«Саяси жаңғырту үрдісі партиядан басталады» – Ақтөбе облысынан 21 делегат сайланды
«Саяси жаңғырту үрдісі партиядан басталады» – Ақтөбе облысынан 21 делегат сайланды
158
оқылды
«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы Саяси кеңесінің отырысы онлайн форматта өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты. Саяси кеңес отырысында съезге қатысатын делегация құрамы сайланып, Ақтөбе өңірінен 21 партия мүшесі кірді. Олар маңызды жиынға онлайн форматта қатысады. Алдағы съездің маңызына тоқталған партияның Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов: – Партияны жаңғыртусыз саяси жаңғырту үрдісі мүмкін емес. Сондықтан да «Nur Otan» еліміздің қоғамдық-саяси жағдайының сұраныстарына сәйкес өз жұмысын күшейтуге дайын. Съезд барысында партия жұмысын жаңғырту басымдықтары талқыланады. Партияның туған күнінде оны дамытудың жаңа бағыты белгіленуінің символдық мәні бар, – деп атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы Жолдауында саяси реформаларды ұсынатынын айтқан болатын. Партия Төрағасының жаңа Қазақстанды құру бойынша алға қойған міндеттерін сапалы әрі уақтылы орындау үшін партияның барлық ресурстары жұмылдырылады. Әсіресе, бастауыш партия ұйымдарына басымдық берілмек. Қазір Ақтөбе облысында 200-ден астам бастауыш ұйым бар. Ақтөбелік нұротандықтар олардың жұмысын жандандырып, пікір алмасу, нақты мәселелерді шешу орнына айналуы үшін нақты жұмыстарды қолға алған. Мәселен осы аптада өткен бастауыш ұйымдардың жиналысында бірқатарының төрағалары ауысып, беделі бар көшбасшылар сайланды. Сонымен қатар Ақтөбедегі партиялықтар өңірлік сайлауалды бағдарламалардың іске асырылуына талдау жасап, орындалу сапасына ерекше назар аударып отыр. Осы аптада облыстық мәслихаттағы депутаттарды жинап, фракция отырысын өткізбек. «Nur Otan» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов өңірлік филиалдармен кеңесінде «Jas Otan» жастар қанатының алдына да нақты міндеттер қойды. Мәселен, жастарды партия айналасына біріктіру, нақты жұмыс істейтін «әлеуметтік лифтілер» құру, формальды іс-шаралардан бас тартып, жастардың барлық санаттарымен жұмысты жаңа форматта жүргізуі міндеттелді. Бүгінгі таңда, «Jas Otan» ЖҚ-ның аймақтағы филиалы өңірдегі 33 жастар ұйымымен байланысын жандандыра бастады. Облыстық, қалалық және аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, бұрын ұйымдаспаған жастармен және ауыл жастарымен жұмысты қолға алды. Оған 34 жас депутаттан тұратын жас депутаттар корпусы тартылып отыр. Сонымен қатар облыстағы танымал жастарды жастар қанатының қатарына біріктіру жұмыстары жүргізілуде.