Құты қашқан Қазпошта
Құты қашқан Қазпошта
© коллаж: Әсел Балтақызы
Аймақтағы ағайынның Қазпоштаға айтар сыны көп. Жұртшылықтың компания жұмысына көңілі толмайды. Алайда бұған Қазпошта қызметкерлерінің де айтар уәжі бар. Ауылдағы ағайын не дейді, компания қызметкерлері ше? 

Жезқазғанда қалай?

1999 жылдың 20 желтоқсанында ашық АҚ болып қайта құрылған ком­пания қалалар мен ауылдық аймақтарда пошталық, қаржылық және логистикалық бағыттағы то­лық қызмет көрсету міндетін мой­нына алған болатын. Алайда қазір «Қазпошта» АҚ-ның аты жақсы жағынан шығып жатқан жоқ. – Бұрын пошта байланысының Жезқазған қалалық торабының бірнеше бөлімшесі жұмыс істеп, қаламен қатар аймақтағы барлық ауылдарды қамтитын. Осы кейінгі бір-екі жылдың ішінде Ұлытау ау­данына қарасты ауылдардың бар­лығында, сондай-ақ қала ірге­сін­дегі Кеңгір, Талап ауылдарындағы по­шта бөлімдерінің есігі тарс жа­былып, қызмет көрсету тоқта­тыл­ды. Енді осындай қисынсыз жағ­дай қалаға да төніп тұр. Қаладағы С.Сейфуллин көшесіндегі кең, қолайлы ғимаратта орын тепкен пошта байланысының №4 бөлім­шесі өткен жылдың соңғы тоқса­нында өзінің негізгі қызметтерін тоқтатты, – дейді Жезқазған қала­сының тұрғыны Амандық Рахов. Мұнда пошта жөнелтімдерінің барлық түрлерін қабылдап, өңдеп, тасымалдаумен қатар Ұлттық бан­кінің лицензиясына сәйкес қаржы операциялары жүргізіліп, түрлі ақ­ша аударымдары да жасалып келген. Қазір бұл жерде сырт жерлерден келетін сәлем-сауқаттарды тара­татын бір ғана оператор жұмыс іс­тейді. Қалған қызмет түрлері жоқ. Шағын төлемдер жасауға қо­лай­лы халыққа қызмет көрсету орта­лығындағы, салық инспек­ция­сын­дағы және автовокзалдағы пошта нүктелері де жабылып қалған. – Бүкіл қала тұрғындарына қыз­мет көрсететін Желтоқсан кө­шесіндегі бір ғана бөлімше жұмыс істейді. Мұндағы ұзын-сонар ке­зекте сағаттап тұрған адамдар хат-хабар жіберу немесе үйдің салығын төлеу сияқты болмашы шаруа үшін жарты күнін жоғалтып, босқа шар­шап-шалдығумен жүр. Кезектің жылжуы да баяу, адамдарға бір терезеде ғана қызмет көрсетеді,– дейді Амандық Рахұлы. Осында келушілердің қай­сымен сөйлессеңіз де, өкпе-реніш­терін алға тартады. – Бұл саланың қызметі жақсару орнына жылдан-жылға құлдырап барады. Поштаға келіп, кезекте тұрумен қаншама алтын уақыты­мыз босқа кетіп жатыр. Қызмет­керлері жалақысының төмендігін сылтауратады. Өз жұмыстарын дұрыс істей