«Тарихты гегомен емес, талант жасайды». Бұл – жазушы Марат Қабанбайдың сөзі. «Өресі биік, білім-білігі жоғары жандар болмаса, қоғамда ішіп-жегеніне мәз, жайбасарларға айналуымыз» да мүмкін. Мәселен, елден ерек, ешкімге ұқсамайтын, индиго балалардың тағдыры неге бөлек болады? Мәселе – олардың ерекше қабілетін, дарынын байқап, дұрыс жаттықтыруда. Психологтердің айтуынша, ондай балалар өз қасиетін бірден көрсете қоймайды. Ал талантты, қабілетті ашуда ата-ананың да атқаратын рөлі зор. Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, марқұм Денис Тен, күні кеше ғана Бейжің Олимпиадасында допинг дауына іліккен талантты татар қызы Камила Валиеваның қабілетін таныған кім? Олар қалай дараланып шықты?
Шахмат патшайымы
Жансая дүниеге келер кезінде атасы түс көреді. Білікті химик, профессор Әбдімәлік Манапұлының түсінде ақсақалды бір қария келіп: «Немерең қыз болады. Оның есімін Жансая деп қойғаның жөн. Сосын тегін өзіңнің атыңа жаздыр. Осы қыз түбінде сені төрткүл дүниеге мәшһүр етеді» деген екен. Тура ертегідегідей оқиға дерсіз. Шын мәнінде, Әбдімәлік атасының түсі өңінде шындыққа айналды. Бүгінде Жансая Әбдімәлікті танымайтын адам кемде-кем. Оны алты жасынан бастап шахматтың ережелерін түсіндіріп, шахмат үйірмесіне жетектеп апарған. Аз уақытта шахматтың қыр-сырына қаныққан қыз алғаш рет Украинаның Алушта қаласында өткен жарыста бақ сынайды. Сөйтіп, алты жасында-ақ Алматы чемпионы атанса, 7 жасында Қазақстан чемпионатын жеңді. Осы жылы Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Азия біріншілігінде 7-орынды иеленсе, 2007 жылы спорт шеберлігіне кандидат болады. 8 жасында Әлем чемпионы атанды. Спорт шебері Николай Перегудовтың өзі Жансаяның тәсілдерін қадағалап жүріп, оның ойынына жоғары баға береді. Сөйтіп, кейін өзі жаттықтырушысына айналады. Кішкентай Жансая ер балалар арасындағы бәсекеде де талай рет бақ сынап көрді. Оның жеңісі 2009 жылы өткен біріншілікте көрінді. Ер балалар арасында жалғыз қыз болып, 19-орынды межеледі. Анасы Алма Төребекқызы: «Қызым қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күнінде Алматы шаһарында дүниеге келген. Сондықтан да болар, ол озық ойлайды. Жансая күніне 5 сағат шахмат ойнайды. Ағасы Санжар – шахматтан Қазақстанның екі мәрте чемпионы. Әкесі Данияр қызын «шахмат патшайымы» деп атайды. Онысы тегін де емес. Жансаяның сүйікті фигурасы – уәзір. Оқу үлгерімі жақсы, әсіресе математикадан мығым. Әрине, жарыстарға бару үшін сабақтан жиі қалуға тура келеді» деген екен. Жансая шахматтан басқа мәнерлеп сырғанауды, коньки тепкенді, суда жүзгенді ұнатады. Бірнеше тілді меңгерген. Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанған Жансаяның қарым-қабілетін ашуда әкесі мен анасының, атасының еңбегі зор. Тағы бір шахмат патшайымына айналған талантты қыздың есімі – Бибісара Асаубаева. Ол 2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Шахматты төрт жасында үйренген. «Алғаш шахмат үйірмесіне барғанымда менен басқаның бәрі үлкен еді. Жеті жастағы ұлдармен ойнап жүрдім. Алғашқы үш ай бойы тек жеңіліп жүрдім. Үйге жылап келетінмін. Анам сол кезде «мүмкін қажет емес шығар, осымен тоқтарсың» дейтін. Сосын арада 3 ай өткенде алғашқы жеңісіме қол жеткіздім. