Еліміздегі ең ірі мегаполиске Ерболат Досаевтың әкім болып тағайындалғанына да екі аптаның жүзі болды. Әрине, «айға да толмаған уақытта әкім не бітірді?» деп айту орынсыз болар. Дегенмен мегаполис әкімінің алғашқы шешімдері арқылы қаланың даму бағытын болжауға болатын тәрізді. Досаевтың бұған дейінгі бірнеше әкімнен негізгі екі айырмашылығы бар. Біріншісі – осыған дейін биліктің әртүрлі сатысынан бірде сүрініп, бірде сүрінбей өтіп келгенімен, әкімдік қызметке алғаш тағайындалуы. Екіншісі – алып мегаполиске кешегі «қасіретті қаңтардан» кейін басшы болып келуі. Дүрбелеңнің зардабы шаһардың экономикасына едәуір залал келтіргені рас. Мемлекет басшысының Алматыны қалпына келтіруді басқаға емес, экономист маманға тапсыруының да бір себебі – осы. Сонымен, жаңа әкім не істеп жатыр, нақты қандай шешім шығарып үлгерді? Осы тұрғыда бір-екі ауыз сөз айта кетуді жөн деп санадық. Досаевтың Алматыға әкім болып келуін қаңтар оқиғасымен қанша жерден тығыз байланыстырғанмен, оқиғаға дейін де біраз мәселе нақты шешімін таппай тұрған болатын. Солардың қатарында қала ішіндегі заңсыз құрылыс нысандарының мәселесі де бар. Бұл туралы қала белсенді-лерімен қатар қарапайым тұрғындардың да талмай айтып келе жатқанына бірнеше жыл болған. Тіпті, бұл тақырып экс-әкім Бақытжан Сағынтаевтың да назарынан тыс қалмаған еді. Құрылыс компанияларымен арадағы бітіспес даулар мен сағызша созылған сот отырыстары біраз адамның ұйқысын қашырған. Дәл осы мәселе Досаев мырзаның да алдынан шықты. Бірақ ол әкім ретіндегі алғашқы шешімдерінің бірі арқылы жыр болған құрылыс нысандарының жұмысын уақытша тоқтата тұруға бел байлады. Ақпанның алғашқы күндерінде шыққан шешім мегаполистің ортасында қыз-қыз қайнап жатқан 19 құрылыс нысанының жұмысын бір күнде тоқтатты. Оның ішінде талай адамның жүйкесін жұқартқан Самал-3 шағынауданы мен Достық даңғылы 125 мекенжайындағы ірі құрылыс нысандары бар. Әрине, шешім барлық мәселелер анықталғанша уақытша тоқтата тұруға шықты. Десе де, алдағы бірнеше сатыдан тұратын сот отырыстарының ұйғарымдары қала тұрғындары мен әкімдіктің пайдасына шешілетін болар деп үміттенеміз. Себебі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 29 қазанда қаладағы даулы жер телімдерінде құрылыс жүргізуге тыйым салуға тапсырма берген болатын. Қалай айтсақ та, қала басшысы ретінде шығарған бұл батыл шешімі арқылы жаңа әкім алматылықтарға біршама үміт сыйлағандай болды. Одан кейін шаһардағы әл-Фараби даңғылының бойын Шығыс айналма автомобиль жолы мен Саин көшесінің аралығын орташа жөндеуге бөлінген қаржыны қайта қарауға шешім шығаруы. Осы шешім арқылы жаңа әкім аталған жобаға бөлінген 2 миллиард теңгені ерекше мұқтаж аудандарға жол салуға жұмсамақ. Білуімізше, бұл қаржының бір бөлігі «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы аясында жұмсалатын секілді. Себебі жақында қаладағы жаңа ауданның бірі Наурызбай ауданы халқымен кездескен сәтінде әкім осы бағдарламаға қаралған қаржыны тағы да 500 миллион теңгеге, яғни алғашқы қаралған 1,3 миллиардтан 1,8 миллиардқа дейін ұлғайтатынын айтқан. Соның есебінен ауданда тозып кеткен жолдар күрделі жөндеуден өтіп, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынбақ. Сондай-ақ Алматыны кешенді дамыту жоспары аясында кемінде 100 шақырым жаңа жол төселмек. Бұл туралы Досаевтың өзі 8 ақпанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндаған болатын. Бұл екі шешім де қала тұрғындарының ойынан шығып, қолдау тапты деп ойлаймыз. Ал жақында «Алматы Метрополитеннің» жұмысына қатысты шығарған шешімі қала халқын онша қуанта қойған жоқ. Нақты айтсақ, «Момышұлы» және «Сарыарқа» метро бекеттерінің құрылысын алматылықтар наурыз айында бітеді деп еді. Жақында Досаев мырза аталған екі бекеттің құрылысын аяқтауды мамыр айына дейін созуға шешім шығарған. Алайда нақты себебі айтылған жоқ. Өткен жылдың соңғы күндері сол кездегі қала әкімі Б.Сағынтаев мырза аталған екі бекеттің де құрылыс жұмыстары 95 пайызға бітіп тұрғанын, қалған жұмыстары осы жылдың бірінші тоқсанында толық аяқталады деген болатын. Экс-әкімнің сөзінше, алдағы наурыз айында жаңа екі бекет пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ жаңа әкімнің су жаңа шешіміне сәйкес, мегаполистіктерге жаңа бекеттерді көктемнің соңғы айына дейін күтуге тура келіп тұр. Десе де, сағызша созылған талай жобаның куәсі болып үйреніп қалған алматылықтарда «метро құрылысы мамырдан да ары созылып кетпес пе екен?» деген уайымдары да жоқ емес.
Алматы қаласы