алмау басшылық тара­пынан талап пен тәртіптің болма­ғанында, – дейді белгілі кә­сіпкер Фарида Дәулетбаева. «Қазпошта» АҚ қалалық то­рабы жұмысының осыншама на­шарлап, қалжырауының себебі неде? Жуық маңда тығырықтан шы­ғар жол бар ма? Бұл туралы пошта байланысы Жезқазған қалалық торабының басшысы Айбол Болатбеков: – Қаладағы №4 бөлімшені пошта байланысының оператор­лары жетіспеуіне байланысты уа­қытша жаптық. Қаржымен жұмыс істеу оңай емес, бағдарлама қиын. Оператор әмбебап болуға тиіс. Екі адам вакцина алмаймыз деп жұ­мыстан шығып кетті, бір адам дек­реттік демалыста. Хабар­лан­дыру беріп жұмысқа шақырып жа­тырмыз. Бұл жағдайды жұмыс­пен қамту орталығы да, әкімдік те біледі. Оператордың жалақысы 78 мың теңге, қолға таза алатыны – 68 мың теңгедей. Бізге кемінде 5-6 оператор керек. Соларды түген­десек, №4 бөлімшені жұмыс істе­туге болады. Қазір бүкіл қаланың адамдары осы бөлімшенің қызме­тіне жүгінеді. Соның салдарынан үлкен кезек туындады. Пошта та­су­шылар да жетіспейді. Екі пош­ташының орны бос тұр. Ауылдағы пошта бөлімшелері де жабылып қалған. Әкімдері ап­тасына бір рет поштаны алып ке­теді. Пошта бөлімшелері Ұлы­тау ауданының орталығы мен Жез­ді, Қарсақбай кенттерінде ғана қалды. Тығы­рықтан шығу үшін жалақыларына 30% үстеме қосып, айлықтарын 102 мың тең­геге жеткіздік, – дейді. Пошта жеткізу бөлімі меңге­ру­шісінің айтуынша, қазірде 3 пош­ташы жетіспейді. Олардың айлық жалақысы 71 мың теңге екен. Та­быс салығы, зейнетақы жарнасы сияқты тиісті төлемдерін ұстағанда қолдарына 57 мың теңге алады. Бұрын қала бойынша 15 пошташы болса, қазірде штатта 10 адамға ғана орын бар. Айлықтың аздығы мен жұмыстың ауырлығынан оның өзі толық жетіспей отыр. «Қазпошта» АҚ-ның Жез­қаз­ғандағы бөлімшесі жұмысының шатқаяқтап, нашарлауы бүкіл өңірдегі баспасөзге жазылу, хат-хабар мен сәлемдемелер жеткізу істерінің тоқырап, тоқтап қалуы­на әкеліп соғуда. Мәселен, 2600-дей тұрғыны бар қала іргесіндегі Кең­гір ауылында пошта бөлім­шесінің жабылып қалғанына бір жылдан асыпты. Талап ауылында да осын­дай жағдай. Мұнда 635 тұрғын бар. Ал Жезқазған қала­сынан 300, ау­дан орталығынан 320 шақырым шалғайдағы Қос­көл ауылының ахуа­лы, тіпті қиын. Бұрын 15 мың теңге төлеп зейнетақы тарататын бір адам ұс­таған екен. Қазір пошта қыз­ме­ті мүлдем жоқ. Ауыл пош­та­шы­сы­­ның қысқартылып қалғанына бір жарым жыл болған...

