Өткен аптада экс-Қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың үстінен іс қозғалғаны белгілі болды. Оған қаңтар бүлігі кезінде әрекетсіздік қылғаны жайлы айып тағылды. Бірақ ол істі болған алғашқы экс-министр емес. Тәуелсіздік жылдарында қызметін атқарып жүрген кезінде де, лауазымынан босатылғаннан кейін де түрлі себеппен істі болып, айып тағылған, сотталған министрлер мен экс-министрлер аз болған жоқ. Олар кімдер еді? Не үшін тергелді? Осы орайда тәуелсіздік алғаннан бергі аралықта министрдің жайлы кабинетін есігін қара құлып күзеткен камераға алмастырған экс-министрлердің «өткеніне» шолу жасап көрген едік. Айыпталған министрлер туралы айта бастағанда апта бұрын басына қара бұлт үйірілген бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов еске түседі. Қаңтар бүлігінен кейін қайта жасақталған Үкіметтің құрамында қалған Бектанов бір аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде қызметімен қош айтысты. Былтыр тамыз айында ғана министрлік тізгінін Нұрлан Ермекбаевтан алған генерал өз орнын Руслан Жақсылықовқа босатып берді. Жаңа министрді ұжымға таныстыру кезінде Президент экс-министрдің әрекетсіздігін сынап, сын сағатында Қарулы Күштердің жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағанын айтты. Арада дәл бір ай өткен соң ол Қылмыстық кодекстің 452-бабына сай қызметтегі әрекетсіздік дерегі бойынша ұсталып, қамауға алынды. Әзірге Бектанов дәл осы баппен айып тағылған алғашқы министр. Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде министр қызметінде отырып, қылмысты болғандардың дені қызметтік бабын асыра пайдалану, қазына қаржысына қол салу дерегі бойынша айыпталған екен.
«Энергетиктер» елден қашты
Министрлердің ішінде алғашқылардың бірі болып Мұхтар Әблязов жаза басып, ауыр айып арқалады. 1998 жылдың сәуірінен 1999 жылдың қазанына дейін Энергетика, индустрия және сауда министрі қызметін атқарған М.Әблязовтың былығы ол отставкаға кеткен сәтте әшкере болды. Құқық қорғау органдары экс-министрдің үстінен қаражатты заңсыз иелену, табысын жасыру баптары бойынша іс жүргізді. Осылайша, оның қылмыстық схема құру арқылы мемлекетке 2 миллиард теңгеге жуық залал келтіргені анықталды. 2002 жылдың мамырында сот Әблязовты 6 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Сонымен бірге экс-министр келтірілген залалдың орнын толтырып, 2 жыл бойы мемлекеттік басқару қызметінен шеттетілді. Дегенмен ол жазасын толық өтемеді. 2003 жылдың 8 сәуірінде Президент жанындағы рақымшылық комиссиясына өтініш білдіріп, бостандыққа шыққан. Кейін ол БТА банкінің басшылығында жүріп, жасаған әрекеті үшін қайтадан сотталушы үстеліне жайғасқан. Алайда 2009 жылдан бері Франциядан саяси баспана алған М.Әблязовқа қатысты сот «ақша жымқырды», «қылмыстық топ құрды» деген айыппен сырттай шешім шығарып, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әуелі Энергетика және көмір шаруашылығы министрлігін, кейіннен Энергетика және табиғи ресурстар министрлігін басқарған Виктор Храпунов та қызметінен кеткен соң істі болды. Ол отставкаға дейін Төтенше жағдайлар министрі қызметін атқарған еді. Экс-шенеуніктің күдікке ілігуіне Алматы қаласы әкімі қызметінде жүріп, жер телімдерін заңсыз бөлуі себеп болғаны айтылды. Алайда экономикалық сипаттағы 20 қылмыстық іс бойынша айып арқалаған Храпунов та шетелге қашып үлгерді. Алматы қалалық мамандандырылған аудандық соты Виктор Храпуновты сырттай 17 жылға бас бостандығынан айырды. Сотта оның Алматы қаласы әкімі қызметін атқарған кезде орынбасары болған Яков Заяц әкімдік жұмысында қателік болғанын мойындады. Жалпы, Храпуновтар отбасына мемлекетке келген залалдың мөлшері 250 мың долларға тең. Отағасымен бірге күдікке ілінген Лейла Храпунова, Айяр Ильясовтар да мемлекет қаржысын жымқыру, алаяқтық, пара алу, ұрланған мүлікті заңдастыру бойынша айыпты деп танылған.Адасқанның айыбы жоқ па?
