Сынақтан сүрінген болашақ ұстаздар
Сынақтан сүрінген болашақ ұстаздар
582
оқылды
Енді мұғалім болып жұмысқа орналасу үшін дипломның болуы жеткіліксіз. Биылдан бастап уни­верситетті тәмамдаған жас педагогтер қосым­ша тестілеуден өту арқылы «Педагог» біліктілігін алуға міндетті. Дегенмен сынақ басталмай жатып сү­рінгендер көп. Былтыр педагогикалық универ­си­тет түлектерінің 46 пайызы ғана қажетті балл жинай алған. Бұл – тест тапсырған 32 мың түлектің 15 мыңы. Болашақ ұстаздардың білімі неге сапа­сыз? Сынақтан өте алмағандар не істейді? Төрт жыл бойы мұғалім ма­мандығын оқыған студент мек­тепке жұмысқа орналасуы үшін Ұлттық біліктілік тестін тапсыруға міндетті. Міне, бұл – жас маманды жұмысқа қабылдау ережелерінің бірі. Тестілеу сұрақтарында сала­лық пән бойынша мектеп бағ­дарламасы мен сабақ беру әдіс­темесі қамтылған. Сыннан сүрін­гендер «ұстаз» деген атқа ие бола алмайды. Ал бұған дейін мұға­лімдерді жұмысқа мектеп дирек­торы қабылдап келген еді. Енді бұл бастама мектептегі «бармақ басты, көз қыстыны» азайтып қана қоймай, сапалы мамандар санын да арттыруы мүмкін. Білім және ғылым министрі Асхат Ай­ма­ғам­бетовтің айтуынша, оқу бағ­дар­ламасын тиісті деңгейде игер­меген және алған дипломдарының не­гізінде ғана жұмысқа орналасуға ниет білдіргендерді енгізілген тәртіп қуантпайтыны анық. – Бірқатар университеттерге де бұл шешім ұнаған жоқ. Өйткені бұл олардың жұмысының деңгейі мен сапасын айқын көрсетті. Бірақ біз жоғары оқу орында­ры­ның білім беру қызметінің сапа­сын жақсарту мақсатында, мек­тепте қызмет етуге тек мықтылар келуі үшін жұмысты әрі қарай жал­ғастырамыз, – дейді министр.

Тесттен өтпегендер не істейді?

Бұл бастама педагогикалық бағытта маман даярлайтын жо­ғары оқу орындарының жұмысын ширата түсу қажеттігін көрсетті. Бұған дейін елімізде мұғалімдерді 86 университет даярлаған бола­тын. Салалық министрлік атқар­ған жұмыстың нәтижесінде 30-дан астам оқу ордасының педа­гогика бойынша лицензиясы қай­тарып алынды. Жоғарыда сын­нан сүрінгендер де сол лицен­зиясынан айырылған оқу ошақ­тарының түлектері дейді ма­ман­дар. Бірақ соның өзінде әлі 50-ден астам жоғары оқу орнының ли­цензиясы бар, олар педагогтерді даярлауды жалғастырып жатыр. Барлық мәселе олардың кейбі­рінің нәтижелері оқыту сапасына қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндігінде. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директо­ры Хайрулла Нышанұлының ай­туын­ша, болашақ ұстаздардың біліктілік тестінен өте алмауының басты себебі – жоғары оқу орын­дарының көптігі. Айта кету керек, жабылған оқу орындарының сту­денттері педагогикалық универ­ситеттерге келіп қосылған. – Білім саласындағы реформа бір күнде нәтжиесін бермейді. Жылдар өте келе сапалы мамандар шығады. Теория мен тәжірибе әр­дайым қатар жүруі керек. Сон­дықтан университеттегі оқу және өндірістік тәжірибенің сағат сан­дарын көбейтуіміз қажет, – дейді Хайрулла Нышанұлы. Тест тапсыра алмай қалған­дардың кеудесінен итеру де дұрыс емес. Жыл сайын жүздеген жаңа мектеп ашылуда. Ал оларды педа­гогпен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің үлкен мәселесі. Сондықтан Хайрулла Нышанұлының пікі­рінше, тестен өтпеген мамандарды мектепке мұғалімнің көмекшісі ретінде алып, ұстаздыққа баулу керек. Қабылданған ережеге сай шектік балды жинай алмаған жағ­дайда, болашақ педагогтың құ­қығы бұзылмайды. Жас маманға бір жыл ішінде тағы бір рет тес­тілеуден ақылы өтуге мүмкіндік беріледі. Ал тест тапсыру кезінде тех­никалық жағдай бойынша қате кетсе, апелляцияға беруге бола­ды. Жалпы біліктілік тесті пән бойынша 70, педагогика және оқы­ту әдістемесі бойынша 30 сұ­рақтан тұрады. [caption id="attachment_185526" align="alignleft" width="1200"]ұстаз © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Мұғалімдік тәжірибе жылдар өте үйренумен келеді. Ендеше бұл сынақ студенттің емес, оларды да­йындаған жоғары оқу орны мен оқытушылардың деңгейін көрсе­теді. Қазір онсыз да мұғалім тап­шы. Ауылдағы мектептердің жағ­дайын айтудай-ақ айтылып келеді. Оқушысы аз, сағаты жетіспейтін шалғайдағы мектептерге жас пе­да­гогтер сирек барады. Енді та­лапты күшейтіп, жалақысына бол­машы қаржы қостық деп сы­нақтан өтуін талап етсек, жас маманның тауы шағылмай ма? – Біз жас маманға қояр та­лапты қиындатқан сайын педа­гогтер өзге салаға кетеді. Осы­лай­ша, мемлекеттің мұғалім дайын­дауға бөлген қаржысы да желге ұшады. Шын мәнінде, жас педа­гогтің алатын бастапқы еңбек­ақы­сы 200 мыңның шамасында. Ал қазір мұндай еңбекақыны басқа жұмыстан да табуға болады. Жо­ғары оқу орнын бүгін бітірген түлектің білімін ертеңінде тексеру дұрыс емес, – дейді білім сарап­шысы Өмір Шыныбекұлы. Шыны керек, бұрын мұғалім­дікті көбіне ҰБТ-да аз балл  жи­наған оқушылар таңдайтын. Ке­шегі тест тапсырған мамандар сол топтың өкілдері. Ал соңғы жыл­дары оқуға түсушілердің орта­ша балы айтарлықтай өсіп, 96-ға жетті. Сондай-ақ үздік түлектер мен «Алтын белгі» иегерлерінің са­ны да шамамен екі есе өскен.