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді Бибісара. Алты жарым жасында төртінші разрядқа ие болды. Астана қаласының чемпионатында сегіз жастағы қыздармен ойнап, бірінші орын алады. Жеті жасында әлем чемпионы атанады. Осылайша, кішкентай шахматшы қыздың жұлдызды шағы басталады. Бибісараны мұндай биікке жеткізу үшін анасы да аз қиналған жоқ. Анасы Лиана Таңжарықова Бибісараның немере ағасы Бағлан Асаубаевтың көп кедергі келтіргенін бұрынғы сұхбаттарында бірнеше рет айтқан еді. «Мен күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Біз әлем чемпионатынан алтын медаль алып келгеннен бастап Бибісараның ағасы жан-жақтан тосқауыл қойды. Бұл туралы сол кезде көбі білді, бірақ жағдайды өзгерту мүмкін емес еді. Себебі ол Қазақстанның жоғары қызметтегі шенеунігі болатын. Нақты бір уақыттан кейін бізді түрлі іс-шараға қатыстырмайтын болды, маңызды оқиғалардан біздің атымызды сызып тастайтын» деп жазған еді Facebook-тегі парақшасында. Түрлі кедергіден кейін Бибісараға анасымен бірге Мәскеуге көшуге тура келді. Сонда тұрып, сол елдің намысын қорғады. 2016 жылы Ресейдің атынан өз қатарластары арасында әлем чемпионатына қатысып, топ жарды. Арада екі жыл өткенде дау шығып, ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин 13 жастағы спортшыға «Турнир кезінде қулық танытып, электронды құралды пайдалану арқылы жеңіске жетті» деген айып таққан. «Маған жала жапты» деген Бибісараға абыройын қорғау үшін сотқа беруге тура келді. Талантты қыз сотта жеңіске жетіп, өз биігін сақтап қалды. 2019 жылы Бибісара елге оралды. Қазір Маңғыстау облысының атынан чемпионаттарға қатысып, ел намысын қорғап жүр.Дениссіз өткен Олимпиада
Биылғы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада Дениссіз өтті. Мәнерлеп сырғанаудан қазақ елінің атын әлемге танытып жүрген талантты спортшы Денис Тен 2018 жылдың шілде айында қаскүнемдердің қолынан қаза тапты. – Менің есімім – Денис. Мәнерлеп сырғанаумен айналысып жүргеніме үш жыл болды. – Жасың қаншада? – Сегізде. – Алғаш рет сені кім дайындады? – Анам. – Арманың қандай? Чемпион болғың келе ме, әлде жай ғана хобби ме? – Чемпион болғысы келмейтін жан жоқ шығар. – Әкең мен анаң сенің таңдауыңа қалай қарады? Мүмкін олар бокс не каратэге барғаныңды қалайтын шығар. – Жо-жоқ. Мен ол жаққа да бардым. Биге, музыкаға барамын. Анашым каратэны тастау керек деді. Аптасына бес рет жаттығуға бару қиын тиеді. – Бару-бармауыңды анаң шеше ме? Барлығына келісе бересің бе? – Әрине! Бұл 8 жастағы Денистің баспасөзге берген алғашқы сұхбатынан үзінді. 2003 жылы 10 жасар қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы танымал жаттықтырушы Елена Буянованың көзіне түсіп, Мәскеуге келіп жаттығуға шақырылды. Араға 7 жыл салып Денис Теннің өмірі түбегейлі өзгерді десе де болады. Ол халықаралық деңгейдегі мәнерлеп сырғанаушылардың жаттықтырушысы Фрэнк Кэрроллмен бірге жұмыс істейді. Спортшы Калифорнияға көшіп барып, Лос-Анджелес қаласында жаттығады. Тен күн-түн демей жаттыққанына қарамастан, оқуын да қатар алып жүреді. 