Құмарлықтың құрығына түсіп, шырғалаңға шатылған жанды құтқару – қиынның қиыны. Кейбір дерекке сенсек, елімізде 350 мыңнан аса азамат құмаройынның жетегінде кеткен. Алда-жалда бірлі-жарымды құмарпаздың қанжығасы майланғанның өзінде, бұдан казино да, букмекерлік кеңселердің де мұртын балта шаппайды. Ойынханалардың табалдырығын аттамай-ақ желідегі жарнамасына желігіп, кейін «сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар» сорлап қалады. Диагнозы «лудамания» деп аталатын дертке шалдыққандардың 40 пайызы өз-өзіне қол жұмсайды екен. Құмаройынға неге тоқтам жоқ?
ЖЕМТІГІН ЖЕЛІДЕН ІЗДЕЙДІ
YouTube-тан қалағаныңды көрейін десең, қызылды-жасылды жарнамасы жарқырап, сан түрлі казино мен букмекерлік ұйымдар көз алдыңа менмұндалап тұрады да қалады. 2007 жылғы қаңтарда казино атаулыны резервацияларда оқшаулаған «Ойын бизнесі туралы» заң қабылданған тұста букмекерлер тыс қалды. Казинолар жабылғаны сол екен, букмекерлердің жұмысы қыза түсті. Жабылған казинолардың орнына құрылып, сол маңды айналсоқтап үйренген клиенттерге құшағын ашты. Сосын тек спортпен шектелмей, кез келген оқиғаға бәс қабылдай бастады. Содан бері Бурабай мен Қапшағайды жерсінбей, жемтігін желіден іздеуге көшті. Әрине, жарнамасына бәрі бірдей иланбас десек те, бірді-екілі адам қызығушылықпен сілтемеге бас сұғуы әбден мүмкін. Сол қызығушылық талайлардың қаржылық әрі моральдық-психологиялық ахуалына қомақты нұқсан келтіреді. 2 жыл бұрын құмаройынның құрығынан әрең шыққан Жандос Самалбеков сондай сәтте әлі күнге дейін елең ете қалатынын жасырмады. Кезінде туыстары мен достарының атынан несие алыпты. Бүгінде басындағы қарызы 7 миллион теңгеден асып жығылады. Жарнаманы көрген кезде қаншама ем-дом жасағанын еске алып, ата-анасын ойлайды. «Құмаройынға салынғандар арасынан 18-ден жаңа асқан бойжеткендер мен зейнет жасындағы әжелерді де кезіктіруге болады. Минут сайын 5-10 мың теңгесінен қағылады. Қазір бәрін түсінемін. Туыстарымның арасында тәуелді адамдар бар екен. Басында жай қызығушылық деп жүрдім. Кейін ойыннан шыға алмай қалдым. Құмаройындардың жарнамасы өте көп, күнде көз алдымнан өтеді. Ақша жетпей қалғанда, біреуге ренжісем, бәс тіккім келіп кетеді. Өмірге деген өкпемді ақшамды желге ұшырып, өзімді әбден жер қылып шығаратын сияқтымын», – дейді Ж.Самалбеков. Құмаройынның шырмауына түскендердің дені – 25-35 жас аралығындағы жастар. Елорда тұрғыны Алмасбек Бекжанов та өзінің ара-тұра ойнап тұратынын жасырмады. «Мен хобби ретінде ойнаймын. Көп ақша тікпеймін. 500, 1000 теңге. Айына 1-ақ рет. Шүкір, сол ақшамды 4-5 есе шығарып аламын. Жеңіл жолмен келген ақша жеңіл кетуі керек. Садақаға жұмсаймын немесе балаларды қыдыртамын. Kcell компаниясының бұрынғы топ-менеджерінің 450 миллион теңгені жымқырып, оны букмекерлік кеңселерде ұтылып қалғанын естігенмін. Өйткені жеңіл жолмен келген ақшаның берекесі болмайды», – дейді ол. Ақшаны қарызға алып, артынша құмаройынға ұтылған Леңгірдің тұрғыны есіңізде ме? 30 жастағы азамат үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Құзырлы органдарға анасы арызданыпты. Іздеу жұмыстары 1 аптаға созылып, Түркістан полицейлері жоғалған жігітті Алматы қаласында жүрген жерінен тапқан еді. Сөйтсе, ол 