Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада мәреге жетті. Жалпыкомандалық бейресми есепте 16 алтын иемденген Норвегия елі көш бастады. Бұл Олимпиада тарихындағы рекорд болып есептеледі.
Екінші сатыдан Германия көрінсе, үздік үштікті Қытай түйіндеді.
Қазақстан спортшылары аталмыш сайыста жүлдесіз қалды. Ең үздік нәтиже шорт-тректен 500 метрлік қашықта жекелей сынға қатысқан Абзал Әжғалиевке тиесілі. Ол финалда төртінші орын алды.
Алайда қазақстандық жанкүйерлер Олимпиада медалін көрмейміз деп тым қатты мұңаймаса болады. Себебі «Барыс» хоккей клубының ойыншысы Томаш Юрчо елордаға қола медальмен оралатын болды. Ол өнер көрсеткен Словакия құрамасы үшінші орын үшін болған тартыста жеңіске жетіп, жүлдегер атанды.