Қаңтардың басында еліміздің бірқатар аймағында болған дүрбелеңнің бұқара біле бермейтін қырлары бірте-бірте ашылып келеді. Әу баста бейбіт мақсатта басталған митингті бас пайдасына жаратып, тіпті мемлекеттік төңкеріске дейін ұластырмақ болғандар бар екені де биік мінберлерден айтылды. Ал дүрбелеңнің бел ортасында радикал діни ұстанымдағы азаматтар тобының болғаны да айқындалып келеді. Яғни, бүлікте радикал көзқарастағы адамдардың «үлесі» мол болған сыңайлы. Әрине, қаңтардағы дүрбелеңнің толық мән-жайы мен қыр-сыры тергеу аяқталған соң ашылатыны сөзсіз. Оны Президент Қ.Тоқаев та айтты. Тіпті, наурызда бүлікті ұйымдастырушылардың кім екені де аталуы ықтимал. Алайда елді елеңдеткен оқиғаның ұйымдастырушыларынан бөлек белсенді қатысушылары бар екенін ескеру қажет. Олар – радикал діни идеологияның жақтастары. Олардың әрекетін айғақтайтын бейнежазбалар Алматының өзінде бірнеше жерде түсірілді. Қала әкімдігі маңында, Алматыдағы ұлттық музей төңірегінде діни радикалдардың әрекет еткеніне айғақ болатын бейнежазбалар шықты. Ал қоғамда әлі күнге радикалды ағымдардың жетегінде кетіп қалу қаупі бар азаматтар аз емес. Радикалдар адамды арбаудың сансыз тәсілдерін меңгерген.
«Қаупің қайдан болса, қатерің содан»
Негізі, Қазақстан қоғамында радикал діни ұстанымдағы азаматтардың аз емес екенін бұқара біледі. Әдетте, ислам атын жамылған радикал топтар алдымен ҚМДБ қызметін, Бас мүфтиді мойындамайды. Мазхабтарға қатысты көзқарастары да бөлек. Діни үкімдер мен қағидалардың да ең қатал, радикал бағытын ұстануға әуес. Бірақ ресми түрде тыйым салынған экстремистік немесе террористік ұйым мүшесі болмаса, құқық қорғаушылар сақал өсіріп, балақ қысқартқаны үшін ешкімді тұтқындай алмайды. Бәлкім содан да шығар, бұқара исламның салафи, уаһаби бағытын ұстанатындар көп деп бағалағанымен, ресми статистикада олардың саны беймәлім. 2016 жылы салафиттік бағытты ұстанатындар саны 15 мың шамасында делінген ақпарат тараған. Бірақ ресми органдар оны нақтылаған жоқ. Әрі салафизм мен уаһабизмге екі түрлі ұстаным ретінде баға беру керек пе, әлде бірге қарастырған дұрыс па дейтін мәселе шешілмегендіктен, бұл бағыттарды ұстанатындар санын анықтау қиын. Тек салафиттерді «радикал» және «қалыпты» деп бөліп қарастыра бастадық. Соңғыларынан қауіптенген де жоқпыз. Оның үстіне, исламдағы осынау саясиланған ағымдарға ресми түрде тыйым салу да қиын. Өйткені бұл ағымдар нақты ұйым емес идеология болғандықтан, оларды экстремистер мен террористер тізіміне қосу оңайға соқпайды. Демек, радикал идеологияны жақтайтын топтарды бірден экстремист деу үшін алдымен кінәсі дәлелденіп, қай ұйымға мүше екені анықталуы керек. Онсыз бұқараның күдігі жай ғана болжам болып қала береді. Өкініштісі, Қазақстан қоғамында заңнамадағы осынау «кетікті» тауып алған радикал көзқарастағы адамдар өз жақтастарының санын арттырып келеді. Ал ресми түрде экстремистік және террористік ұйым ретінде тыйым салынған ұйым саны 20-дан сәл ғана асады. Мұның өзі қоғамдағы радикалдардың «ұйқыдағы ұяшықтарының» қалыптасуына септігін тигізген сыңайлы. Ешкім қудаламайды, сақал-мұртты қырып тастаса жұма сайын мешітке баратын жамағат мүшелерінен айырмасы қалмайды. Қылмыс жасамаса ешкім ұстамайды. Сонымен бітті. Ұрымтал сәтті күтіп жүре береді. Ал Қазақстан үшін ең басты қауіп қоғам мүшелерінің радикалдануы екенін сонау 2018 жылы DW-ға сұхбат берген Берлиндегі шығысеуропалық және халықаралық зерттеу орталығының маманы Белте Эшмент айтқан еді. Қаңтарда «қаупің қайдан болса, қатерің содан» дегеннің кері келді.Радикал көзқарасты жоюдың тәсілдері
