саясаткерінің офшор есепшоттары туралы ақпарат болды. Қаржыны Нидерландта, Ұлыбританияда сақтаудың қандай пайдасы бар?
"Бұл елдерге салынған қаржыны ешкім тартып ала алмайды. Тіпті, онда 3-4 рет революция болса да, ешкім тиісе алмайды. Себебі онда жекеменшіктің құқығы қатты қорғалады. Екінші себеп, оларда қаржы индустриясы өте жақсы дамыған. Қаржыңыз ең қауіпсіз банкте тұрады, білімді қаржыгерлер қадағалайды. Сол үшін байлар капиталының шамамен 20-30%-ын сонда сақтауға тырысады", - дейді Нұрғали Нұрмахамбетов ."Tax Justice network" халықаралық ұйымының дерегінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған.