Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Қазақстанды» бірге құрайық!
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа Қазақстанды» бірге құрайық!
623
оқылды
Қазақстанның болашағы жарқын болады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Qazaqstan ұлт­тық телеарнасына сұхбатында осылай деп се­німді түрде мәлімдеді. Қазақстан көшбас­шысы 2022 жылғы «қаңтар оқиғаларын» қалай атау керегіне, бүлікшілердің нені көксегеніне қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ мемлекеттік тілге, елдік пен тәуелсіздікке, елдің болаша­ғына, алдағы кең ауқымды саяси реформалар топтамасына, президенттік сайлауға және бас­қа да мәселелерге қатысты ой-көзқарас­та­рын ортаға салды. Осының алдында Президент халықаралық ау­диторияға арнап, орыс тілінде сұхбаттасқанда, біраз азамат қызғаныш, көңілтолмастық білдірді: «Неге алдымен қазақша сұхбат бермеді? Бұл бөле-жару қазақ тілін кемсіту емес пе?» деген сұрақ қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, «бұл ешқандай да кемсітушілік немесе менсінбеушілік емес». Бұл Ресей, Орталық Азия, Еуропа және басқа да елдерде тарап жатқан жалған ақпаратқа тоқтау салу үшін керек болды. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды. – Ал қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек! Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құр­мет көрсетуіміз керек, – деді Қ.Тоқаев. Негізі, «қасіретті қаңтар» оқиғаларына әркім әртүрлі баға береді, ортақ тоқтам жоқ. Сонда бұл оқиғаларды біз қалай сипаттауымыз керек? Бұл төңкеріс пе, әлде билікке қарсы бейбіт шеру ме? Қалай атаймыз? – Біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ дәл осындай қарақшылардың қатыгез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе. Ашығын айту керек, жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Француз тілінде осындай әрекетті coup d’etat деп айтады. Бұл – төңкеріс деген сөз. Елді­гімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Әрине, халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым азаматтар сүйікті қаласын өз қолымен қиратпас еді. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат белгілі: кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, билікті құлату, – деді ел Президенті. Оның айтуынша, төңкерісшілер елімізде қолға алын­ған реформаларға кедергі келтіруге тырысты. Тіпті, Президентке де қарсы болды. Өзгерістер олар­дың мүдделеріне тиімсіз еді. Өйткені реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам орнату, монополия­ларды жою, саяси трансформация жасау, елдің эконо­микалық да­муын жеделдету. Халық та осыны талап етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы бағытымыздың өзгермейтінін, реформалар міндетті түрде жалғаса­тынын нықтады. Сұхбат барысында ұсталған адамның арқасына үтік басып, терісін күйдіру секілді азаптау тәсілдері туралы ашық сұрақ қойылды, бұл мәселе қоғамның үлкен бөлігін алаңдатады. Себебі әлеуметтік желіде айтыл­ғандай, қазақстандықтарда «құқық қорғау орган­да­рының қолына өзіміз түсіп қалсақ, осы жағдайға тап болмаймыз ба?» деген үрей бар. – Кейбір азаматтарымыз менің атыма бей­неүн­деу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Омбудсмен Э.Әзімова, құқық қор­ғау­шылар А.Омарова, Ж.Тұрмағамбетова, А.Құс­пан және басқа заңгерлер жиналып, арнайы ко­миссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көр­сетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Би­лік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына ара­ласпайды. Мен де араласпаймын. Әрбір құқық­бұзушылық дерегіне шара қабылданады. Кінәлі адамдар жаза тартады. Мен үшін азамат­тары­мыздың құқығы аса маңызды, – деді Қ.