Тәуелсіздіктің басты шарты барлық тұрғыдан тәуелділіктен арылу екені белгілі. Бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекеттердің көшіне еруде экономикалық дербестікке қол жеткізу маңызды. Әлі күнге халық жиі тұтынатын тауардың кейбір түрлерін сырттан тасымалдайтын біздің елде бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Импортқа тәуелділіктен түбегейлі арылтып, экспорт көлемін ұлғайтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар да біз күткен межені бағындыра алмай келеді.
«Триллионер» бағдарлама тиімді ме?
Соның бірі – үш жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы. 2021 жылдың қыркүйек айына дейін аталған бағдарлама аясында жалпы сомасы 901 миллиард 300 миллион теңге болатын 3 373 жоба мақұлданған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019-2021 жылдар аралығында дәл осы бағдарламаны іске асыру арқылы 54 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Бағдарламаны қаржыландыруға бөлінген қаржының көлемі 1 триллион теңгені құрайды.
Президент былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында аталған бағдарламаның іске асыру мерзімі 2022 жылға дейін ұзаратынын мәлімдеді. Сол арқылы Мемлекет басшысы әлемдік пандемиядан кейін шала-жансар күй кешкен отандық экономиканың дамуына тың серпін беруді мақсат еткен. Дегенмен жыл басындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Президент ішкі нарықты халық тұтынатын отандық тауармен қамтамасыз етуі керек болған бағдарламаның нәтижесіздігін сын тезіне алды. Мемлекет басшысы бағдарлама жүзеге асқан 3 жыл ішінде экспорт көлемі бұрынғы деңгейде қалып, керісінше импорттың үлесі 8 пайызға өскенін атап өтіп, Үкіметке оның себебін анықтауды тапсырды.
Кейіннен бағдарламаны іске асыруға жауапты Ұлттық экономика министрлігі Президент сынына байланысты мәлімдеме жасады. Министр Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін талдау бойынша алдын ала бағалау жүргізілген.
«Бағалау 2020 жылы бағдарлама қатысушыларын қолдауға бағытталған 1 теңге субсидия 40 теңге өнім шығаруға және 3 теңге салық төлеуге ықпал еткенін көрсетті. Бағдарламаны іске асырудың екі жылында 1,4 триллион теңге сомасына өнім шығарылды және 136 млрд теңге сомасына салық төленді.
2021 жылға толық талдау төленген салықтар мен өнім шығару және бағдарлама қатысушыларының айналымы бойынша деректер алынғаннан кейін 2022 жылдың шілдесіне қарай жүргізіледі. Бағдарламаға өзгерістер енгізу бойынша нақты шешімдер осы жұмыстың нәтижелері бойынша ұсынылатын болады», – деді министр.
Министрліктің бағалауын былай қойғанда, нарықтағы импорт үлесінің жыл санап кемудің орнына арта түскенін көрсететін статистикалық деректер де бағдарламаның тиімділігі хақында байлам жасауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, былтыр ел аумағындағы кәсіпорындар жалпы сомасы
2 триллион 200 миллион теңге болатын азық-түлік өнімін өндірген. 2021 жылдың қаңтар-қарашасында отандық кәсіпкерлер ішкі нарықтың ет, сүт пен ұн өнімдеріне, күрішке сұранысын қажет деңгейінде өтей алған. Десе де, өсімдік майы, қант, балық, ірімшік, сүзбе, шұжық сияқты тауарлардың импорттық маркасын тұтынуға мәжбүрміз. Өйткені бұл өнім түрлерін өндіретін өндіріс ошақтары ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қамтамасыз ете алмайды. Мәселен, өткен жылы бағасы күрт қымбаттаған өсімдік майының 25 пайызы импортталды. Сол секілді қант пен балыққа сұраныстың да тең жартысы шетелдік өндірушілер есебінен өтеліп келеді. Халыққа қажетті азық-түліктің өзін көрші елдің қас-қабағына қарап алып жүріп, экономикалық дербестікті былай қойғанда азық-түлік бағасын реттеу жайында сөз қозғаудың өзі қиын.
Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігі 2 жыл бұрын Халықаралық ауыл шаруашылығы ұйымының бірнеше факторына сүйеніп, Қазақстанды өзін-өзі жеткілікті деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ететін елдердің қатарына жатқызды. Әрине, сену қиын. Бірақ министрлік бұл байламға келместен бұрын ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін азық-түлік тауарының негізгі 29 түрі бойынша мониторинг жүргізілгенін хабарлады. Соның ішінде 12 тауар бойынша ішкі нарық 100 пайыз отандық өндірушілердің өнімдерімен қамтамасыз етілгенін айғақтаған. Бұдан бөлек, 11 азық-түлік тауары бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80 пайызға тең. Ал қалған 6 тауар бойынша қазақстандық нарық толықтай импортқа тәуелді екен.