Министрлік қызметте жүріп, істі болғандардың арасында жазасын өтеген соң билікке қайта келгендері де бар. Мәселен, күні кешеге дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметінде болған Абылай Мырзахметов Көлік және коммуникация министрі болып тұрған шағында құқық қорғау органдарының назарына ілікті. Нақтырақ айтқанда, Абылай Исабекұлы 1997 жылдан 2001 жылға дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бас директордың орынбасары, бас директоры қызметін атқарып жүріп, 1 миллиардтан астам теңгені жымқырған екен. Министрдің ұлттық компанияға басшылық етіп тұрған тұстағы былығын мекеменің шаруашылық қызметіне тексеру жүргізген Бас прокуратура әшкерелеген. Осылайша, 2002 жылдың наурызында министр қызметінен шеттетілген Абылай Мырзахметовті сот 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сот кезінде экс-министр өзіне тағылған айыптың ешбірін мойындамады. Жоғарғы Сот судьясы 120 томдық істі қарап, Абылай Мырзахметовке тағылған «қылмыстық ұйым құрды» деген айыптың негізсіз екенін растады. Шартты түрде бас бостандығынан айырылған экс-министр «Қазақстан темір жолына» 1 миллиард 151 миллион 145 мың теңге көлемінде материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Атышулы сот процесінен кейін журналистерге берген сұхбатында Абылай Мырзахметов «Бастысы, мен бостандықтамын» деп жауап қатты. Расында, экс-шенеунік шартты түрде жазасын өтеп бостандықта жүріп, Dala Group жабық акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі, сауда-өнеркәсіп паласының президенті, президиум төрағасы қызметтерін атқарды. Ал 2013 жылдан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы қызметін атқарды.Темір торда текке отырмады
2006-2009 жылдар аралығында Қоршаған ортаны қорғау министрі болған Нұрлан Ысқақов та 1 миллиард 100 миллион теңгені қолды еткені үшін жазаланған. Ол бұл іске өзінің орынбасарлары Әлжан Біралиев пен Зейнолла Сәрсенбаевты тартқан көрінеді. Сондықтан да болса керек, алғашында экс-министрге ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген де айып тағылған. Ысқақов бұл айыптауларға соңғы сәтке дейін қарсылық көрсетіп бақты. Бұл орайда ол Балқаштағы конденсаторды кәдеге жарату мәселесі өзінің министрлік қызметке келгенге дейін шешілгенін айтып ақталды. Нәтижесінде, сот ұйымдасқан қылмыстық топ құру бойынша тағылған айыпты негізсіз деп таныды. Сәйкесінше, қазына қаржысына қол салған Ысқақов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның орынбасарларына шартты жаза кесілді. Ең қызығы, сот үкім еткен 4 жылдың орнына 2 жылдан кейін бостандыққа шыққан экс-министр темір тордың арғы жағында құр отырмай «Тұрақты даму стратегиясы: озық идеялар мен технологиялар» деп аталатын кітап жазып шығыпты.Бас дәрігерлер не бүлдірді?
2008-2010 жылдары Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиев те пара алғаны үшін темір торға жабылды. 2010 жылдың қыркүйегінде құзырлы орган қызметкерлері экс-министрдің қолына кісен салды. Оған Қазақ мемлекеттік медициналық академиясының қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үйді қабылдап алу үшін 6 пәтерді «сыйлық» ретінде алды деген айып тағылды. Заңсыз жолмен алынған пәтерлер ректордың туыстарының атына жазылып, кейін сатылған екен. Іс барысында денсаулығы сыр берген Досқалиевті сот 2011 жылы 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Алайда 2012 жылдың ақпанында Президент оған кешірім жасап, жазасын өтеу мерзімін 2 жылға дейін кемітіп берді. 2012 жылдың наурызында бостандыққа шыққан Досқалиев 2013 жылдан бастап республикалық трансплантация орталығын басқарады. Денсаулық сақтау министрлігін 2017 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың маусымына дейін басқарған Елжан Біртановқа да алғашында аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ысырап етті, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланды деген айып тағылды. Пандемиямен күрестің алдыңғы шебінен табылған ведомствоны басқарған Біртанов 2020 жылдың маусымында министр қызметімен қоштасты. 2020 жылдың қазанында құзырлы орган қызметкерлері құрықтаған экс-министр қазір үйқамақта отыр. Тергеу кезінде сот шешімімен экс-министрді қамауда ұстау мерзімі 8 рет ұзартылған. Елордалық сот 141 томнан тұратын Біртанов ісі бойынша әзірге ешқандай шешім шығарған жоқ.Жастықтың оты жалындап...
Небәрі 27 жасында Индустрия және сауда министрінің орынбасары, ал 36 жасында Ұлттық экономика министріне дейін көтерілген Қуандық Бишімбаев та мемлекеттік қызметтегі мансабын абыройсыз аяқтады. 2017 жылдың 17 қаңтарында ұсталған Қуандық Бишімбаевқа бірқатар адаммен алдын ала келісіп, ірі көлемде бірнеше рет пара алды деген айып тағылған. Кейін бұл мәліметті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро да растады. 2018 жылдың қаңтарындағы сот отырысының бірінде Бишімбаев Елбасы мен Қазақстан халқынан кешірім сұрады. Ал 2018 жылдың наурызында Астана қалалық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен экс-министр Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталды. Дегенмен ол арада 1,5 жыл өтпей мерзімінен бұрын босатылды. Министр – Мемлекет басшысы сенім білдірген лауазым иесі. Жоғарыда келтірген мысалдар шенеуніктердің кейбірі сол сенімнің үдесінен шығуға барын салудан бұрын қара басының қамын күйттеп кететінін көрсетеді. Өкініштісі сол, әрекетінен соң тұтас жүйенің жұмысына сенімсіздік пайда болады. Бұл орайда бұрынғылардың бұрыс тірлігі бүгінгілерге ащы сабақ болар деп үміттенеміз. Әрі Президенттің өзі жаңа саяси ұстанымдармен «Жаңа Қазақстанды» құруға ден қойғанда сол істе ерен жауапкершілік жүктелген Үкімет мүшелерінің әр қадамын аңдап басқаны керек.