Жаңа Қазақстан. Жұмыссыздық
Елімізде екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың саны аз емес. Ресми деректерде елдегі жастар санатындағы 2,5 миллион азаматтың 96 пайызы жұмыспен қамтылғаны, ал шамамен 4 пайызы, яғни 100 мыңға жуығының ғана жұмыссыз екені айтылады. Десе де, бұл статистикаға күмәнмен қарайтындар көп. Өйткені жұмыссыз жастардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Оның үстіне, бұл мәселе жыл сайын күрделеніп, асқынып келеді. Осы орайда Үкімет мәселені шешу үшін қандай қадамдарға баруы керек?
Айгүл САДУАҚАСОВА,
әлеуметтанушы:
– Жұмыссыздықтың белең алуы ең әуелі жұмыс орындарының жетіспеуіне байланысты екені айтпаса да анық. Сондықтан мұны алдымен экономикалық мәселе ретінде қарастырған жөн. Индустриялық жобалардың даму деңгейі төмен. Әрине, жастарды толық, жаппай жұмыспен қамту қиын. Экономиканың дамуын нақты, шынымен іске асырар болсақ қана көптеп жұмыс орны ашылар еді. Ал әлеуметтік жағынан қарасақ, екі түрлі мәселе бар. Біріншісі – жемқорлық пен таныс-тамыр. Transparency international ұйымының зерттеулерінде, елімізде жемқорлық қатты жайылғанын көреміз. Бір студент университетті аяқтап, дипломын қолға алады. Жұмысқа орналасайын десе, кедергі көп. Жұмыс өтілі жоқ, амалсыз таныс іздейді не ақша беруге қамданады. Менталды сана-сезімімізге осы нәрселер орнығып алған. Сосын жастардың өзі де жұмыс іздеуге ынталы болмайды, сенімінен айырылады, демотивациялық ағыммен кете береді. Бұл жағдай өте қауіпті құбылысқа жатады. Коррупцияны жоймай, экономиканы ілгері бастыру мүмкін емес.
Екінші мәселе – білім жүйесінің нарыққа сәйкес болмауы. Түгелдей жоққа щығармаймын, білім беруде жағдай жасалып жатыр, техникалық мамандықтарға көңіл бөлгелі жүрміз. Бірақ сол мамандар қызмет ететін өндіріс бар ма? Тағы экономика алдымыздан шығады. Мысалы, ауыл шаруашылығында барлығы жеке кәсіптік шаруашылықтар. Олар агроном мен ветеринарларды қажет етпейді. Білім саласы сұранысқа сай сапалы маман дайындауы қажет. Бізде сауда-саттық қатты дамыған. Пандемия кезінде ол да тұралап еді, көбі интернет арқылы сатудың жолдарын меңгерді. Сол сияқты нарыққа жоғары санатты сарапшылар мен IT мамандар керек. Қорыта айтқанда, жұмыссыздық мәселесі қазіргі экономикалық жүйе өзгермейінше шешілмейтін тәрізді.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мәжіліс қабырғасында жастардың жұмыссыздық жайын ылғи айтып жүрміз. «Ауруын жасырған өледі» демекші, біздегі статистиканың өзіне күмән көп. Өзін жұмыспен қамтығандар дегенді шығардық. Оларды жұмыссыздар қатарына қоспайды. Қосатын болсақ, шынайы цифрға жақындар едік. Жалпы, жастар жұмыссыздығы екі түрлі жолмен шешілуі тиіс. Бірі – қысқамерзімді, екіншісі – ұзақмерзімді. Әуелі қысқа мерзімде іске асатын шараларға тоқталсақ. Солтүстіктегі өңірлерге оңтүстік пен батыс өңірдегі жастардың көшкені жөн. Осыған үгіттей алуымыз керек. Теріскейде жұмыс орындары, жұмыс берушілер жетерлік. Бірақ жалақы аз. Егер жастарды солтүстікке көшкен жағдайда баспанамен қамтып, жағдайын жасайтын болсақ, барар еді. Ішкі еңбек миграциясын шындап қолға алатын кез келді. «Қай жерге қандай маман керек, оны қанша уақытта оқыта аламыз, қалай орналастырамыз?» дегендей мәселені ойлаған абзал. Теріскейдегі аймақтардың әкімдіктері осы тәрізді дүниелерді қолға алуына болады. Егер оңтүстік пен батыстың жастары мемлекеттен грант алып, кәсіп бастаймын десе, шарт қойсын. «Грант береміз, қажет десеңіз жеңілдетілген несие аласыз, бірақ кәсібіңізді солтүстік аймақта істеңіз» деген амалға көшсек жақсы.
Ал ұзақмерзімді жол өте маңызды істерді қажет етеді. Ең алдымен, кемі алдағы бесжылдықта қандай мамандар сұраныста болатынын болжап отырған жөн. Мүмкін мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарында оқығандардың 90 пайызын жұмысқа тұрғызу үшін университет жанынан орталықтар ашып, міндет жүктеу керек шығар. Елімізде оқу бітіргендердің 40 пайызы жұмыс таппай қиналады екен. Сол үшін «Бірінші жұмыс орны» атты жобалар іске асып жатыр. Мемлекет субсидия бөліп, қаржының жартысын мемлекет, қалған жартысын жұмыс беруші төлейді. Бірақ бұл жоба ұзаққа бармайды. Басқалай жолдарын ойластыру керек. Жұмыссыздық мәселесі жиналып-жиналып, үлкен массаға айналып барады.