Жаңа Қазақстан. Бизнес
Дамыған елдермен салыстырғанда Қазақстанда кәсіпкерліктің даму қарқыны көңілден шығардай деңгейде емес. Бұл салада көп кедергілер барын кәсіпкерлердің өздері де айтып жүр. Монополия, рейдерлік, әділетсіз бәсеке. Демек «Жаңа Қазақстанға» жаңа экономикалық өзгерістер қажет деген сөз. Бизнес нарықта еркін қызмет көрсетіп, сауда жүргізуі үшін Үкімет қандай өзгерістер жасауы керек?
Нұрлан ҚҰРАЛОВ,
«Амангелді» ЖШС басшысы:
– Кәсіпкерлер өнімін сата алмайды. Сондықтан ашылған кәсіпорындардың көбі артынша жабылып қалып жатады. Шешімі қандай? Жауаптылар супермаркеттер желісіне Қазақстанда жасалған өнімдерге арнайы сөре беруді жүктесе, яғни жас кәсіпкерлердің өнімін сол жерде сатуға рұқсат берілуі керек. Монополияға қарсы жұмыстарды күшейту қажет деп ойлаймын. Әйтпесе, арадағы делдалдар пайдаланып, ауылдағы қысы-жазы еңбектеніп жүрген диқандардың қолына тиын-тебен ғана түседі. Еңбектің нәтижесін басқалар көреді, ал халық болса, 45 теңгенің пиязын 160 теңгеден сатып алып жатыр. Тиімсіз делдалдыққа тоқтау салу қажет.
Кедендегілер қандай өнім елге кіргенін ашық жариялап отыруы қажет. Мәселен, кондитерлік өнімдердің 70 пайызы шетелден келеді. Оны қандай бағада елге әкеледі, сол ашық көрсетілуі тиіс. Түркиямен салыстырсақ, бізде кондитерлік өнімдер өте қымбат. Ұн, бидай өз елімізде өндірілсе де, бағасы қымбат. Себебі шетелден келетін тауарлардың ортасында делдалдар бар. Ол өз жерінде арзан болғанымен, делдалдар үстіне екі-үш есе баға қояды. Ондай өнім бізде өндірілмегендіктен, қымбатқа сатып алуға мәжбүрміз. Отандық кәсіпкерлер жоғары пайызбен несие алып, шаруасын жүргізіп отырғандықтан, оны өтеу үшін де бағасын көтереді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аудандарда қандай кәсіпорындар ашуға болатынын зерттеп, кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеуі тиіс. Өйткені маңызды саланы бір кәсіпкерлердің мойнына артып қоюға болмайды. Қытай қалай дамыды? Мемлекет халықпен бірге кәсіпорындар ашты. Несиеден құтылғаннан кейін ол жекеменшікке өтті. Жаңалық ашудың қажеті жоқ, шетелдердің тәжірибесін елге алып келу керек. Тағы бір ұтымды тұсы, олар кәсіпорын аяққа тұрғанша салықтан босатқан. Қазір шетелге тәуелді болып, шикізат сататын мемлекет болып отырмыз. Бізде мемлекет тарапынан өндіріс ашуға үлкен қолдау керек. Елдегі кедейлікті жоюдың бірден-бір көзі өндіріс орындарын ашып, адамдарды тұрақты жұмыспен қамту екені мәлім. Несие алып, кәсіп ашқысы келетіндер көп. Бірақ біздегі екінші деңгейлі банктердің жылдық мөлшері өте жоғары. Мүмкіндікті пайдаланып, грантқа құжат өткізейін десең, «мына анықтаманың мерзімі өтіп кетті», «құжатыңыз дұрыс емес» деп құжат қабылдаушы қызметкерлер әрі-бері әбден сандалтады. Одан кейін көбі кәсіп ашуға деген құлшынысы сөнеді, «қойшы» деп қолын бір сілтейді де кетеді. Әрі сыбайлас жемқорлықтың барын да жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан тегін бер демейміз, тек кәсіпкерлерге пайызсыз несие берілсе, кәсіпкерлік дамитын еді.
Сырымбек ТАУ,
YOKOHAMA, TRIANGLE компанияларының
Қазақстандағы ресми дистрибьюторы:
– Төмен пайызбен несие берілуі керек. Яғни, жылына – 3-8%. Бірақ төлеуді қадағалау керек. Халықтың экономикалық сауаттылығы төмен. Әсіресе, кәсіпкерлерде. Көлік тапшылығын пайдаланып, көлік бағасына қосымша құралды міндеттеп беру арқылы көлік сататын компаниялар халықты тонап жатыр. Мұны реттеу үшін отандық көлік субсидиясын алып тастап, ашық бәсекеге жіберу керек. Субсидия алған саланың көтерілгені жоқ. Жемқорлыққа батырады.
Теңге тұрақсыз. Біз әлі импорт мемлекетпіз. Сондықтан кіші және орта өндірістер көптеп ашылуы керек. Өзімізде шығатын өнімдерді экспорт салық қойып, соңғы өнімді шығаратын кәсіпкерге шикізат арзан жеткені дұрыс. Бізде шикізат ретінде шығатын өнімдерге шектеу керек. Мысалы, бидайды салық төлеп, экспорттасын. Ал ұн салықсыз шыққаны дұрыс. Сондай-ақ мыс, металл, пластик шикізаты бізде көп. Оларды ішкі өндіріске арзан бағада беру керек. Өзімізде бар шикізатпен өнім жасап, экспорт жасауымыз керек. Сондықтан өзімізде шығатын шикізаттан өнім жасап шығаратын кәсіпкерге жақсы жағдай жасауы тиіс. Бізге ірі өндірістер емес, шағын 50 адамға дейін жұмыс істейтін мыңдаған өндіріс орындары қажет. Отандық кәсіпкерлер арзан тауарлар шығаруды қолға алуы керек. Өйткені халық ертеңгі күнін ойлап, бағасы жоғары тауарларды алуды азайтады. Қазақстан халқының 2-3%-ы ғана бағасы жоғары тауарларды сатып ала алады. Қалған 97% адам бұрыннан эконом тауарларды сатып алатын. Сондай-ақ отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін салықтарды да сәл төмендеткен дұрыс.
Біз кең-байтақ жерімізді тиімді пайдалана алмай келеміз. Туризм саласына аса мән берген дұрыс. Әр келген шетел азаматы қайта келетіндей жағдай жасауымыз керек. Әлемде қыс болатын мемлекеттер аз, қысқы туризмді дамытсақ, ұтарымыз көп. Тамақ өнімдері Орталық Азия елдерінде органик болып саналады. Біз осы саланы да қолға алып, органик өнімдерді экспорт жасап үйренуіміз керек. Жеріміз үлкен және екі алып елмен шекараласпыз. Соны пайдалана отырып, транзит жолда пайда таба аламыз. Бұл да кәсіптің үлкен саласы. Кәсіпкер жолдан, кеденнен артық шығынды үнемдей отырып, жетістікке жетеді. Сол себепті Үкімет осы жағын реттеуі керек.