75 миллион теңге қарыз алып, бәрін құмаройынға тіккен екен. Қарызға алған ақшасын қайтара алмағандықтан, Алматы қаласына қашып кетуге шешім қабылдаған. Ал құмаройынды 20 жылға жуық ойнап келген маңғыстаулық Әсет есімді азамат ойынның нүктесін букмекерлік кеңсені өртеу арқылы қойды. Өз әрекетін ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеді. Видеосы желіде желдей есіп, қоғамдық резонанс тудырды. Ол құмаройынмен әуестенген уақыттан бері ұтысқа 200 миллион теңге тігіп, әбден опық жеген. Осы тектес оқиға Қарағандыда да болған. Ер адам 90 мың теңгені ойын автоматына ұтылып, артынша автоматты сындырып, өзіне тиесілі ақшаны қайтарып алған. Бірақ артық қаражатқа тиіспепті. Ер адам өз кінәсін мойындап, полицияға өз еркімен келгеніне және келтірілген шығынды өтеуге дайын екеніне қарамастан, оған қарсы қылмыстық іс қозғалды. Жалпы лудомания – әлеуметтік, материалдық, кәсіби және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкеліп соғатын патологиялық ойынқұмарлық. Бәс тігушілер ұтылған замат «енді ойнамаймын» деп өзіне сөз берсе де, қайта құмартып тұратыны белгілі. Оны толығымен емдеуге бола ма?ЕМДЕЛЕ МЕ?
Құмаройындарға салыну адам жанын қатты жаралайды. Komekcentеr құмаройын мен ішімдікке салынғандарды емдейтін орталық директоры, психолог Нұрлыбек Тұрсынбековтың айтуынша, ауру адам таңдамайтынын, жан-жақты, кешенді ем жүргізілмесе, одан құтылу мүмкін емесін айтты. «Емі психотерапия саласында жатыр. Аурухана жағдайында жүргізіледі. Аддиктолог, психотерапевт, психолог, әлеуметтанушы, педагог мамандар бірге жұмыс істейді. Ем 5 айдан 8 айға созылады. Құмаройынға салынған ер-азаматтарды алып қарасақ, көбі жеткіншек кезінде бастаған. Ал әйелдердің басым бөлігі 30 жастан кейін келген. Кейін орталықта волонтер болып жұмыс істеуіне мүмкіндік береміз. Арасында мемлекеттік қызметкерлер бар. Әскери сала мамандары, спортшылар өте көп. Мұны кедейлердің болмаса байлардың ауруы деу қате. Дерттің астарында психологиялық факторлар жатыр. Қазір ойынқұмарлық бойынша 50 адам ем алып жатыр. 10 жылда 5 мың адамды аяққа тұрғыздық», – дейді Н.Тұрсынбеков.ЗАҢ ТОЛЫҚТЫРУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Биыл құмаройынға қызығушылар тағы артқан. Ұтыс тігушілердің көшін алматылықтар бастап тұр. Олардан Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан тұрғындары да қалыспайды. 2020 жылдың алғашқы айынан соңғы тоқсанына дейін букмекерлік компаниялардың қалтасына 59,3 миллиард теңге түсіпті. Ал 2021 жылдың алғашқы айында абсолюттік рекорд орнатқан. Сала сәуегейлерінің сөзінше, мұндай оқиға Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған. Пандемия кезеңінде құмаройынға қызығушылар соңғы екі жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 6 есе өсіп кеткен. Қалтасындағы барын салып, «бәлкім ұтып қалармын» деп бәс тіккендерден 1 жылдың ішінде букмекерлік компаниялар 79 миллиард теңгеге байыған. Елімізде 350 мыңнан астам азамат құмаройынға салынған. Талайлар несиеге кіріп, талай отбасы ойрандалды. Бар дүние-мүлкінен түгел айырылып жатқандар қаншама? Ең сорақасы – бір ойыншының қарызы 10 млн теңге. «Жарнама туралы» қолданыстағы заңға сәйкес, казино мен интернет казино