Ақтоғайда ше?

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында да жағдай мәз емес. Мұнда да пошта қызметі ақсап тұр. – Кеңес өкіметі құлап, тәуел­сіз­дік алғанымызға да, міне бақан­дай 30 жыл болыпты. Сол отыз жыл бойы пошта байланысы қыз­меті жұрттың жүйкесін жұқартып келеді. Алайда «Қазпошта» АҚ мыз­ғымас қара жартас па дерсің. Жоғары жаққа жолдаған елдің арыз-шағымы жаңғырық болып кері қайтуда. «Қақсай, қақсай қас­қырдан да ұят болды» демекші, «Қазпоштаның» пошта қызметіне шағым айта ел де жалықты. Сірес­кен сең бұзылар емес. «Баяғы жар­тас – бір жартас», газет-журнал оқи­тын, көзі қарақты оқырманның зарына құлақ асатын пенде жоқ. Облыстық басылымның Ақтоғай, Шет аудандарындағы тілшісі бол­ған соң шарасы қалмаған ағайын көбіне-көп өкпе-ренішін бізге ай­тып жатады, – дейді Ақтоғай ау­да­ны тұрғыны Мүсіркеп Сейдахмет. Ақтоғай ауданының әлеумет­тік-экономикалық дамуына айтар­лықтай үлес қосқан, еңбек ардагері Жанғабыл Қызылбаев ақсақалдың пошта қызметіне көңілі толмайды. – Жасым 80-ге аяқ артты. Мені «газетке жазыл» деп ешкім мін­деттеп, мәжбүрлемейді. Өзім үшін оқимын. Жыл сайын жергі­лікті пошта бөлімшесіне өз ая­ғым­мен барып, міндетті түрде Ortalyq Qazaqstan, «Ақтоғай ажары» газет­те­ріне жазыламын. Ел, аймақ, ау­дан аумағында болып жатқан оң өз­герістер мен жаңалықтарды қа­лауат жібермей оқып, біліп оты­ра­мын. Ертеден келе жатқан дағды ғой. Дегенмен жазылғанымыз қа­не, газет үнемі кешігіп келеді, – деп кейістігін алға тартты. Ал Ақтоғай энергетика сала­сы­ның ардагері Әуелбек Қапасов аға­мыздың пошта қызметіне ай­тылған сынға орай тиісті шара қол­даныларына сенімі аз. – Бір күн газет келмей қалса, тыпыршып үйге сыймаймын. Те­лефон шалып, пошта таратушыға, тіпті шыдамай поштаға барып, «га­зетті кешіктірмей, неге мезгі­лінде таратпайсыңдар?» деп айту­дай-ақ айтасың. Бірақ арызыңа құлақ асатын олар жоқ, – дейді ақсақал. Аудандық пошта байланысы бөлімшесінің басшылығы газет тарату ісінде кемшіліктер барын мойындап отыр. – Оқырманның реніші орын­ды. Қарағанды – Ақтоғай бағы­тында жүретін автобус тоқтап тұр. Бұрын газет автобус арқылы жет­кізіліп тұрды. Қазір бұл міндетті об­лыстық пошта байланысы бө­лім­шесі өз мойнына алған. Ара-арасында газеттің кешігіп келе­ті­нін жоққа шығармаймыз. Ақтоғай ауы­лы бойынша газетті екі пош­ташы таратады. Солардың бірі ша­руасы шығып қалып, бір аптаға сұранып кетті, – деді пошта бө­лім­шесінің басшысы Н.Сейілханов. – Бізге мәлім болғандай, газет-журнал мекеме-ұжымдардың қо­лына поштаға келген күннің ерте­ңіне тиеді екен. Демек, газет-жур­нал аудандық пошта бөлімшесіне дер кезінде жеткізіліп тұр. Олай болса, неге сол уақытында келген га­зет оқырманға кешігіп барады?! Жауап – жалқы. Ақтоғай ауылы бойынша екі пошта таратушы ғана бар. Айналдырған екі пошташы 30-40 мекеме мен ат шаптырым ауыл­ды аралап, газет таратып шық­­қанша, әрине апта өтеді. Пош­ташыларды да түсінуге бола­ды. Небәрі 56 мың жалақы үшін алаөк­пе болып жүгіруге кімнің бол­сын, зауқы соқпасы белгілі. Жа­лақысы мардымсыз жұмысқа жұлқынып тұрған және ешкім жоқ, – дейді Мүсіркеп ағамыз. Басылым алдында «Қазпошта» АҚ-ның газетті тасымалдау мен тарату жөнінде мойнына алған мін­деті бар. Алайда азуын айға бі­леген «Қазпошта» секілді алпауыт­қа ешкімнің тісі батып, сөзі өтер емес. Майдаланып бара жатқан ал­пауыт компания қашан жөнге келер екен?!

Қарағанды облысы