Мәжілісте «Кинематография туралы» заңды талқылау басталды. Талқылауға киноға жауапты мамандар мен сарапшылар топтасқан. Заң жобасы биыл қабылдануы тиіс. Тәуелсіз сарапшылар мен депутаттардан құралған жұмыс тобы қандай талқылаулар өткізіп жатыр? Заңға қандай өзгерістер мен түзетулер енгізіледі?
Естеріңізде болса, былтыр Мәдениет министрлігі бұл мәселеге орай заң жобасына түзетулер сөздердің орфографиялық нормалары мен тәртібінің сақталуын, олардың дұрыс құрастырылуы мен айтылуын қамтамасыз ету үшін тиісті нормалар қабылданды деген еді.
«Қазір мүдделі органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен және кинематография қайраткерлерінен жасақталған жұмыс тобы құрылды. Бүгінде жұмыс тобы 10-нан астам отырыс өткізді. Онда кинематографияның кинокомиссияларды құру тетігі, фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бөлігіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Орындалуы алдағы уақытта да жобалық кеңсе арқылы қадағаланады. Айта кетейік, бүгінде қазақ тіліндегі 35-тен астам фильм прокатқа шығып, демеушілер 1,4 миллиард теңге бөлді. «Жол картасына сәйкес, 2022 жылы заңды қабылдау жоспарланып отыр», – деген еді Мәдениет министрлігі.
Сарапшылар, әсіресе заңның 9-бабын қайта қарап, кеңейтілген қоғамдық талқы ұйымдастыруды ұсынып отыр. Ал бұл бап «фильмдерді прокаттау тілі» мәселесін қамтиды. Мамандардың айтуынша, заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады. Еліміздің аумағындағы кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда фильмдер қазақ тіліне дубляж жасалуға не субтитрленуге не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс. Яғни кинотеатрларға прокаттағы фильмдерді қазақшалау тәсілін таңдауға еркіндік берілген. Бүгінде көпшілік кинотеатрлар заң талабын субтитрлеу арқылы орындап отыр деуге болады. Бірақ субтитрдің сапасы көрермен көңілінен шыға ма? Соңғы жылдары аударма тілінің жұтаңдығы, субтитрлердің сапасы сын көтермейтіні туралы жиі мәселе қозғалып жүр. Сондықтан жаңа заңда фильмдерді субтитр арқылы емес, дыбыстау, яғни дубляждау арқылы қазақ тіліне аудару мәселесі міндетті талап ретінде ұсынылу керек. Мұны сарапшылар да қолдап отыр.
Сондай-ақ жұмыс тобы шығарылатын барлық ұлттық картиналардың көшірмелерін, материалдары мен реквизиттерін сақтау жөніндегі Мемлекеттік кино қорының функцияларын «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына берген дұрыс дейді.
«Мәселе – ең алдымен киноиндустрия моделіндегі өзгерістерде тұр, бастысы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен «Қазақфильмнің» міндеттерін айқындап, бөліп беру керек. Біреуі фильмдерді қаржыландырумен, қолдаумен және прокатпен айналысса, екіншісі, біздің пікірімізше, қазақстандық кинематографтың барлық резиденттері үшін кино саласында қызмет көрсетумен айналысуы тиіс. Міне осы мәселе шешілгенде, өзгерістер анық болады. Сонымен бірге жеке ойыншыларға қызығушылық таныту үшін қаржыландыру шарттарын өзгерту керек. Себебі қазіргі қолданыстағы заңмен, оларға конкурсқа қатысу мүлдем қызықсыз және тиімсіз. Және де бізде шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша өткір мәселе бар, бұл жағдайда біздің ұстанымымыз – біз тек қазақстандық фильмдерді қаржыландыруымыз керек. Осы мәселе бойынша да біз заңға ұсыныс дайындап жатырмыз», – дейді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз хатшысы Жангелді Өмірәлиев.
Өмірәлиевтің айтуынша, орталық қазір министрлікпен бірлесе отырып, заңға қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу бойынша белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бұрынғы Заңның кем-кетігін толтырып, маңызды аспектілері ескерілетін болады. «Кинематография туралы» ҚР заңын жетілдіру бүкіл қазақстандық кино индустриясын дамытуға жаңа серпін беретінін тағы да атап өткен жөн.
Продюсер Қанат Төребай да сарапшылардың қатарында жұмыс тобына енген. «Қазір заң қаралып, өзгерістер талқыланып жатыр. Жұмыс тобының ішінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қызметкерлері де, Киногерлер одағының өкілдері де бар. Негізінен, бұл заңды ашық талқылауға шығару керек. Яғни, қоғам болып талқылау қажет. Өйткені бұл өнер адамдарының, кино саласында жүрген мамандардың ертеңгі тағдырына әсер ететін маңызды құжат. Жалпы, бізде кино саласын реттейтін заңның бекітілгеніне көп болған жоқ. Оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қалыпты жайт. Ресей Кино туралы заңын бекіткеніне 23 жылдан асты. Әлі күнге жыл сайын өзгертулер мен толықтырулар енгізіп отырады. Кем-кетігін түгендейді. Неге? Кино саласы бір қалыпта қатып қалмайды. Өзгеріп отырады. Дамиды», – дейді Қанат Төребай.
Продюсер әзірге талқылау жүріп жатқанын, нақты қалай бекітілетінін уақыт көрсететінін айтып отыр. Бастысы, кино саласында жүрген мамандардың көкейінде жүрген мәселенің бәрі қамтылғаны дұрыс деп отыр.
Соңғы жылдары кино саласы десе, ең алдымен дубляж мәселесі ауызға ілігеді. Жазушы Смағұл Елубай «дубляждағы кемшіліктерді түзетпей, сыннан арыла алмаймыз», – дейді. Яғни, жаңа заң қабылданып, жолға қойылса, аударма саласы да түзелетін болады. «Қазақ тіліндегі фильмдерге көрермен бармайды» деген пікір көп айтылады. «Ұсыныс жоқ» дейді. Бұл – дұрыс емес. Қазақ тіліндегі фильмдерге әрқашан сұраныс бар» деген еді жазушы. Сұраныстың бар екенін жекеменшік кинокомпаниялар дәлелдеп жүр. Мәселен, Нұрлан Қоянбаевтың «Түркиядағы қазақша бизнес» не болмаса «Кореядағы қазақша бизнес» фильмдерінің қазақ тіліндегі нұсқасына көрермен көп барды. Әрі продюсер де осы фильмдері арқылы жақсы табыс тапты. Мәселен, бір ғана «Кореядағы қазақша бизнес» фильмі 2020 жылы рекорд орнатып, 1 миллиард 40 миллион тапқан еді.
Не десек те, отандық кино нарығында шетелдік фильмдердің үлесі жоғары. Қазақстандық фильмдер аз. Оның көбі жекеменшік кинокомпанияларға тиесілі. Отандық кино нарығын реттеу үшін ең алдымен прокатты реттеу қажет. Осы орайда сарапшылар прокат мәселесін шешуді де алғашқы орынға қойып отыр. Заңда түзету енгізілуі тиіс баптың бірі – осы прокат мәселесіне қатысты. Қазақ режиссерлері прокат реттелсе, табыс та молаяды деген сенімде. Карантин шектеулері алынса, кино индустриясы да қалыпты жағдайға оралатын болады. Сондықтан заңға қажетті түзетулер мен өзгертулерді осы бастан реттеп алмасақ, ертең «қолымызды мезгілінен кеш сермейтін» боламыз. Киногер қауымның да, сарапшылардың да ұсыныстары осыған тіреледі.