Терроризмнің «әмияны» қайда?
Терроризмнің «әмияны» қайда?
© коллаж: Елдар Қаба
218
оқылды
Cоңғы оқиғалардан кейін қызды-қыздымен Қаржылық монито­ринг агенттігі «Айырбастау пункттері терроризмді қаржыландыруда пайда­ланылуы мүмкін» деген күмәнділеу мәлімдеме таратты. Бұл пі­кірдің күмәнді болатын тұсы сол – қазір қаржылық операциялардың бар­лығы онлайн жүргізіледі. Демек, қолма-қол ақшаға анау айтар­лықтай сұ­раныс жоқ. Сұраныс болғанның өзінде астыртын жоспары бар содырлар сөмке-сөмке ақшамен валюта айырбастау пункттерін аралап жүре ме? Табалдырығын аттаған әр тұтынушыны жеті атасына дейін тексеретін, әр қадамы бейнебақылау камерасына жазылатын орында террористік топ мүшелері емін-еркін ақша айырбастайды деуге сенудің өзі қиындау. Алайда агенттік мұндай мәлімдемені неге жасады?

Күдікті операция – дабыл сигналы

Негізінен, Қаржылық мониторинг агент­тігінің мұндай мәлімдеме жасап, айыр­бастау пункттеріне ауыр айып тағуы­ның өзіндік себебі бар сияқты. Ведомство осы сәтті пайдаланып, айырбастау пункт­терінің жауапкершілігін еселей түсуді көздейтіндей. Неге десеңіз, қолданыстағы заңнамаға сай 500 мың теңгеден астам сомаға валюта айырбастау кезінде кассир клиенттің жеке басын куәландыратын құжат пен тұр­ғылықты мекенжайы туралы мәлімет­терді сұратуы керек. Егер сома 500 мың теңгеге жетпесе, тұтынушы жеке басын куәлан­дыратын құжатты ғана ұсынады. Мұндай талап бізде 2018 жылдан бері бар. Кассир клиенттің мәліметтерін элек­тронды журналға тіркейді. Әрі ондағы де­ректерді валюта айырбастау пункттері құ­қық қорғау органдары жекелеген аза­мат­­тарға қатысты ақпарат сұратқанға де­йін құпия ұстайды. Демек, ірі көлемде валюта айырбастағандар туралы мәлі­меттер құзырлы органдарға қажет кезінде ғана беріледі. Дегенмен тұтынушыдан жеке куәлігі мен мекенжайы туралы ақпарат сұрату талабына айырбастау пунктінің барлығы бірдей құлақ аса қоймайды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, был­тыр Ұлттық банк тиісті талапты көзге ілмеген 134 айырбастау пунктін жауап­кершілікке тартқан екен. Осы фактіні алға тартқан ведомство айырбастау пункттері терроризмді қаржыландыруда, заңсыз табысты заңдастыруда әлдекімдердің со­йылын соғып кетеді деп күдіктенген болуы мүмкін. Ірі көлемде валюта айырбастайтындар туралы мәлімет жинау жоғарыда айтыл­ған­дай, заңсыздықтың жолын кесуді мақ­сат етеді. Мұндай тәжірибені көптеген ел­ әл­деқашан қолданысқа енгізген. Көр­ші Ре­­сейд­е 15 мың рубльден артық сомада ва­­лю­та айырбастайтындардың мәліметтері тіркеуге алынады. Беларусьте 2014 жылдан бері айырбастау пункттері клиенттерінен жеке мәліметтерін талап ете баста­ды. Айтпақшы, валюта айырбастау жүйе­сі­не аса сергек қарайтын Ресейде жеке айырбастау пункттері жоқ. Оларда қыз­меттің мұндай түрін тек банктерге қарасты қаржы ұйымдары ғана ұсына алады. Ал бізде қазір 2 150 валюта айырбастау пункті болса, оның 1 482-сі екінші деңгейлі банк­терге қарайды. Ал қалған 668 пунктке «Қазпошта» акционерлік қоғамы мен жеке коммерциялық ұйымдар иелік етеді. Демек, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан көп мөлшерде валюта айырбастағандардың операциясы жайында мәлімет жинау тәжірибесінің берері мол. Алайда мұнда заңды табысын өзі қалаған валютаға ауыс­тырғысы келетіндердің де қосақ арасында күдікке ілінбеуін мұқият ойластырған аб­зал. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл тұр­ғыда ірі сомаларды тұрақты айыр­бас­тайтындар мен үшінші тұлғалардың қа­тысуымен валюта айырбастауға тыры­сатындар, терроризмді қаржыландыру тә­уекелі жоғары елдерден келген азамат­тардың күдікті операциялары қатаң бақы­лауда болатынын айтып отыр. Өз кезегінде құзырлы органдар да айырбастау пункт­терінен күдікті операциялар туралы хабар түссе, терроризммен байланысты ұйымдар мен тұлғаларды дер кезінде анықтайды. Ал тұтынушылардан қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратпаған, күдікті опера­ция­лар туралы хабарламаған валюта айыр­бастау пункттерінің әрекеті заңсыз кіріс­терді иемденуге, терроризмді қаржылан­дыруға қатысы бар деп тануға негіз бола­ды. Соған сай, мүдделі органдар айыр­бастау пункттерінің айырбастау опера­ция­ларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін лицензиясын қайтарып алу түріндегі жа­уапкершілікке тартады.

Бәрін валюта айырбастаушылар бүлдірген бе?

