Жағдайы жоқ спортшыдан жүлде күтеді
Жағдайы жоқ спортшыдан жүлде күтеді
278
оқылды
Бейжің Олимпиадасы кезекті рет отандық спорттағы біраз былықтың бетін ашып берді. Дүбірлі додада ел намысын қорғаған 34 спортшы жүлдесіз қайтты. Жан­күйер­лер бірді-екілі спортшылар жүлдеге ілігіп, ел мерейін асқақтар деп күткен. Бірақ үміт ақталмады. 4 жылдықтың басты додасында көрсеткен нәтижелерінен соң қазақстандық бірқатар саңлақ басшылыққа шағымын жеткізді. Медаль алу үшін алдымен жағдай жасалынуы қажет екенін айта келе, бұл өтініштері тиісті жерлерге жетсе деген өтінішін білдірді. Шындап келгенде, бұл барлық спортшының жанайқайы. Мәселеге зер салып қараса, саңлақтарымыздың реніші орынды. Бүгінде мұзайдындарының көпшілігі жекеменшікке өткен. Жаттығу алаңынан бөлек шорт-трекшілерге шлем, тағы да басқа сақтандыру киімдері берілмейді. Бәрін өздері сатып алады. Спортшылардан бөлек жаттықтыру­шыларға да дұрыс жағдай жасалмайды. Кей спорт түрінен жатты­ғатын база жоқ. Мұны олимпиада­шылардың өздері де мойындап отыр. Күні кеше Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстап шыққан Абзал Әжіғалиев жарыс аяқталысы­мен Қазақстандағы спорт сала­сы­ның кемшін тұстары туралы әлеуметтік желідегі парақ­шасында жариялады. Қазақстан­дықтар ара­­сында ең жоғары көрсеткіш көрсеткен шорт-трекшіміз жара­қат алған жағдайда оларға көмек көрсетілмейтінін, одан бөлек спорт­шылардың Олимпиадаға дейін қандай кедергілерге тап болатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, «Алау» – шорт-трекшілердің жаттығуына сай келетін Қазақстандағы жалғыз мұзайдыны. Бірақ бізге өкініштісі, онда тұрақты дайындалуға мүм­кін­дік жоқ. Арнайы орын да қарас­тырылмаған. Тіпті, жаттығу кезінде спортшылардың заттарын тастап кететін арнайы киім ауыстыратын жер де жоқ. Сондықтан амалсыз Еуропада не Ресейде жаттығатынын жазды спортшы. Шорт-трекшілерге кемінде күні­не таңертең және кешке екі сағат жаттығу керек. Елордадағы мұз сарайы жекеменшік болғаннан кейін олар қомақты ақша сұрай­тын болса керек. Ал ұлттық құра­мада ондай ақша жоқ. – Инвентарь алу – біз үшін мұзайдынынан кейінгі үлкен мәселе. Бірақ оған министрлік не­ме­се басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне түсіреді. Кәсіби спортқа Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар да өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қарайтын гейч пен күш өлшейтін техникалар қажет. Барлық елдің командалары керекті заттармен толық қамтамасыз етілген. Бірақ бізге берілген уәде сол күйінде қалады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтары­мыз жоқ деп тоқтап тұрмайды. Нәтижесінде, біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған саймандарды сатып әпереді. Біз «заңда рұқсат етілмеген» деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға аламыз. Себебі инвентарь жоқ немесе жетпейді деп жарысқа қатыспай қала алмаймыз. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанады, – деп жазды спортшы. Тек Бейжің Олимпиадасының алдында «Алауда» дайындалғанын айтқан Абзал шорт-трекшілерге мұзайдыны Олимпиада алдында ғана емес, былайғы уақытта да қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті. Қысқасы, әр өңірде мұз сарайлары салынғанымен, олардың басым бөлігі шорт-трекшілердің жаттығуына жарамайтын көрі­неді. Спортшының сөзіне сенсек, аталған нысандарда жарақат алу қаупі өте жоғары. Әжіғалиевке облыстық Спорт басқармасы осыған дейін бірнеше рет велосипед алып береміз деп уәде берген. Ол демеушілерді өзі де іздеп көріпті. Бірақ ешкімнен мардымды жауап ала алмаған. «Бізде жарақат алсаң ешкімге керек емессің» деп ашынған Абзал жазбасында 2018 