Тоқаев. Сонымен бірге лаңкестерге, радикалды және қыл­мыстық топтар өкілдеріне аяушылық көрсету­дің қаупі бар екен. – Кейбір адам жазықсыз азаматтарды еш се­бепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жал­ған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ мы­на­ны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаң­кес­тер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мың­даған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әре­кеттерге барды. Қазір бәрі жай ғана бейбіт аза­маттар бола қалды. Бұған кім сенеді? Лаңкес­тер­ді, қарақшыларды халық қаһарманы, батырлар деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сене берсек, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл – қарақшыларды Қа­зақстанға шақыру деген сөз! Бұл мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тер­геу жүргізуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Шетелдік, әсіресе ресейлік саясаткерлер, сая­сат­танушылар «Қазақстан өзін қорғап қалған Крем­льге қарыз болып қалды» деген пікір айтты. Соған қарап өкінген кейбір отандық саясаттанушы: «ҰҚШҰ әскерін шақыру еліміздің дербестігін, егемендігін Ресейге телу емес пе? Соларды ша­қыр­­маса болмайтын ба еді?» дейді. Болмаған кө­рі­неді, себебі Ақорданы басып алу қаупі болған. Жалпы, Президент осы шешіміне өкінбей ме? – Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін ше­шім емес. Керісінше, дұрыс шешім болды деп ой­лаймын. Өйткені қарулы қарақшылар Алматы­ны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Тал­дықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада жүрді. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыс­тары байқалды, олар тіпті Ақордаға шабуыл жа­сау­ға дайын болды. Кейбір беделді сарапшылар «лаң­кестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлаған» дейді. Бұл Сириядағы сце­нарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенген еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Тоқаев Ол «Путинге қарыз боп қалдық» дегенді «бос әң­гіме» деп бағалады. – Оны доғару керек. Біріншіден, ҰҚШҰ ұйы­мының контингенті В.Путиннің не Ресейдің же­ке әскері емес! Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бө­лек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қыр­ғыз Рес­публикасының әскери бөлімдері бар. Қаз­ақ­стан да осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Демек, бәрі заңды, қисынды. Ресей өзінің геосаяси мүддесін қорғады. Қазақстанның тұрақтылығы оған өте қажет. Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктестер. Арамызда шынайы дос­тық пен өзара сенім болуы керек. Басқа саясат ұстан­сақ, екі елдің стратегиялық мүддесіне нұқсан кел­тіреміз. Жалпы, біз ешкімге ештеңе де қарыз емес­піз! Қазақстан – егемен мемлекет. Саясатымыз да дербес, – деді ол. ҰҚШҰ-ның 2 мыңнан астам әскері шы­ғарыл­ды. Бірақ «Ресейдің елді басып алу қаупі сейілді ме?» деген сұрақ қалды. «Мәскеу Қазақстанның сол­түстік облыстарын тартып алады» деген пікір бар. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл Мәскеудің емес, жекелеген саясаткерлердің пікірі. – Біріншіден, Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құ­дайы көрші. Қазақтың тағдырына осылай жа­зылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени байланыстарды ны­ғайта береміз. Екінші мәселе. Иә, кейбір ре­сейлік саясаткер «Қазақстанның солтүстік об­лыстарындағы жерлер біздікі» деп жүр. Бірден кесіп айтайын: бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль бұл уәжді қол­дамайды. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз!» деп айтқан. Алаң­дайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқын­далған. