Жұмыссыздық көптеген әлеуметтік мәселенің ушығуына негіз болатыны жасырын емес. Осы орайда мемлекеттің еңбек нарығын жетілдіруге бағытталған реформаларының нәтижесі маңызды. Алайда жыл басындағы оқиғалар елдегі жұмыссыздық деңгейіне қатысты шынайы жағдай мен ресми статистиканың арасы жер мен көктей екенін көрсетіп берді. Сонымен бірге айлығы шайлығына жетпей жүрген «жұмыс істейтін кедейлер» санының артуы да салаға түбегейлі өзгерістің қажеттігін аңғартады. Қаңтар оқиғасынан кейін елдегі жұмыспен қамту cаласындағы, еңбекақы төлеу жүйесіндегі өзекті мәселелерді Президент те сынады. Көпшілік те тапқан табысының күнделікті шығындарынан артылмайтынын айтып, наразылық білдірді. Рас, статистика бойынша «Елдегі орташа айлық 250 мың теңгеден асып, ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге дейін ұлғайды» деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, көпшілік тапқаны кедейдің көрпесіндей ары тартсаң бері, бері тартсаң ары жетпейтін жағдайда тіршілік етіп жатыр. Екі жылдан бергі пандемияның тұтас экономикалық жүйеге жасаған ауыр соққысынан жұмыссыздардың саны артты. Дүниежүзілік банк 2020 жылы Қазақстандағы кедейлік деңгейі 12,7 пайызға дейін өсуі мүмкін деген болжам жасады. Пандемия құрсауындағы алғашқы жылдың өзінде Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінде өмір сүретін отбасылардың саны 140,6 мыңға өсіп, 900 мыңға жуық отандасымыз өлместің күнін кешетіндердің санатына жатқызылды. Әлемдік қаржы институты елдегі еңбек нарығына қатысты осындай болжам жасағанымен, біздегі ресми мәліметтерде оптимистік көзқарас басым. Неге десеңіз, дәл қазір елдегі ресми жұмыссыздардың саны 451 мың адамға жеткен. Алайда бұл деректің өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, NEET жастар сияқты түрлі санаттар арқылы «әдемі» бүркемеленгені де жыл басында әшкере болды. Демек, Президент тапсырмасымен жұмыссыздардың санын азайту, жұмысы барлардың табысын ұлғайту бойынша кешенді шаралар легін қолға алатын ведомство жұмыссыздық деңгейі жайындағы «цензурасыз» ақпаратты таратуды да ұмыт қалдырмағаны жөн.
Мерзімдік жұмыс мәселені шеше ме?
Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл елде 444 мың жаңа жұмыс орны құрылатынын мәлімдеді. Алайда бұл да елдегі жұмыспен қамту көрсеткішін түзете алмайтын сияқты. Өйткені ведомство осы жылы құрылатын жұмыс орнының 322 мыңы уақытша болатынын хабарлады. Осы орайда «уақытша жұмыс орындарын көптеп құру арқылы ведомство ескі сүрлеуге қайта түсе ме?» деген ой келеді. Себебі уақытша жұмыс орындары жұмыссыздардың санын азайтуға айтарлықтай ықпал ете қоймайтынын министрліктегілер де жақсы біледі. Демек, бұл әдіс жоғарыда айтылғандай, жұмыссыздықты белгілі бір деңгейде ұстап отырудың амалындай көрінеді. «Ұлағат Консалтинг Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Марат Қайырленов уақытша жұмыс орындарының көптеп құрылуын мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың инвестиция тартуға атүсті қарағанымен байланыстырады. – Елімізде мемлекеттік мекемелерді былай қойғанда, бизнесті дамыту мен қолдауға арналған 30-ға жуық әртүрлі институт бар екен. Ал уақытша жұмыс орындарының көптеп құрылуы осы мекемелер мен ұйымдардың инвесторлармен жұмыс істеуге құлықсыздығын көрсетеді. Қазіргі жағдайда тұрақты жұмыс орындарын бизнес ұсынады. Ал бизнеске лайықты жағдай жасалмай, инвестициялық климатты жақсартуға көңіл бөлінбей, бұл мәселенің шешілуі қиын. Әрине, жұмыссыз жүргендер үшін уақытша болса да бос жұмыс орындарының құрылғаны жақсы. Бірақ бұл әдіс жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шеше алмайды, – дейді экономист. Уақытша жұмыс орындарын құрумен жұмыссыздық мәселесі шешіле қоймайтыны түсінікті. Әрі «жағымды» статистика үшін уақытша жұмысқа орналасқандарға төленетін айлықтың да мөлшері белгілі. Өз кезегінде бұл жағдай жұмыс істейтін кедейлер санының өсуіне ықпал етуі мүмкін. – Жасыратын несі бар, бізде де жұмыс істейтін кедейлер мәселесі өзекті саналады. Ал жұмыссыздық деңгейін тізгіндеу үшін қазіргідей уақытша жұмыс орындарын құру мұндай санатқа жататындардың санын арттыра түседі, – дейді Марат Қайырленов. Ескеруге тұратын тағы бір факті уақытша жұмыс