Жалпы, қоғам мүшелерінің радикалдануына байланысты түрлі болжамдар айтылады. Дегенмен сарапшылар радикалданудың бірнеше себебін алға тартады. Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы кемі 5-6 фактор қоғам мүшелерінің радикалдануына алып келетінін айтады. «Азаматтардың радикалдануына діни сауат, психологиялық, әлеуметтік қажеттілік, туысқандық, наразылық тәрізді көптеген фактор әсер етеді», – дейді К.Тышқанұлы. Сонымен қатар әр фактордың өзіндік ерекшеліктері болатынын және радикал идеяны таратуға ықпал ететінін айтады. Теолог Расим Челидзе радикалды идеологияның жақтастарын жинау қазір офлайннан онлайнға өтіп кеткенін айтқаны бар. Әлеуметтік желілерді, тіпті виртуалды ойындардағы чаттарды пайдалану да осынау идеологияны таратушылардың сүйікті тәсілдеріне айналыпты. Ал ойын чаттары арқылы хабарласу тәсілі оп-оңай. Әрі чаттары мұндай амалға қолайлы онлайн ойындар өте көп. Одан бөлек, банктердің онлайн аударым жүйесі де қандай да бір белгі беруге жарайды. Қажет адамға 100 теңге аудара отырып, астына тиісті тапсырманы жазып жіберу мүмкіндігі бар. Дегенмен қаңтардағы бүлік кезінде ойын чаттары қолданылды ма, басқа тәсіл пайдаланылды ма, әзірге тергеушілер ашық айтқан жоқ. Бірақ интернет арқылы жақтастарына бұйрық беруге талпынғандар болғаны белгілі болды. Оны Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин сұхбаттарының бірінде айтты. Тіпті, 2011 жылғы терактілерді ұйымдастырғанын жариялаған «Халифат сарбаздары» ұйымын құрушылардың бірі Сириядан нұсқау беруге тырысқанын айтқан еді саясаткер. Демек, Skype, Telegram, WhatsApp тәрізді мессенджерлер мен байланыс құралдарын пайдалану тек жақтас жинау үшін емес, қажет кезінде «ұйқыдағы ұяшықтарды» оятуға да таптырмас құрал болады деген сөз. Сонымен қатар пәтерлерге жиналып уағыз тыңдау және сол жерден шетелдегі «ұстаздарынан» бұйрық алу да радикалды идеологияны жақтаушылардың сүйікті тәсілі екен. Қазақстанда мұндай тәсілді 2016 жылдың маусымында Ақтөбеде теракт ұйымдастырғандар қолданды. Онда радикалдар бір үйге серіктерінің бірінің туған күнін тойлауға жиналған және сол жерде «ұстаз» болып жүрген біреуі теракт жасау идеясын ұсынған. Бірақ топ мүшелерінің барлығы әлгі идеяны жақтамағанын, сол себепті туған күн тойлауға жиналған 50-ге жуық адамның жартысына жуығы бас тартып, 25-і Ақтөбеде теракт ұйымдастырғаны анықталды. Дегенмен қаңтар бүлігін ұйымдастырушылар пәтерлерді «штаб» қылатын тәсілге жүгінді ме, жоқ па белгісіз. Бірақ мессенджерлер мен чаттардың рөлі жоғары болғанын ішіміз сезеді. Оны кейбір сарапшылар айтып жүр. Айтпақшы, қазір радикалды идеяны таратушылар өздеріне жақтас жинау үшін қайырымдылық шараларын да ұйымдастыратыны бар. Мұндай жағдайда көмек алған адам «жомарт» жандардың алдында өзін қарыздар сезініп қалады. Сөйтіп, идеологиялық арбауға ақыры түсіп тынады. Тіпті, мұндай жағдайда тұтас отбасылар радикал көзқарасты қабылдауы мүмкін. Одан бөлек, радикалдар жақтас тарту үшін «романтикалық танысу кешін» немесе әлеуметтік желілерде пікірталас ұйымдастыруы мүмкін. Әдетте, әлеуметтік