жылғы Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиададан кейін жарақат алып, ұзақ уақыт спорттан қол үзіп қалғанын жазады. Сол уақытта ұлттық құрамадан шеттетіліп, өз қаражатына емделген. Спортшының жазбасын министрлік өкілдері оқып, жауап берді. Көрсетілген кемшіліктердің барын олар да жоққа шығармады. Ал Олимпиадаға дайындықтың төмен деңгейде болғанын пандемиямен байланыстырды. – Абзал жазған мәселелердің бір бөлігі – шындық. Оны мойындауымыз керек. Бүгінде мұзы бар ірі нысандардың көбі жекеменшікке берілген. Сол себепті ұлттық құрама дайындық кезінде кедергілерге тап болады. Дегенмен Мәдениет және спорт министрлігі де, Ұлттық Олимпиада комитеті де, федерация да осы проблеманы шешуге тырысып жатыр, – дейді Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев. Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов та шорт-трекшінің жарақат алу мәселесіне қатысты айтқан сынына құлақ асып, осы проблеманы жедел шешу керек екенін атап өтіпті. – Шынымен, біздің нормативтік актілер бойынша жарақат алғаннан кейін емдеуге ақша бөлінбейді. Өкінішке қарай, солай. Бірақ федерация бар, демеушілер бар. Біз кейбір спортшы­ларға көмек көрсетеміз. Бірақ осы мәселені дұрыстап қарау қажет. Бұл – біздің қателік. Спортшы жарақат алса, жалғыз қалмауы тиіс, көмек көрсетілуі керек. Федерация, Ұлттық Олимпиада комитеті, министрлік жанында спорттық медицинаға жауапты мекеме бар, бәрі бірігіп, осы мәселені шешкені жөн. Абзалдың айтқаны рас, проблема шынында да бар, – деді Елсияр Қанағатов. Спорттағы жүйесіздік пен бармақ басты, көз қысты әрекет­тер ел спортының кежегесін кейін тартып тұр. Жаныңды ауыртатыны, бізде бұған бас қатырып жүрген бірде-бір шенеунікті көр­мейсің. Олардың нешеме шаңғы базасы, экипировкасы, әрі-беріден соң Смирнов бастаған мектебі бар шаңғышылардың Бейжіңдегі сүреңсіз өнеріне алаң­дап, жалғыз бапкерге сенім арт­қан, базаға зәру, шетелде жаттығу­ға мәжбүр болған шорт-трекші­лердің жайына бас ауыртпағанына күйінеді. Аталған спорт түрлеріне лайықты деңгейде көңіл бөлінбесе де басшылықтың қысқы спорттан жүлде күтетіндерін қайтерсің?! – Бізге енді өз бапкерлерімізді дайындау қажет. Сырттағы үздік командалармен үнемі байланыста болып, жастарымызды, жас­өспірім­дерімізді дамытуды қолға алу керек. Кейінгі жылы Ресейде жиі жаттығу өткіздік. Уфада шорт-трекшілерге арналған үлкен кешен бар. Мұнда тек қана осы спорт түрлерінің өкілдері жат­тығады. Сол спорт кешенінде дайындалдық. Біздегі мұзайдын­дарды кімде ақша бар, соларға береді. Федерацияға айтар өкпем көп. Үш Олимпиаданы өткіздік, бізге бірде-бір рет көмекке келген жоқ. Тек біз әлемдік жарыстардан орын алғанда ғана министрлікке мақтанышпен жеткізеді, – дейді шорт-тректен Қазақстан құра­масы­ның бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков. Қорыта айтқанда, отандық спортта, әсіресе қысқы спорт түрлерінен  ірілі-ұсақты кемшілік­тер көп. Спорттағы деңгейіміздің қандай екенін жазғы, қысқы Олимпиада ойындары анықтап берді. Оған алдағы уақытта сараптама жүргізілетіні де айтылып отыр. Жақында Мәдениет және спорт министрлігі Бейжің Олимпиадасына қатысқан спортшылармен жиналыс өткізіп, сол кезде нақты шешім қабылданады. Ұлттық Олимпиада комитеті де ұсыныстарын жасады. Қысқасы, қысқы спортты бұқаралық деңгейде дамытпай, ауылдарда спортқа көңіл бөлмей, спорттық инфрақұрылымдарды қолжетімді етпей, жастар мен балалар арасында жарыстардың санын көбейтпей, әлемдік додалардан, әсіресе Олимпиададан жүлде күту бос әурешілік екенін ұғынатын кез келді. Сондықтан спорт саласының кілтін ұстаған шенеуніктер осы мәселелерге көңіл бөліп, дер шағында шешкені абзал.