қызметтерін жарнамалауға тыйым салынады. Бірақ букмекерлік кеңселердің қызметтерін жарнамалауға тікелей тыйым жоқ. Сондықтан мұндай компаниялардың жарнамалары интернетте агрессивті түрде жарияланады. Сенатор Дана Нұржігіт осы фактіні ескере отырып, букмекерлік компанияларды жарнамалауға толық тыйым салу бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет екенін айтты. «Елімізде арнайы лицензия арқылы 7 казино, 30 букмекерлік компания жұмыс істейді. Осы саладағы ақша айналымы 170 миллиард теңгені құрайды. Алайда Үкімет әлеуметтік проблемаларды шешуге 2021-2023 жылдарға республикалық бюджеттің 50 пайызын қарастырған, бұл – үш жылда 23,4 триллион теңге. Енді цифрларды салыстыра келе құмаройындардың бюджетке төлеп отырған салығына қарамастан, әлеуметке келтіріп отырған зияны әлдеқайда көп екенін түсінесіздер, – деді Дана Нұржігіт.ТҮБІНДЕ ЖЕҢЕМ ДЕСЕҢ, ТҮБІҢЕ ЖЕТЕДІ
Ойында ұтылғандар көбіне әділдік жоқ ашынады. Бірақ олар о баста жұрттың ақшасына еселеп баюды мақсат тұтқан ойынханалар мен букмекерлік кеңселерден әділдік іздей ме? Оңай ақша жүрген жерде алаяқтардың қулығына құрық байламайды. Мәселен, былтыр «Олимп» букмекері ісіне қатысты сотталушылар 5-тен 8,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотталушылар 2014 жылдың қаңтар айынан бастап қылмыспен айналысып, әрқайсысы өзіне тиесілі рөлді атқарған. Электронды казиноны «Олимп» БК сайтымен біріктіру; алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру, оларды шетел валютасына айырбастау, Қазақстаннан тыс жерлерге экспорттау үшін курьерлерге аудару, сондай-ақ оларды заңдастыру. Олардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленіп, мемлекет пайдасына 95 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өндірілді.КӨРШІ ЕЛ ҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?
Бүгінгі мәселе – букмекерлік кеңселердің заманауи сипатқа ойысып, ұялы телефондарда қолжетімді болуы. Тексеріс болмайтын жүйе арқылы мектеп жасындағы балалар да спорттық ойындарға бәс тігіп жүр. Батыс елдерінің біразында бәс тігуге қатаң тыйым салынған, АҚШ-тың бірнеше штатында ғана рұқсат етілген. Мүлдем тыйым салған Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия мен Израиль, Сауд Арабия мемлекеттері. Ал бізде букмекерлік кеңселердің саны күн өткен сайын көбейіп келеді. Қытайда соңғы 5 жылда құмаройынға салынғандар қатары 700 миллион адаммен толығыпты. Індет келгелі бұл кәсіптің көркі одан сайын қыза түскен. Сондықтан Қытай үкіметі ойынқұмарлықпен күресті мектептен бастады. 2021 жылдан бастап Қытайда оқушылар компьютерлік ойындарды аптасына үш сағат, жұма, сенбі және жексенбі және мереке күндері бір сағаттан ойнай алады. Оның ішінде тек 20.00-ден 21.00-ге дейін ғана. Бізде ше? Әлі тілі шықпаған сәби де қолындағы ұялы телефондағы түрлі ойынға есі кете алданады. Ата-анасы қолы қалт ете қалса, смартфонға үңілсе, ал балалары күні-түні қолынан тастамайды. Қытайдағы қатаң заң бізге де керек сияқты. Өйткені үлкендер 30 секундтық құмаройынның жарнамасын жылжытып тастар, ал балалар қызық көріп, жемтігін іздегендердің жарнамасына сеніп қалуы мүмкін. Баланы уату үшін қолына телефон ұстатып, құмаройынға бейімдеп жатқан жоқ па екенбіз?!