орнын құрудың әлеуметтік салдары тек жұмыс істейтін кедейлердің санын көбейтуден көрінбейді. Түпкі мақсаты – жұмыссыздықпен нәтижелі күрестен гөрі жақсы статистика түзуді көздегендіктен, бағдарлама әкімшілері уақытша жұмыспен қамтылғандардың кейінгі тағдырына бас қатырмайды. Осыдан барып межелі мерзімнен соң олар қайтадан жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Әлеуметтанушы Рамазан Салықжановтың пікірінше, уақытша жұмыс орындарын ашуда азаматтарды кәсіптің жаңа түріне бейімдеп, кәсіби біліктілігі мен машығын шыңдауға басымдық берілуі керек. Бұл тетік келісімшарттағы мерзім аяқталған соң жұмыссыз қалғандардың кейіннен тұрақты жұмысқа орналасуына жол ашпақ. – Тұрақты жұмыс орындарының орнына уақытша жұмыс орындарының көптеп құрылу мәселесін 2 вектормен қарастыруға болады. Уақытша жұмыспен қамтылғандардың сол қызметінде жүріп, кәсіби біліктілігін жетілдіргені, не жаңа машықтарға ие болғаны жақсы. Сол машығымен олар жұмыстан босатылғаннан кейін тұрақты жұмыс табу мүмкіндігіне ие. Ал уақытша жұмыс орнында қосымша біліктілік алмай, кейін қайтадан жұмыссыз қалатындардың мәселесі жауаптыларды ойлантуы керек, – дейді әлеуметтанушы.Тұрақты табысы бар кедейлер
Жалпы, уақытша жұмыс орындарының көбеюінен бұрын да біздің қоғамда жұмыс істейтін кедейлер жайлы айтылып жүрді. Сырт көзге тұрақты жұмысы, азды-көпті табысы бар көрінгенімен, тиісті өлшемдерге сай ай сайын айлық алатындар да кедейлердің қатарына жатқызылуы мүмкін. Мәселен, Дүниежүзілік банк әлемдік кедейліктің екі шегін қарастырады. Қаржы институтының есебінше, табысы орташадан төмен елдер үшін бұл шек күніне бір адамға 3,2 АҚШ доллардан кем болмауы керек. Табысы орташадан жоғары елдер үшін бұл көрсеткіш тәулігіне 5,5 АҚШ долларға тең. Ал біздің елдегі бұл көрсеткіш 2,8 АҚШ долларын құрайды. Елімізде қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 36 мың теңгенің шамасында. 2021 жылғы мәлімет бойынша, табысы дәл осы көрсеткіштен төмен қазақстандықтардың саны 1 миллионға жуықтаған. Егер Қазақстандағы ресми жұмыссыздар саны 451 мың десек, онда жұмысы бар 550 мың отандасымызды жұмысы бар кедейлердің қатарына жатқызуға болады. Айлық алып, кедейшілік шегінде өмір сүретіндердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Мәселен, өткен жылдың қазан айында газетімізде Жамбыл облысындағы 27 пошта қызметкерінің бар болғаны 15 мың теңге айлыққа жұмыс істеп жүргені туралы жазылды. Сол жолы тілші сұрағына жауап қатқан «Қазпошта» акционерлік қоғамы жергілікті филиалының басшысы пошта қызметкерлерінің 0,3 бірлік бойынша жұмыс істеп жүргенін айтқан. Оның айтуынша, филиалға қарасты пошта бөлімшелерінде 0,4-0,6 бірлікпен жұмыс істеп 17-20 мың теңге табыс табатындар да бар екен. Елдегі ең төменгі жалақы 42 500 теңге деп бекітілгеніне қарамастан, 0,1 бірлікпен еңбек шартын жасасқан кейбір хат тасушылардың айына 5 мың теңгені қанағат етіп жүргенін де сол кезде құлағымыз шалған. Осы жағдайдан кейін елдегі жұмысы барлардың бәрі бірдей жақсы өмір сүріп жатыр деп асығыс байлам жасауға болмас. Әлемнің өзге елдерінде де мардымсыз жалақымен кедейшілік қамытынан құтыла алмай жүргендер көп. Олардың көбінде елдегі медиандық еңбекақының 60 пайызынан аз табатындарды жұмысы бар кедей ретінде есепке алады. Еуропалық статистикалық басқарманың мәліметінше, 2015 жылы Ресейдегі жұмысы бар кедейлердің үлесі 10 пайызға жеткен. АҚШ-тың өзінде бұл көрсеткіш 7 пайызға жуықтайды. Ал Румынияда әрбір бесінші жұмысшы кедейлердің қатарына жатады. Бұл деректердің дені пандемияға дейін түзілгенін ескерсек, әлемде тұрақты табысы бола тұра, кедейліктен құтыла алмай жүргендердің саны әлдеқайда көп болуы ғажап емес. Қаңтар оқиғаларынан кейін қызметіне жаңадан тағайындалған Үкімет басшысына Президенттің ең алғашқы тапсырмасы халықтың табысын арттыратын бағдарлама әзірлеу болғаны есте. Мемлекет басшысының су жаңа Премьер-Министрге тұңғыш тапсырмасын орындауға берген 2 айы да зымырап өте шықты. Біз өз кезегінде енді бірер аптада Президентке таныстырылатын бұл бағдарламада жұмыссыздықпен нәтижелі күрес жүргізу, табысты арттыру арқылы жұмыс істейтін кедейлер үлесін азайтуға тетіктері қарастырылған болар деп үміттенеміз!