Алайда сала мамандары Қаржылық мони­торинг агенттігінің айырбастау пункт­тері терроризмді қаржыландыруға қолда­нуы мүмкін деген ескертпесі мүлдем қи­сын­ға келмейді деген пікірде. Қазақстан ва­люта айырбастау пункттері қауым­дас­ты­ғының президенті Аршын Ғалымбаев бұл мәсе­лені әлі де пысықтау қажетін айтады. – Шынында, агенттіктің бұл байламы ақылға қонбайды. Мен бұл жағдайда айыр­­бастау пункті мен банктердің ара­сында ешқандай айырма көріп тұрған жоқ­пын. Демек, теріс пиғылдылар тер­ро­ризм­ді қаржыландыруға қажетті қара­жатты банктің кассасынан да алуы мүмкін. Жалпы, террористік әрекетті қаржы­ландырғысы келетіндер валюта айырбастау пункттеріне барып, ақша айырбастаудан да күрделі схеманы қолданады. Ақшаны айырбастаудан бұрын оны шетелден алып келу немесе шетелге алып шығу керек. Мұндай ірі көлемдегі қаржының шека­ра­дан өткізген шекара, кеден қызметінің әлгіндей іске қатыстылығын зерделеген жөн, – дейді Аршын Ғалымбаев. Қауымдастық президенті елдегі айыр­бастау пункттері тұтынушылардың мәлі­метін жинақтау бойынша талаптарды мей­лінше мойынсұнатынына да назар ау­дарды. Оның айтуынша, жеке мәлі­мет­терін айырбастау пункттеріне беруге клиенттің көбі қарсылық танытқан. Уа­қыт өте жұртшылық та қаржылық опе­ра­циялар кезінде бұл талапты орындауға мәж­бүр болған. Сонымен бірге ақша айыр­­бастау операциясы толығымен бей­небақылау камерасына жазылады. Ондағы жазбалар 90 күнге дейін сақталады. Демек, құқық қорғау органдары күдік тудырған опера­цияны бейнебақылау камерасындағы жаз­­балар арқылы да тексеруіне болады. – Шынын айтқанда, агенттік осы мә­лімдемесі арқылы қаржылық операциялар кезіндегі «бармақ басты, көз қысты» әре­кеттерге тағы да валюта айырбастау пункт­терін кінәлі етіп көрсеткісі келеді. Бұған дейін де ұлттық валютаның құнсыздануына айырбастау пункттері кінәлі деген мәлім­деме болған. Енді келіп терроризмді қар­жы­ландыруға қатысы бар деген айып тағылды, – дейді А.Ғалымбаев. Жоғарыда қолма-қол ақшаға сұраныс аздау деп айтқанымызбен, бізде валюта айырбастау пункттерінің қызметіне жүгі­нетіндердің қарасы қалың екен. Тек былтырғы жылдың 3-тоқсанының өзінде отандас­та­рымыз жалпы көлемі 811,6 миллиард теңге болатын қолма-қол шетел валютасын са­тып алған. Мұндағы жалпы шығыстардың 63,1 пайызы АҚШ долла­рына тиесілі. Сон­дай-ақ осы аралықта валюта айыр­бастау пунктіне барғандардың әрбір төр­тіншісі Ресей рублімен қаржылық опера­ция жүргізіпті. Сонда да валюта айырбастайтындар­дың арасында содырлар болуы мүмкін деген пікірді құптауға болмайды. Қанды­қол қарашқылардың теріс пиғылын жүзеге асыруға қажетті ақшаны банк кассасынан да шешіп алуы ғажап емес. Ескеруге тұрарлық тағы бір факті. Тек өткен жылдың 2 айының өзінде Қаржылық мониторинг агенттігі қолма-қол ақшаны алу схемаларын құрып, заңсыздыққа бар­ған бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топ­ты әшкереледі. Олардың кейбірі кәсіп­кер­лерге жалған бухгалтерлік құжаттар арқы­лы 2 жыл ішінде 3 миллиард теңгеге жуық қаржысын қолма-қол шешу қызметін ұсын­ған. Ал Атырау облысындағы жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің бірінің директоры 1 миллиард теңгеге жуық қара­жатты шетелге заңсыз шығарған. Бұл факті валюта айырбастаушылардан бөлек ірілі-ұсақты кәсіпкерлер де терроризмді қар­жыландыру мен заңсыз табысты заң­дас­тыруға «көмек» көрсете алатынын бай­қа­тады. Демек, Қаржылық мониторинг агенттігі «на­­рық­тың» да әлгінде айтылған істерді қаржы­ландырудағы мүмкіндігін назардан шет қалдырмағаны абзал.

Шет қалмайтын да сияқты

Бет қатталып жатқанда Қаржылық мониторинг агенттігі терроризмнің төлем қызметін көрсететін ұйымдар арқылы қар­жылан­дырылуы мүмкін екенін хабарлады. Агент­тік бұған Сириядағы қарулы топ мүшелері иелік ететін шетелдік QIWI әмияндарына жүйелі түрде ақша аударған жеке тұлғаға қатысты тергеу жүргізуді мысал еткен. Тіпті, бұл жүйе есірткі және психотроптық заттарды сатып алу үшін де жиі пайда­ланылады екен. Мәселен, ведомство өкіл­де­рі есірткі заттарын сату­шыға төрт ай ішінде бірдей сомамен 450 рет қаражат түс­кенін де анықтапты. Бұл мәлімдеме терроризмді қаржы­ландандыру, заңсыз табысты ресімдеуде валюта айырбастау пункттерінен басқа да қаржы операцияларын жүргізетін жү­йе­лердің қызметі қолданылатынын көр­сетті. Әрі бұл тізімнің уақыт өте қаржы ау­да­рымын, әртүрлі төлемді қамтамасыз ететін арналармен толыға беруі де ғажап емес.