«Қазақстанда жасалған» тауар көп пе?
«Қазақстанда жасалған» тауар көп пе?
© коллаж: Әсел Балтақызы
426
оқылды
Тәуелсіздіктің басты шарты барлық тұрғыдан тәуелділіктен арылу екені белгілі. Бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекеттердің көшіне еруде экономикалық дербестікке қол жеткізу маңызды. Әлі күнге халық жиі тұтынатын тауардың кейбір түрлерін сырттан тасымалдайтын біздің елде бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Импортқа тәуелділіктен түбегейлі арылтып, экспорт көлемін ұлғайтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдар­ламалар да біз күткен межені бағындыра алмай келеді.

«Триллионер» бағдарлама тиімді ме?

Соның бірі – үш жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Қа­рапайым заттар экономикасы» бағдарламасы. 2021 жылдың қыр­күйек айына дейін аталған бағ­дарлама аясында жалпы сомасы 901 миллиард 300 миллион теңге болатын 3 373 жоба мақұлданған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019-2021 жылдар аралығында дәл осы бағдарламаны іске асыру арқылы 54 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бағдар­ламаны қаржыландыруға бөлінген қаржының көлемі 1 триллион теңгені құрайды. Президент былтырғы Қазақ­стан халқына арнаған Жолдауын­да аталған бағдарламаның іске асыру мерзімі 2022 жылға дейін ұзара­тынын мәлімдеді. Сол арқы­лы Мем­лекет басшысы әлемдік панде­миядан кейін шала-жансар күй кеш­кен отандық экономи­ка­ның дамуына тың серпін беруді мақсат еткен. Дегенмен жыл басындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Президент ішкі нарықты халық тұтынатын отандық тауармен қам­тамасыз етуі керек болған бағдар­ламаның нәтиже­сіздігін сын тезіне алды. Мемлекет басшысы бағдар­лама жүзеге асқан 3 жыл ішінде экспорт көлемі бұ­рынғы деңгейде қалып, керісінше импорттың үлесі 8 пайызға өскенін атап өтіп, Үкіметке оның себебін анықтауды тапсырды. Кейіннен бағдарламаны іске асыруға жауапты Ұлттық экономи­ка министрлігі Президент сынына байланысты мәлімдеме жасады. Министр Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін талдау бойынша алдын ала бағалау жүргізілген. «Бағалау 2020 жылы бағдарлама қатысушыларын қолдауға бағыт­талған 1 теңге субсидия 40 теңге өнім шығаруға және 3 теңге салық төлеуге ықпал еткенін көрсетті. Бағ­дарламаны іске асырудың екі жы­лында 1,4 триллион теңге со­масына өнім шығарылды және 136 млрд теңге сомасына салық төленді. 2021 жылға толық талдау тө­лен­ген салықтар мен өнім шығару және бағдарлама қатысушы­ла­рының айналымы бойынша де­ректер алынғаннан кейін 2022 жыл­дың шілдесіне қарай жүргі­зіледі. Бағдарламаға өзгерістер енгізу бойынша нақты шешімдер осы жұмыстың нәтижелері бо­йын­ша ұсынылатын болады», – деді министр. Министрліктің бағалауын былай қойғанда, нарықтағы им­порт үлесінің жыл санап кемудің орнына арта түскенін көрсететін статистикалық деректер де бағдар­ламаның тиімділігі хақында бай­лам жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, былтыр ел аумағында­ғы кәсіпорындар жалпы сомасы 2 трил­лион 200 миллион теңге бола­тын азық-түлік өнімін өндір­ген. 2021 жылдың қаңтар-қараша­сында отандық кәсіпкерлер ішкі нарық­тың ет, сүт пен ұн өнімдеріне, кү­рішке сұранысын қажет дең­гейінде өтей алған. Десе де, өсімдік майы, қант, балық, ірімшік, сүзбе, шұжық сияқты тауарлардың им­порт­тық маркасын тұтынуға мәж­бүрміз. Өйт­кені бұл өнім түрлерін өндіре­тін өндіріс ошақтары ішкі нарық­тағы сұранысты толықтай қамта­масыз ете алмайды. Мәселен, өт­кен жылы бағасы күрт қым­бат­таған өсімдік майының 25 пайызы им­портталды. Сол секілді қант пен ба­лыққа сұраныстың да тең жар­тысы шетелдік өндірушілер есебі­нен өтеліп келеді. Халыққа қажетті азық-түліктің өзін көрші елдің қас-қабағына қарап алып жүріп, экономикалық дербестікті былай қойғанда азық-түлік бағасын рет­теу жайында сөз қозғаудың өзі қиын. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі 2 жыл бұрын Халық­аралық ауыл шаруашылығы ұйы­мының бірнеше факторына сүйе­ніп, Қазақстанды өзін-өзі жеткі­лікті деңгейде азық-түлікпен қам­тамасыз ететін елдердің қатарына жатқызды. Әрине, сену қиын. Бі­рақ министрлік бұл байламға кел­местен бұрын ішкі нарықты қам­та­масыз ету үшін азық-түлік тауа­ры­ның негізгі 29 түрі бойынша мо­ниторинг жүргізілгенін хабар­лады. Соның ішінде 12 тауар бо­йынша ішкі нарық 100 пайыз отан­дық өндірушілердің өнімде­рімен қамтамасыз етілгенін айғақ­таған. Бұдан бөлек, 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80 пайызға тең. Ал қалған 6 тауар бойынша қазақстандық нарық толықтай импортқа тәуелді екен. Сонда да болса, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің өзі бас болып, импортқа тәуелділік мәсе­лесін шешу үшін ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толық­тыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзір­леді. Алайда ішкі нарықта қа­лып­тасқан қазіргі жағдай, Прези­дент сыны, халық наразылығы аталған құжаттың да нәтижесі күмәнді мемлекеттік бағдарламалардың қатарына енгенін аңғартады. Экономика ғылымдарының док­торы Атамұрат Шәменов импорт­қа тәуелділікті бәсекеге қабілетті отандық кәсіпорын­дардың жоқтығымен байланыс­тырады. Қажетімізді шетелден кел­ген өнімдер есебінен өтеуіміз­дің тағы бір себебі – импорттық тауарлар бағасының қолжетім­ділігінен де болуы мүмкін. – Импортқа тәуелділікте тамақ өнеркәсібінің үлесі жоғары. Мә­селе өзімізде әлеуетті өндіріс орын­дарының болмауынан туын­дап жатыр. Екінші жағынан шет­елдік өндірушілердің өнімдері отан­дық тауарларға қарағанда әл­де­қайда арзанға түседі. Ал тұты­нушы қашан да арзан әрі сапалы өнімді сатып алуға құштар. Демек, отандық өндірушілер бұл тұрғы­дан бәсекеге қабілетсіз, – дейді экономист. Ішкі нарықты сырттан келетін тауарларға тәуелділіктен арылту үшін экономист экономиканы реттеу механизмін іске қосуды ұсынады. – Халыққа отандық өнім қол­жетімді болуы үшін өндірушілерді шынайы қолдауды жалғастыру ке­рек. Мұнда мемлекеттік бағдар­ла­маны іске асыру кезінде беріл­е­тін жалған есептілікке, статисти­ка­лық алдауға жол беруге бол­май­ды. Неге десеңіз, азық-түлік қауіп­сіздігі – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. 2020 жылғы пандемияның өзі басқа-басқа тамақ өнеркә­сібін­дегі импорттық тәуелділіктің сал­дары қалай боларын көрсетіп берген жоқ па, – дейді Атамұрат Шәменов.