Саннан сапа маңызды

Жоғары оқу орнында төрт курс оқып, қажетті білім алған сту­денттерге тест тапсыру қиын­дық тудырмайды. Ал білімі мен қабілеті балаларды оқытуға жет­кіліксіз түлектер білім беру ұйым­дарына қабылданбайды. Ендеше біліктілік тесті саннан сапаның маңызды екенін айқындап отыр. Жоғары және жоғары оқу ор­ны­нан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ер­жан Әмірбекұлының айтуынша, мамандардың сапасын көтеру үшін мектептермен байланысты нығайту керек. – Педагогикалық бағыттағы жо­ғары оқу орындары міндетті түр­де колледж, мектеп пен бала­бақшаларды сенімгерлікке алуы қажет. Осылайша, болашақ мұға­лім мектептің ішкі өмірінде қай­найды. Мықты университет тү­лек­терін ауылға тарту үшін қаржы аямауымыз тиіс. Өйткені әлемдік тәжірибе білім саласының ел эко­номикасын көтеруге тікелей әсер ететінін дәлелдеген, –дейді Ержан Әмірбекұлы. Иә, ұшқыштар, аудиторлар мен адвокаттар қызметіне кірісуі үшін жауапты емтихан тапсырады. Ендеше балалармен жұмыс істеуді алғаш рет бастайтын педагогтердің де сынақтан өтуі – құптарлық. Біліктілік тестін тапсыру  сту­денттерді диплом үшін ғана оқуға емес, шын мәнінде сапалы білім алуға ынталандырады. Барлық салаға біліктілік сертификатын алу жүйесін енгізсек, оқу орын­дарының білім сапасын қамта­масыз етуге жауапкершілігі артар еді. Мысал ретінде Оңтүстік Ко­реяны алып қарайық. Өткен ға­сырдың 60-жылдарына дейін эко­номикасы тұралап жатқан мем­лекеттердің бірі болатын. Қа­лай олар білім жүйесін рефор­ма­лап, білім сапасын тәуелсіз ба­ға­лау және біліктілікті анық­тайтын арнайы орталықтар ашты, солай елдегі сапалы мамандардың  қата­ры артып, өндірісі дамыды. Өйт­кені біліктілігі жоғары ма­мандары бар елдің, халыққа қыз­мет көрсету деңгейі де, жасаған жұмыстары мен шығаратын өнім­дерінің са­пасы да жоғары бола­тыны сөзсіз.