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің байланыстарына сызат түспеген. Ресей Пре­зиденті осындай қағидаттарға адалдығын, берік­тігін көрсетті, – деді Қазақстан лидері. Сұхбатта Мемлекет басшысы 2024 жылға жос­парланған аудан әкімдерінің сайлауы беріге, ке­лесі жылға жылжытылғанын жариялады. Жұрт «ескі мамандармен Жаңа Қазақстанды қалай құрамыз?!» дейді. Қасым-Жомарт Кемелұлы көп нәрсе білікті кадрларға байланысты екенін ай­та келе, «саяси тазалауға» бармайтынын, жаңа, жас мамандарға біртіндеп жол ашылатынын жет­кізді. Өйткені мемлекеттік қызмет – сынақ алаңы емес. Мемқызметшілерге қойылатын талап енді өте жоғары болмақ. Шетелде жүрген білікті ма­ман­дарымыз да шақырылады. Қазақстан Президенті қазақ журналистикасына қатысты мәселелерге де тоқталды. Себебі қазір ақ­параттық соғыстағы жеңіс те маңызды. Қ.Тоқаев мер­зімді баспасөзді үзбей қарайтынын, әсіресе «Ай­қын», «Егемен Қазақстан», «Астана ақшамы», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Түр­кі­стан» газеттерін міндетті түрде оқитынын мәлім­деді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы биылғы күзге жос­парлаған саяси реформалар пакетін ұзаққа соз­бай бері жылжытқанын, оны жақында жария ететінін аңдатты: «біраз өзгерістер болады». –Бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жария­лаймын деп ойлағам, бірақ саяси рефор­ма­ларды наурыздың ортасында халыққа Жолдауымда ұсынатын болдым. Қазір жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отыр. Сондықтан «Жаңа Қазақ­стан­ды бірге құрайық» деп үндеу жолдадым. Онда ай­тылған мәселелерді көпшілік қолдады. Мен «Адам­дар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін» деген ұстанымды жарияладым. Осыған бай­ланысты Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырдым, – деді Қ.Тоқаев. Ел Президенті шетелге заңсыз шығарылған қара­жатты Отанға қайтару бойынша ауқымды жұ­мыс жүргізілетінін, бұл мәселе бойынша Үкімет 2 айдан кейін өзіне нақты ұсыныстармен шы­ғаты­нын хабарлады. Содан кейін жұмыс бас­талады, шет­елдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүр­гізіледі. Бұл «өте күрделі әрі ұзақ уақытқа со­зы­ла­тын жұмыс болатын сияқты». Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы болжам бойынша 2024 жылғы 1 желтоқсанда өтуі мүмкін жаңа пре­зиденттік сайлауға түсетін-түспейтініне қатысты пі­кірін білдірді. –Бұл мәселе Конституциямызда жазылған. Пре­зидентке екі мерзім берілген. Оны бұзуға бол­майды. Наурыздағы Жолдауымда, мүмкін, осы маңыз­ды мәселе жөнінде өз пікірімді айтармын. Ал қазір сайлауға барамын ба, бармаймын ба оны айта алмаймын, – деді ол. «Қаралы қаңтар» оқиғалары халықты қорқыт­ты, көпшілікке «Болашақта егемендігімізді сақтап қала аламыз ба?» деген ой келді. –Біздің халқымыз талай «тар жол, тайғақ ке­шуді», қилы заманды басынан өткерген. Қиын­дықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті оқиға кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құн­ды­лық­ты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек! Қа­зақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл – аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз. Ал егемен ел дегеніміз қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел. Демек, «Егемендікті сақтап қаламыз ба?» деген кү­мәнді ой ешкімде болмауы керек. Ол – қисын­сыз тұжырым, қисынсыз сөз. Керісінше, әрқай­сысымыз «Тәуелсіздігімізді қалай бекем ұстап қаламыз?» деп ойлануға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті. Ол мемлекеттік тілдің өркені өсе беретініне сен­дірді. Ал латын графикасына көшу бастамасы жал­ғасын табуы мүмкін. – Тілімізге келсек, оны да сақтап қаламыз. Бас­­қаша болмайды, себебі тарихымыздағы ең күр­делі кезеңдерде тіліміз көзі ашық ағалары­мыз­дың, халқымыздың арқасында аман қалды. Де­генмен тіл реформасын жасауымыз керек. Мә­селе латын графикасына жедел түрде көшу емес. Бұл мәселеге байыппен қараған жөн. Сараптама жа­салуға тиіс. Қисынсыз нәрсенің пайдасы жоқ. Әсіре­се, тілге келгенде асығыстық танытуға бол­май­ды. Себебі бұл өте нәзік дүние, – деп түйді Қ.Тоқаев. Сұхбатты тамашалаған жұрт Қасым-Жомарт Тоқаевтың «келешекте қазіргі өміріміз туралы ау­қымды кітап жазу» ойы барын білді. Қаңтар оқи­ғаларына қатысты тың, қызықты деректер сон­да көрініс беруі де мүмкін.