Банктің шартын оқымай-ақ қол қоятындар саны азайды ма?
Банктің шартын оқымай-ақ қол қоятындар саны азайды ма?
Фото: wealtheducation.org
178
оқылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қызметтерді пайдаланудағы халық арасында жүргізілген зерттеудің нәтижесін жария етті.

Қаржылық сауаттылық индексі 2020 жылмен салыстырғанда 0,45-ке ұлғайып, 2021 жылы 39,52 пайыз болды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қаржылық сауаттылық индексін жеке қаражатын басқару, қаржылық қызметті пайдалану және қаржы жүйесі туралы хабардар болу бойынша есептеді. Сонымен, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында қаржылық қызметті пайдаланатындар саны көп. Ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облысына тиесілі. Танымал қаржылық қызметтер – тауар кредиті (37,4%), ағымдағы шот (32,6%), банк депозиті (29,3%). Ал зейнетақы аннуитеті (1,08%), білім беру депозиті (0,72%), акциялар, облигациялар және инвестициялық пай қорының (0,16%) танымалдығы төмен. Пандемия кезінде халық банктердің мобильді қосымшасын көп пайдаланған. Бір қызығы, қаржылық қызметтерді пайдалануда әйелдерге қарағанда ер адамдардың үлесі басым. Зерттеу орта жас (25-тен 45 жасқа дейін), жастар (18-ден 21 жасқа дейін) мен зейнеткерлерге қарағанда әртүрлі қаржылық қызметтерді жиі пайдаланады. Қаржылық мәселелерді шешу барысында респонденттердің үштен бірі қаржылық сауаттылық бойынша ұсынған тапсырмаларға дұрыс жауап берді. Яғни, қаржылық қызметтерді түсінеді. Бірақ, соған қарамастан, кәсіби экономикалық терминологияны және банктер мен басқа да қаржы ұйымдары ұсынатын шарттарды білмейтіндер көп. Әсіресе, зейнеткерлер, студенттер және үй шаруасындағы әйелдер. Жалпы, соңғы жылдары азаматтар қаржылық қызметке егжей-тегжейлі қарап, шартты мұқият зерттей бастаған. Мәселен, респонденттердің 44,9%-ы шартты оқып, толық түсінгеннен кейін қол қояды. Менеджерлерге қосымша сұрақтар қояды және талаптарды зерттейді. Ал респонденттердің 21,8%-ы сұрақсыз қол қояды. Себебі, шарттың бәрін түсіну оларға қиын. Айта кетейік, 2021 жылы зерттеуге 10 000 респондент қатысқан. Олардың ішінде 18 жастан 29 жасқа дейінгі (23,08%), 30 жастан 49 жасқа дейінгі (62,32%), 50 жастан 63 жасқа дейінгі (12,32%), сондай-ақ 63 жастан асқан (2,28%) әйелдер (58,8%) де, ер адамдар да (41,2%) бар. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар 3 қалада және Қазақстанның 14 өңірінде жүргізілді.