2014 жылы Қазақстандағы спорт және туризм академиясын үздік бітіріп, қызыл диплом алды. «Анам мені түрлі үйірме мен секцияға берді. Ал әкем отбасымызды асырап бақты. Мен бар болғаны махаббат пен қамқорлыққа бөлендім. Менің бойымда корей мен еврей ұлтының қаны бар. Жалпы мен кіммін? Мен не істедім? Білмеймін. Бірақ осының барлығы менің бақытты болуыма септігін тигізді. Мен өмірді жақсы көремін. Ата-анамды жақсы көремін. Адамдарды жақсы көремін. Сүйгенді сүйемін. Және осымен бөліскім келеді. Дәлірек айтсам, мен емес, менің кейіпкерім. 25 жасымда әлемде басқа қырынан тани бастадым», – деп жазған еді Денис Тен өзі туралы. Ол тіпті спорттың өте қатал екенін, өзінің жанкүйерлерін «мәңгілік емес» екеніне де дайындап келген. «Бірақ бүгінгінің аңыз адамдары ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір ұмытылады», – дейді. Денисті шынықтырған анасының еңбегі. Ал жеңіске жетелеген – спортқа деген махаббаты. Амал не, тағдыр талантты ұлдың үмітін үзді. Қаскөйлердің қолынан қаза таппағанда, Денис әлі талай биіктерді бағындыратын еді. Бейжің Олимпиадасы десе, Камила Валиеваның допинг дауы ұзақ есте сақталары анық. Талантты қыздың тағдырын допинг шешіп кетті. 15 жаста олимпиада үздігі атану екінің бірінің қолынан келмейді. Камила – жеңімпаз! Оны әлем жұрты мойындап қойған. Қазан қаласында дүниеге келген қыздың кумирі әжесі. Анасы Алсу бүкіл өмірін қызының мансабына арнады. Әр чемпионатына бірге барып, кішкентайынан жетелеп келеді. Этери Турберидзе мектебіне дейін талай жаттықтырушылардың қолынан өтті. Оның алғашқы дебюті Францияда басталды. Жасөспірімдер арасында өткен байқауда чемпион атанған талантты қыздың жеңісті жолы осылай басталған еді. Әрине, 15 жастағы қыздың өмірі әлі алда. Құлау-сүріну, жығылу – заңдылық. Бастысы, өмір сынамасын! Жансая, Бибісара, Камила – бәрінің жетістігінің артында аналары тұр. Ерінбей-жалықпай, қиналса да, мойымай, балаларын жеңіске жетелеп жүр. Өмір-күресте жеңілмеген адам ғана жетістікке жете алады. Оқу, білу, жаттығу – мұның бәрі балаларды алға сүйрейтін жақсы қасиеттер. Бұл төртеуін де жеңіске жетелеген төрт дүние бар: біріншісі – мінез. Екіншісі, ата-аналарының табандылығы. Үшіншісі, жақсы жаттықтырушыға жолықса, төртіншісі, қаржыны таба білгені. Теннің бағын ашқан Фрэнк Кэррол болса, Валиеваны жеңіске жеткізген Этери Тутберидзе екенін мойындауымыз керек. Қазір дарынды балалар да, оның ата-аналары да көбіне «тірек» іздейді. Таныстарын жағалайды. Құдай берген талантын таныта алмай әуреге түседі, кейде тіпті қор болады. Нарық – таза талантты танытатын тетік. Бәсекелестік – соның басты шарты. Ал әділеттік – негізгі қағидасы. Шын талант сондай ортада топ жарып шығуы тиіс. Бұл үшін қоғамдағы құндылықтар күн тәртібіне шығуы керек. Сонда қалың қазақтың арасынан әлі талай жаңа тұлға шығары сөзсіз!Айым БЕКТҰР