Алматы сияқты алып қалада ең жиі кездесетін нысандардың бірі – сауда орындары. Оның ішінде базарлардың үлесі басым. Себебін айтпаса да түсінікті. Ал базар маңындағы «жабайы сауда» атанып кеткен заңсыз сауда орындарының мәселесі ше? Бұл салаға тікелей жауапты орындардың өзі мәселені шешуге асығар емес. Неге?
Кім «қамқорлық» жасайды?
«Жабайы сауда» орындарында тұрған саудагерлердің айтуынша, олар ешқандай заңсыз тұрған жоқ. Қолдарында жеке кәсіпкер екенін растайтын құжаттары бар. Яғни, базарға кіреберіс жерде тұрып, сауда істеуге әкімдіктің арнайы рұқсаты бар. Бірақ ешқайсысы бізге рұқсат құжатын көрсете алмады. Ал базар ішінде заңды орынға күнделікті жалға алу ақысын төлеп, азды-көпті нәпақасын айырып, күнелтіп тұрған саудагерлердің пікірі мүлдем басқаша. Олардың айтуынша, сыртта сауда істеп тұрғандардың ешқайсысы да салық немесе жалдау ақысын төлемейді. Барлығы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттің арқасында тұр. «Олардың олай заңсыз сауда жасап тұрғанын бәрі біледі. Тіпті, базар басшылығына да неше рет айттық. Олар сауда орнының сыртындағы жерлерге құзыреті жүрмейтіндіктен, әкімдікке тиесілі екенін айтады. Солардың кесірінен бізде сауда жоқ. Келген адамдар керегін сыртта тұрғандардан алып, ішке кірмейді. Білуімізше, олар учаскелік полицейге 2-3 мың теңге ақша беріп, күні бойы сауда жасап тұра береді. Бұрын анда-санда болса да, әкімдік келіп рейд жүргізіп тұратын еді. Соңғы кезде оларды да көрмейтін болдық», – дейді «Жұлдыз» базарында жеміс-жидек сатып тұрған бірнеше сатушы. Базар ішінде тұрған кәсіпкерлердің айтуынша, жабайы сауданың бәрін учаскелік полицей мен әкімдіктің кейбір қызметкерлері «крыша» жасайтын көрінеді.Бұл мәселе бірнеше базардан кездесті
Осындай оқиғаға біз қала орталығында орналасқан «Тастақ» базарының маңайында да кездестік. Аталған базардың жанындағы Брусиловский көшесінің екі жағында да заңсыз сауда қызып тұр. Негізінен, құрылыс материалдарын сататындар өз тауарларын тротуарлар мен жол жиегіне жинап қойып, сауда жасайды. Тіпті, олар жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің жүрісіне де едәуір кедергі келтіреді. Бұл жердегі саудагерлердің де айтатын уәжі тура жоғарыдағыдай болып шықты. «Әкімдіктен арнайы рұқсатымыз бар». Алайда ешқайсысы сол құжатты көрсете алған жоқ. Тағы бір байқағанымыз, жол жиегінде тұрып, түрлі тамақ өнімін сататындар да көп екен. Күн жылына бастағанда мұнда сауда көрігі қыза түсетіні рас. Ал олардың бірде-біреуінің санитарлық талаптарға сай келмейтіні анық. Сатып алған адамның уланып қалмасына кім кепілдік бере алады? Дәл осындай жабайы сауда қатарларын әйгілі орталық «Көк базар» мен «Барахолка» базарларының маңынан да көптеп кезіктірдік.Әкімдік жауапкершіліктен қашып отыр
Жауапты орындардың пікірін білмек болып Алматы қалалық әкімдігі Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына бірнеше сауал жолдағанбыз. «Базарлардың сыртындағы заңсыз сауда орындары туралы қандай мәлімет бар? Оларды жоюға қандай (рейд немесе тексеріс) шара қолданылды? Осы уақытқа дейін осындай қанша заңсыз нүкте жойылды?» деген сауалымызға әкімдікке қарасты аталған басқармадан «Бұл шаруамен полиция айналысады» деген бір ғана жауап алдық. Әкімдіктен мардымды жауап болмаған соң осы мәселеге қатысты қолданыстағы заңға үңілдік. Бұл жерде осындай жағдай анықталған жағдайда тек айыппұл салумен ғана шектелетіні көрсетіліпті. Себебі Әкімшілік құқықбұзушылық болып табылады екен. Яғни, мұндай жағдай анықталса, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 387-бабы (қаланың көркін бұзу) және 165 - бабы (белгіленбеген жерде сауда жүргізу) бойынша шара қолдануға болады. Салынатын бірреттік айыппұлдың көлемі 5 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Базар мен түрлі сауда орнының алды мен артын түгел қамтыған жүздеген жабайы заңсыз сауда қатарларына «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмай тұр. Ең өкініштісі де – осы.Алматы