желілердегі пікірталастар қандай да бір жазбаға қарата айтылған пікірлер арқылы басталып, барлық ой-ұсыныстар сол пікірдің астына жазылады. Дінтанушы Балғабек Мырзаевтың айтуынша, радикалдық бағыттағы идеологияны таратушылар ең алдымен өздеріне қажет аудиторияны таңдайды. «Ол аудитория негізінен діни сауаты таяз, әлеуметтік осал топқа жататын, өмірбаянына үңілсеңіз мектептегі сабақ үлгерімі төмен және тәртібі нашар болған, толыққанды емес отбасынан шыққан адамдардан құралады. Ал осыларға үлгі болу үшін танымал әнші, ақын, спортшыларды, жазушыларды радикал идеологияны таратушылар өздерінің қатарына тартады. Сөйтіп, әу бастағы мақсатты аудиторияға осындай тұлғаларды үлгі ретінде көрсетеді де, қатарларын толықтырады», – дейді Б.Мырзаев. Демек, бұқараның кейбір қайраткерлердің діни көзқарасы мен ұстанымынан күдіктенуге толық қақысы бар деген сөз. Қазір қоғамға танымал адамдарды өз жақтасы етуге тырысатын діни «жамағаттар» аз емес. Мысалы, қылмыс әлемінің «серкесі» саналатын Арман Жұмагелдиевті немесе «Дикий Арманды» атауға болады. Оның Алматыға дүрбелең кезінде ұшып келгені белгілі. Тіпті, қару ұстап жүрген бейнежазбасы да жарияланған. Бірақ астыртын түрде радикал идеяларды тарататындар «жұлдыздарды» бұлай құрбан етпеуі мүмкін. Өйткені олар қоғамда беделді, кейін де пайдалануға болады.Жақтас жинаушының келбеті қандай?
Әдетте, радикалды идеологияға жақтас жинаушы адамды қауға сақалды, шолақ балақты, арабтың немесе Оңтүстік Азияның өзге де халықтарының киімін киетін адам ретінде бағалау қате екенін сарапшылар айтып жүр. Қазір радикалдарды басқарушылар тобына кіретін азаматтар әдетте өте білімді болып келеді. Теолог Расим Челидзе олардың психологиялық портреті әртүрлі екенін айтады. Бірақ олар интеллектуалды тұрғыда өзін әбден дамытқан, харизмасы күшті, күрделі сауалдарға оңай жауап беретін, адамға қажет кезінде қаржылай да жәрдем беретін мүмкіндігі бар адам келбетінде сипатталады. Тіпті, іскерлік киім киіп, шет тілдерінде сайрап тұруы да мүмкін. Бірақ радикалдардың қатарын көбейтуде бұлар алдыңғы қатарда жүреді. Әрі олар – элита. Ондай адамдарды қолға түсіру де қиын. Әдетте, қолға түсетіндер жоғарыдан келетін бұйрықтарды қабылдап, орындаушылар ғана. Қаңтар бүлігі кезінде «ұяшықтардағы» топтар белсенді болды, элита тасада қалған сыңайлы.МАМАН ПІКІРІ
Балғабек Мырзаев, дінтанушы:Радикал идеологияны тарату амалдары өзгеріп келеді
– Бұлар бір кездері кіші қажылық – умраны да, қажылықтың өзін де радикал идеологияға жақтас тартуға пайдаланғаны бар. Умраға барғандар Сауд Арабиясында «ұстаздарының» уағыздарын тыңдайтын. Қазір бұл тәсілді қолдану азайған. Бірақ туризмді пайдалану басталды. Мысырға, Түркияға немесе өзге де елдерге бару арқылы сол жақта тиісті адамдардың дәрістеріне қатыстырады. Айтпақшы, бұлар әлеуметтік көмек жасау арқылы да жақтас тартады. Мысалы, жұмыссыз жүрген адамға жұмыс тауып немесе біреуге кәсіп ашып береді. Мол қаржы бөледі. Бірге сауда жасайды, өзге кәсіппен айналыстырады. Жаңа кәсіпкер аяққа тұрып кеткенге дейін оны өздерінің қатарына қосып алуға барынша тырысады. Сонымен қатар олар өзара қыз алысып, беріседі. Құда-жегжат болады. Сөйтіп, өздерінің қатарын көбейтіп келеді. Меніңше, мұның барлығына әлеуметтанушылар, қоғамды зерттейтін өзге мамандар көбірек назар аударғаны жөн деп ойлаймын.