Шикізатпен қамтудағы шикілік

Ал импортқа тәуелділік және отандық тауар өндірушілердің бә­секеге қабілетсіздігі, қазақ­стандық өнімнің қымбат болуы турасында өнеркәсіп саласы мамандарының өз айтары бар. Қазақстан қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Ай­жан Наурызғалиеваның пікірінше, «Қазақстанда жасалған» брендінің қымбатқа түсуіне бірнеше фактор әсер еткен. – Біріншіден, пандемия ке­зінде барлық кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Шикізат тапшылығы да өңдеу өнеркәсібіндегі жағдайды ушықтыра түсті. Бір ғана қант өндірісінде ішкі нарықты толықтай қантпен қамту үшін шикізат тап­шылығы айтарлықтай кедергі кел­тіріп жатыр. Бізде қант қы­зыл­шасын өсіретін алқаптар тапшы. Диқандар да ағын судың болмауы, өндірістік шығындар көлемінің ұлғаюы сияқты факторларды алға тартып, қант қызылшасын егуге құлықты болмай отыр, – дейді Айжан Наурызғалиева. Қауымдастық президенті бұл мәселелерді қолданыстағы мемле­кеттік бағдарламалар аясында шешу екіталай деген пікірде. – Отандық өндірушілердің әле­уетін арттыруға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарла­масы ықпал ете алмады. Керісінше, бұл бағдарламаның тиімділігі төмен болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайту үшін агробанк ашып, төмен пайызбен қолжетімді несие беруді құптаймын,– дейді қауымдастық президенті. Шикізат тапшылығы өсімдік майын өндіретін кәсіпорындардың да жұмысына қолбайлау болған. Салдарынан еліміздегі өсімдік майы нарығындағы қажеттіліктің 22 пайызы импорт есебінен өтеліп келеді. Дайын өнімді былай қой­ған­да, өңдеуші кәсіпорындар да қазір өндіріске қажетті шикізаттың өзін шетелден импорттауға мәжбүр. Қысқасы, импортқа тәуелді­­ліктен арылу өңдеуші өнеркәсіп орындарының мәселесіне те­рең­­нен бойлауға шақырады. Мұн­да кәсіпорынның ғана жағдайын жақ­сарту ұтымды шешім бола қой­майды. Сондықтан «Қазақстанда жасалған» өнімді өңдеуші кәсіп­орынмен бірге оны шикізатпен қам­тамасыз ететін сектордың мем­лекет қолдауын сезінбей істің алға басуы екіталай.