Жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстанға келген Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Әмірхан Рахымжанов, Зарина Камасова мен Игорь Панченко облыстық және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Әмірхан Рахымжанов сапар барысында Ұлан ауданының бірнеше ауылдарын аралап, мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын көріп, тұрғындармен кездескенін, жеке қабылдау өткізгенін айтты. «Екі әріптесіміз Ерлан Саиров пен Ирина Унжакова ауылдарда жүр. Үш депутат бүгін өздеріңізбен кездесуге арнайы келіп отырмыз. Ұлан ауданының Сағыр, Бестерек, Қасым Қайсенов ауылдарында болғанда аңғарғаным, халықты толғандыратын мәселелер аз емес. Оның ішінде жер, жайылым, ауызсу секілді мәселелер өте өзекті. Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары ауылға үлкен емхана керек екенін жеткізді. Бұған 2 жарым миллиард теңгедей қаражат қажет. Канализациялық жүйелерді жаңғыртуға 300 миллион теңгедей ақша керек екен. Соңғы мәселе облыстық мәслихатта шешіледі деп ойлаймыз. «Ал емхана салу мәселесін Парламентте көтереміз, қолымыздан келгенше көмектесеміз» деп халыққа уәде беріп кеттік», – дейді депутат. Кездесуде облыстық және қалалық мәслихат депутаттары сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. «Жетім балалар тұрғын үйге кезекке тұрғанда 29 жасқа жеткенде автоматты түрде кезектен шығарылып қалады. Кезекке тұру үшін тіркеуде болуы керек екен. Олар қайда тіркелуі керек? Және оларға берілетін үй кейін жекешелендіруге жатпайды екен. «Тұрғын үй» туралы заңнамаға өзгерістер енгізсеңіздер, осы жәйттерді ескерсеңіздер екен», – деді Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш. Сонымен қатар ол қаладағы көпқабатты үйлердегі лифтілердің көбінің ескіргенін, пайдалану мерзімдері әлдеқашан өтіп кеткенін, мұны жасатуға тұрғындардың шамасы келмейтінін айтып: «Бұл мәселені қазір қолға алмаса, қайғылы жағдайлардың болуы да мүмкін. Осы тарапта сіздерден көмек күтеміз», – деді. Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Арайлым Есімбекова «Дипломмен – ауылға» бағдарламасындағы кейбір шикіліктер жас мамандардың ауылға орнығуына кедергі болып жатқанын жеткізді. «Осы бағдарламамен аудандарда үй алу өте қиын. Себебі бағдарлама талаптарына сай келетін үйлер жоқ. Біз шекаралық аймақта орналасқан Катонқарағай ауданындағы Ақсу ауылын зерттеп көрдік. Бұл ауылға бірнеше жас маман келген. Бірақ әлі күнге дейін үй ала алмай отыр. Өйткені қаржы беретін банктің талаптарына сай келмейді. Амалсыздан жалған құжаттар жасап, ауылдағы ата-анасының үйін сатып алады. Бес жылдан кейін қалаға қайта оралып, жұмыссыз жастардың қатарын толықтырады. Осы мәселелерді заңдық тұрғыда қарау керек деп ойлаймын» деген ол өңірдегі коммуналдық мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысының төмен екенін, «Достық үйі», «Рухани жаңғыру орталығы» секілді мекемелерде айлық 80 мыңнан аспайтынын алға тартты.
Шығыс Қазақстан облысы