Жаңғырудың жаңа тәсілдері керек
Жаңғырудың жаңа тәсілдері керек
143
оқылды
Белгілі саясаттанушы Эдуард Полетаев Facebook парақшасында «Nur Otan» партиясын жаңғырту туралы пікірін жазды. Ол мемлекетті жаңғыртуда партия ең басты акторлардың бірі болады деп санайды. «Nur Otan» партиясының Төрағасы, Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 нау­рызда кезектен тыс XXII съезді шақыру туралы шешім қабылдады. Бұл партияның құрылған күні, 23 жыл бұрын оның бірінші съезі өтті. Содан бері елімізде қалыптасқан пар­тиялық жүйе «Nur Otan» партиясы басымдыққа ие болып, өзгелері қосалқы рөл атқарған доминанттық түрге жатқызылды. Қаңтар оқиғасын ой елегінен өткізгеннен кейін және қоғамдық пікір мен іс-әрекет күш ала бастаған қазіргі сәтте саяси партиялардың идеологиялық та, кадрлық та жұмыстары сынға ұшырады. Ең көп ақпараттық шабуылға биліктегі «Nur Otan» партиясы ұшырайды», – деп атап өтті Эдуард Полетаев. Саясаттанушы партия жайында оның айтарлықтай ұзақ уақытта және үлкен күш-жігер арқылы құрылғанын, 800 мыңға тарта мүшесі бар, орталықтандырылған бұқаралық  ұйым  болып қалатынын атап өтті. «Оның басқарушы органдары мен өңірлік құрылымдарының қызметі Жарғыға сәйкес жүргізіледі. Партия өзін центристік ретінде танытты,  дегенмен қазір әлеуметтік әділдік пен халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесінде саяси маятник әлдеқайда солға қарай ауытқып барады. Дегенмен саяси партия қоғам мүшелерінің белсенді бөлігінің өзін-өзі ұйымдастыруының күрделі формасы саналады, оның құрамында адами қатынастардың алуан түрі кездеседі және болып жатқан өзгерістер  оған міндетті түрде әсер етуі тиіс. Егер ол әлдебір иммунитетке, электоралды инженерияға, әкімшілік амал-айлаларға, жоғары биліктің көңіл ауанын дөп баса алатын қабілетіне сеніп, азаматтардың сұранысынан тыс, виртуалды кеңістікте жүрсе, оның болашағы жарқын бола алмайды. Егер Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай жақсармаса, онда партияның жақтастары азаяды. Елімізде саяси реформалардың жаңа легі енгізіледі деп уәде берілгеніне қарағанда, жақын болашақта партия мүшелері санының шекті мөлшерінің төмендеуі, партиялық жүйенің  плюрализациясы, азаматтық қоғамның сайлау процесіне әсер ету мүмкіндігі артуы ықтимал. Яғни,  «Nur Otan» үшін бәсекелестік орта өзгереді», – дейді Эдуард Полетаев. Саясаттанушының ойынша, мемлекетті жаңғырту нақты себептерге байланысты туындаған. «Nur Otan» оның негізгі акторларының бірі болуы тиіс, бұл жағдайда саяси институт ретінде өзі де жаңғыруы керек. Тұтастай алғанда, мемлекеттің сәтті жаңғыртылуы партияның қаншалықты жедел әрі сапалы жаңғыруына байланысты болмақ. Икемділік, жеделдік, табандылық  және ашықтық – билік партиясы жұмысының жаңа тәсілдеріне айналуы тиіс. Оның Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев реформаға жоғары қарқын берді, сондықтан оны жаңғырған партия қолдайтын болады. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін ресурстық базаны мобилизациялау, жастар қанатын дамыту, халықпен жүзбе-жүз кездесу, яғни ел арасына шығу, өңірлік деңгейдегі партиялық кадрларды нығайту қажет», – деп түйіндеді ол.