Сонда да болса, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі бас болып, импортқа тәуелділік мәселесін шешу үшін ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен толықтыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Алайда ішкі нарықта қалыптасқан қазіргі жағдай, Президент сыны, халық наразылығы аталған құжаттың да нәтижесі күмәнді мемлекеттік бағдарламалардың қатарына енгенін аңғартады.
Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменов импортқа тәуелділікті бәсекеге қабілетті отандық кәсіпорындардың жоқтығымен байланыстырады. Қажетімізді шетелден келген өнімдер есебінен өтеуіміздің тағы бір себебі – импорттық тауарлар бағасының қолжетімділігінен де болуы мүмкін.
– Импортқа тәуелділікте тамақ өнеркәсібінің үлесі жоғары. Мәселе өзімізде әлеуетті өндіріс орындарының болмауынан туындап жатыр. Екінші жағынан шетелдік өндірушілердің өнімдері отандық тауарларға қарағанда әлдеқайда арзанға түседі. Ал тұтынушы қашан да арзан әрі сапалы өнімді сатып алуға құштар. Демек, отандық өндірушілер бұл тұрғыдан бәсекеге қабілетсіз, – дейді экономист.
Ішкі нарықты сырттан келетін тауарларға тәуелділіктен арылту үшін экономист экономиканы реттеу механизмін іске қосуды ұсынады.
– Халыққа отандық өнім қолжетімді болуы үшін өндірушілерді шынайы қолдауды жалғастыру керек. Мұнда мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде берілетін жалған есептілікке, статистикалық алдауға жол беруге болмайды. Неге десеңіз, азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. 2020 жылғы пандемияның өзі басқа-басқа тамақ өнеркәсібіндегі импорттық тәуелділіктің салдары қалай боларын көрсетіп берген жоқ па, – дейді Атамұрат Шәменов.
Шикізатпен қамтудағы шикілік
Ал импортқа тәуелділік және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілетсіздігі, қазақстандық өнімнің қымбат болуы турасында өнеркәсіп саласы мамандарының өз айтары бар. Қазақстан қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның пікірінше, «Қазақстанда жасалған» брендінің қымбатқа түсуіне бірнеше фактор әсер еткен.
– Біріншіден, пандемия кезінде барлық кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Шикізат тапшылығы да өңдеу өнеркәсібіндегі жағдайды ушықтыра түсті. Бір ғана қант өндірісінде ішкі нарықты толықтай қантпен қамту үшін шикізат тапшылығы айтарлықтай кедергі келтіріп жатыр. Бізде қант қызылшасын өсіретін алқаптар тапшы. Диқандар да ағын судың болмауы, өндірістік шығындар көлемінің ұлғаюы сияқты факторларды алға тартып, қант қызылшасын егуге құлықты болмай отыр, – дейді Айжан Наурызғалиева.
Қауымдастық президенті бұл мәселелерді қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында шешу екіталай деген пікірде.
– Отандық өндірушілердің әлеуетін арттыруға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы ықпал ете алмады. Керісінше, бұл бағдарламаның тиімділігі төмен болды. Ауыл шаруашылығы саласындағы өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайту үшін агробанк ашып, төмен пайызбен қолжетімді несие беруді құптаймын,– дейді қауымдастық президенті.
Шикізат тапшылығы өсімдік майын өндіретін кәсіпорындардың да жұмысына қолбайлау болған. Салдарынан еліміздегі өсімдік майы нарығындағы қажеттіліктің 22 пайызы импорт есебінен өтеліп келеді. Дайын өнімді былай қойғанда, өңдеуші кәсіпорындар да қазір өндіріске қажетті шикізаттың өзін шетелден импорттауға мәжбүр.
Қысқасы, импортқа тәуелділіктен арылу өңдеуші өнеркәсіп орындарының мәселесіне тереңнен бойлауға шақырады. Мұнда кәсіпорынның ғана жағдайын жақсарту ұтымды шешім бола қоймайды. Сондықтан «Қазақстанда жасалған» өнімді өңдеуші кәсіпорынмен бірге оны шикізатпен қамтамасыз ететін сектордың мемлекет қолдауын сезінбей істің алға басуы екіталай.