Қаңтар қасіреті: Бас прокуратура Алматы әкімдігін басып алуға екі шетелдіктің қатысқанын анықтады
Қаңтар қасіреті: Бас прокуратура Алматы әкімдігін басып алуға екі шетелдіктің қатысқанын анықтады
Фото: nazarnews.org
213
оқылды

Бас прокуратура биыл қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысты тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Жекелеген эпизодтар бойынша қылмыстарға қатысы бар күдіктілер анықталып, ұсталды. Тергеуде биыл қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні Алматыда қала әкімдігінің ғимаратын басып алу кезіндегі тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан екі шетелдік анықталды. Аталған адамдар ғимаратты қорғап жүрген мамандандырылған күзет қызметінің қарусыз қызметкерлеріне қарсы қатыгездікпен күш қолданған. Олар полицейлерге бұрын тартып алынған қалқан, таяқтармен дене жарақатын салған.
Бейнематериалдарды зерделеу нәтижесінде, қылмыскерлердің жеке басы анықталды. Олар биыл 1 ақпанда соттың санкциясымен қамауға алынды. Олардың қылмыстық әрекеті Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-бөлігі (жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу), 380-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтары (билік өкіліне күш қолдану) бойынша сараланды.
6 қаңтарда бүлікшілер телеэфир ұйымдастыру мақсатында «Көктөбе» телемұнарасын басып алуды жоспарлап, ол үшін бейбіт тұрғындарды бірлесіп қылмыс жасауға көндірген. Қылмыскерлер олардың өміріне қауіп төндірген. 1992 жылы туған азамат бас тартқан соң қылмыскерлер оған мылтықпен екі рет оқ атқан. Жәбірленуші аяқ-қолынан жарақат алған.

Қылмысты ұйымдастырушы ұсталды. Ол бұрын сотталған 1983 жылы туған Алматы қаласының тұрғыны екені анықталды. Ол 25 қаңтарда соттың санкциясымен қамауға алынды.