Вице-министр көлік алу үшін кредит қанша теңгеге дейін берілетінін айтты

Вице-министр көлік алу үшін кредит қанша теңгеге дейін берілетінін айтты

Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев көлік алу үшін берілетін кредит, отандық машина жасау саласының ахуалы туралы айтты.

Сондай-ақ жеңілдікпен көлік алу үшін берілетін кредиттің талаптарына тоқталды. Оның айтуынша, егер алатын көліктің құны 10 миллион теңгеден жоғары болса, оның үстіндегі артық ақшаны сатып алушы өз қалтасынан төлейді.
«Жеңілдікпен көлік алуға берілетін кредит лимиті – 10 миллион теңге. Егер көлік құны 10 миллион теңгеден жоғары болса, қалған қаржыны сатып алушы өз қалтасынан төлейді. Жеңілдетілген кредит көліктің маркасына қарамастан, барлық көлікке беріледі. Ал кредиттің 10 миллион теңгеге дейін берілетін себебі, мәселен, 25 миллионға көлік алуға қаржылық мүмкіндігі бар адам жеңілдетілген кредитсіз-ақ көлік сатып ала алады емес пе?», – деді Марат Қарабаев.
Күні кеше Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа көлік тапшылығы туралы сұхбат берген еді.
«Бұдан былай көлік сатып алу үшін алғашқы жарна төлемей, 7 жылға 4 процентпен несие беріледі. Осы мақсатқа «Жасыл даму» компаниясы 100 миллиард теңге бөледі», – деді Роман Скляр.

Ол бұған дейін автомобиль мен өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасының барлық түрі бойынша утилизациялық алым мөлшерлемесі 50 процентке төмендетілгенін айтқан болатын.