Кейінгі жылдары Жамбыл облысында инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңір экономикасын әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Әулиеатаның әлеуеті артып келеді
138
оқылды

Осы баянды бастаманың бағдарын  саралап, алдағы міндеттерді айқындауға арналған маңызды алаңдардың бірі – Меркі ауданында өткен «Меркі бизнес форумы» болды. Ауқымды іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері мен экономикалық даму перспективалары жөнінде кеңінен сөз қозғады.

– Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейтіп, инвес­тиция тарту мәселесіне ерекше назар ауда­р­ып келеді. Бұл бағытта Жамбыл облысында да ауқымды жұмыстар атқа­рылуда. Соңғы үш жылда өңір экономи­касына 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, облыс негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша респуб­ликадағы көшбасшы өңірлердің қатарына енді. Бүгінде біз бұл көрсеткіш бойынша елімізде үшінші орында тұрмыз. Сонымен қатар тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де айтарлықтай артты. Егер бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 184 миллион АҚШ долларын құраса, бүгінде 289,7 мил­лион АҚШ долларына жетті. Оның басым бөлігі – жеке инвестициялар. Бұл кәсіп­керлер мен инвесторлардың өңірдің бола­ш­ағ­ына деген сенімінің нақты дәлелі, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Аймақ басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың нәти­жесіне де тоқталды. Оның айтуынша, биыл алғашқы төрт айда жалпы құны 143 миллиард теңгені құрайтын төрт ірі инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 920 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жыл соңына дейін құны 458,8 миллиард теңгені құрайтын тағы 47 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалардың арқасында 2 700-ден астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Басқосу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кәсіпкерлік сала­сының өркендеуіне және қоғамдық жұмыстарға белсенді үлес қосқан бірқатар азаматқа құрмет көрсетіліп, арнайы мара­пат­тар табысталды.

Бизнес форумда сөз алған белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, про­фессор Намазалы Омашев облыстағы оң өзгерістерге тоқталып, соңғы жылдары елді мекендердің көркейіп, жаңа әлеуметтік нысандардың көптеп салынуы халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайта түскенін айтты. Ғалымның пікірінше, өңірдің тұр­ақ­­ты дамуы – билік пен халықтың өзара сенімі мен бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Жиында кәсіпкерлер тарапынан да нақты ұсыныстар мен маңызды жобалар таныстырылды. Солардың бірі – Novek жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Меркі ауданындағы өкілі Бахыт Көкебаевтың бастамасы болды. Оның айтуынша, алдағы жылдары Меркі ауданы аумағында жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын екі заманауи колледж салу жоспарлануда екен. Атап айтқанда, медициналық және құрылыс бағытындағы білім беру ұйымдары бой көтермек. Әрқайсысы мың студентке арнал­ған бұл оқу орындары өңірдің кадрлық әлеуетін арттыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Келесі кезекте сөз тізгіндеген «Меркі ет комбинаты» ЖШС-ның директоры Берік Егембердиев туған жерге жанашырлық таныту әрбір азаматтың азаматтық борышы екенін атап өтті. 

Форум аясында Меркі ауданы әкімдігі мен туған жердің дамуына қолдау білдірген азаматтар арасында жалпы құны 360 мил­лион теңгені құрайтын алты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.

Бизнес форумның қорытынды бөлімінде Меркі ауданының бай тарихы мен мәдени мұрасын, көркем табиғаты мен туристік әлеуетін кеңінен таныстыратын «Меркі» фотокітабының тұсаукесері өтті. Жинақта ауданның көрікті жерлері, тарихи ескерт­кіштері, ұлттық құндылықтары мен бүгінгі даму келбеті фотосуреттер арқылы жан-жақты көрсетілген.

Осылайша, «Меркі бизнес форумы» өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңінен танытып қана қоймай, кәсіпкерлер мен жергілікті билік арасындағы ынты­мақтастықты нығайтқан маңызды диалог алаңына айналды. Форумда көтерілген бастамалар мен қол қойылған келісімдер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берері айқын.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы