Шеруші кім, бүлікші кім?
Шеруші кім, бүлікші кім?
401
оқылды
Әр қасіреттің бір сабағы бар. Қаңтар оқиғасынан да түйгеніміз көп. Елімізде қордаланған түрлі әлеуметтік-экономикалық проблеманың бір шерумен ғана шешілмейтінін білдік. Шерудің де шегі бар, ол ереуілге ұласып, толқуға әкелетін болса, қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан. Оны пайдаланып кетуге дайын топтардың да аз емес екенін түсіндік. Кей азамат өзінің талап-тілегін билікке жеткізу үшін шеруге шықса, енді бір топ сол дүрмекті пайдаланып, елдің берекесін алды.

Ұсталғандардың көбі жұмыссыз жастар

Жалпы, қаңтардағы бүлікке қатысушыларға қатысты құқық қорғау және заңдылықты қадағалау ор­ган­дары тиісті тергеу-тексеруін жалғастырып жатыр. Олар кім қанш­а­лықты кінәлі екенін анықтау мақсатында қыруар жұмыс істеуі тиіс. Әрине, құқық қорғаушылар істің ақ-қарасын анықтап, кінә­лілердің жазасын алары, айыбы жоқтардың ақталары анық. Де­генмен шерушілердің портреті қандай? Оларға ортақ ерекшеліктер не еді? Бүлікшілер ше? Міне, осы сауалдарға лайықты жауап табу дүрбелеңге итермелеген негізгі факторларды анықтап, наразылық танытушылар мен ұрымтал сәтті пайдаланып кеткен бүлікшілердің көздегені не екенін анықтауға сеп­тігін тигізетін сияқты. «Біз Алматыда тұтқындалған барлық адамның жеке басын зерт­теп, портретін жасадық. Негізінен, олардың басым көпшілігі – 30 жас­қа дейінгі, жоғары білімі де, тұ­рақты жұмысы да жоқ жастар. Сондай-ақ ұсталғандар арасында жүргізілген анонимді сауалнама нә­тижесінде талқандауға қаты­су­шы әрбір үшінші адам қалыптасқан жағдайды пайдаланып, бөтеннің мүлкін ұрлау арқылы пайда тап­қысы келгенін мойындады. Соны­мен қатар халық арасында қаса­қа­на үрей тудырып, дабыра жасау үшін базбір жеке тұлғалар мақсатты түрде әрекет еткен. Сол мақсатта олар мемлекеттік биліктің сим­во­лы іспетті әкімдік ғимараттарын, сондай-ақ құқық қорғау органдары нысандарын қоршауға алып, ша­буыл жасаған. Мұндай әрекеттер Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес терроризм актілері ретінде сараланады», – деді Бас проку­­рату­раның бірінші қызмет бас­тығының орынбасары Елдос Қи­лым­жанов. Расында да, сол бір күндерде текетірестегі ұрымтал өзгерістер легі елітіп, «тобыр» синдромы есті ал­ған белгісіздік әсері алаңға шық­қандардың наразылығы мен та­бан­дылығын еселей түсті. Тіпті, батпан күшпен басып ұстап келген билік атты алапат құбылыс сол сәт­те ға­йып болып кеткендей, «же­ңіс эй­фориясына» бөленген ере­уіл­шілер тобы Алматы әкімдігін басып алып, өртеп жіберді. Оған ілесе басталған талқандау, тонау, қирату, өртеу сияқты аласапыранда «жазықсыз қалу мүмкін-ау» деген хайуани түйсік қылаң беріп, оңай олжаға есі кеткен жандар ұрлық-қарлыққа кірісті. «Қазаннан қақ­пақ» кетті, бейбіт шерушілер ер­теңгі күндерде бәрінің сұрауы бо­латынын ұмытты. Әскери тілде «ма­родер» деп ата­латын тонаушы­лар жолындағы барлық сауда және тағы да басқа нысандарды тонап, күл-талқан етті. Осынау тоқыраулы күндерді шебер пайдаланып кет­кен топтар да бар еді. Криминалдық элементтер мен деструктивті экс­тремистік топтар қару-жарақ дү­кендеріне, мемле­кеттік және ре­жим­дік нысандарға, тарихи құн­дылықтар сақталған мұражайларға шабуыл жасады. Осы жабайылық пен бассыздықты тоқтату үшін мұның ақыры әскер кіргізумен аяқталды.

Қарсылық мәдениеті азаматтық жауапкершілікте

Әлемдік тәжірибеде қарсылық білдіру мәдениеті деген бар. Кө­ше­ге шығып пікір айтып, шеру тар­тып, ұран тастап орталық алаңға жиналғандар, ошақ көтеріп, үй тік­се де, қоғамдық тәртіпке бағы­нуы керек-ақ. Тіпті, шындығында алаңға жиналғанда да көлік қоз­ғалысына кедергі келтірудің өзі дұ­рыс емес. Онсыз да кептелісі көп қа­лада жолды жауып тастау мәсе­ленің шешімі болмаса керек-ті. Дағдарыс туындаған жағдайда ше­руге шыққан ағайын биліктен шешім ғана емес, өздерінен тәртіп талап еткені шарт. Болмаса, шеру соңы жаппай тәртіпсіздікке ұла­сып кеткен жағдайда ол наразы­лықтың әуелгі мақсатын жоққа шы­ғарады. Әрине, қай проблема­ның да көшеге шықпай үстел ба­сында шешілгені ләзім. Ал ха­лық­ты ондай жағдайға жеткізгені – билікке сын. Сондықтан да шеру­шілерден азаматтық жауапкершілік талап еткеннен кейін мемлекет те өзінің электораттық міндет арқа­лағанын ұмытпағаны абзал. «Негізі, бейбіт шерушінің пси­хологиялық портреті – алаңға шық­қан кезінде ешкімнен жасы­рынбай, қашып-пыспай, өз ойын ашық айтуы. Ол заңсыз әрекет жа­сауға шықпағандықтан, осын­дай мақсатты көздеген өзгелер сияқты жеке басының қауіпсіздігі үшін бетін тұмшалап, құқық қор­ғау­шылардан да, камералардан да қашқақтамайды. Елімізде адам құқықтарын жүзеге асырудың не­гізгі талаптары сақталатындықтан, сөз бостандығына да шектеу қо­йылмаған. Сондықтан да олар көп­тің алдына шығып сөйлеуден қаш­пайды, оның сөздеріне ұран­дау, өзгелерді белгілі бір мақсатқа шақыру тән болып келеді. Шеруге шығуда нақты бір әлеуметтік-саяси мақсатқа ие, оған белгілі бір деңгейде дайын болып келеді», – дейді психолог Жанар Данагатова. Маманның айтуынша, жаппай тәртіпсіздікті пайдаланып, жеке басының күйін күйттеп қалуға ты­рысатындар, маргинал, люмпен ға­детіне жақын адамдар екен. Олар – әлеуметтік тұрғыда қиындықтарға ұшыраған, тұрмыстық, қаржылық күрделі жағдайда жүрген, жұмыс­сыз немесе өте төмен, оның өзінде де тұрақсыз табысы бар санат­т­а­ғылар. Олар осы мұқтаждығы үшін кез келген қадамға, соның ішінде құ­қыққа қарсы әрекеттерге де ба­руға дайын келеді. Әдетте мұндай адамдар психологиялық тұрғыда әлеуметтік инфалитизммен ерек­шеленеді, яки өздерінің қиын жағ­дайына кінәні өзгеден іздейді. Сондықтан да егер ереуіл жалғасы жаппай тәртіпсіздік сипатын алып бара жатқан жағдайда бейбіт ше­рушілердің азаматтық жауапкер­шілікті сақтап, жеке басының және мемлекет қауіпсіздігі үшін алаң­нан кетіп қалғаны ләзім.

Қудалау қорқынышы басым

10 қаңтардағы жағдай бойынша Бас прокуратура 1 000-нан астам адам­ның қамауда отырғаны туралы айтқан болатын. Омбудсмен Эль­вира Әзімова 19 ақпанда бұл цифр 724 болып төмендегенін хабарлады. Ал 21 ақпан күні ІІМ Тергеу депар­та­ментінің бастығы Санжар Әділов ішкі істер органдарында 2 729 қыл­мыстық іс қаралып жатқанын, олар бойынша 255 адам қамауға алынғанын мәлімдеді. Одан бөлек, жасаған әрекетінің ауырлығын, жеке басының мінездемесін ескере отырып сот органдары 140 адамға қоғамнан оқшаулаумен байла­нысты емес бұлтартпау шараларын тағайындаған. Олардың 62-сі үйқамаққа алынса, 33-і кепілмен, 45-і ешқайда шықпау туралы қол­хат­пен босатылған. Бірақ бұл боса­тылған азаматтарға тағылған айып алынып тасталғанын білдірмейді. Барлығын да сот шешеді. «Қазір ұсталған азаматтардың басым көпшілігінің қорғаушысы бар. Өйткені қудалау туралы қор­қы­ныш әлі де болса сақталып отыр. Ұлттық алдын алу механиз­мінің өңірлік топтары 118 рет қа­мау орындарына барды. Қазір аза­маттар ең көп қамауда отырған қалалар – Алматы, Талдықорған. Шымкент, Тараз, Қызылорда, Өс­ке­мен, Атырау және Семей шаһар­лары. Бүгінде менің атыма азамат­тардан 80-нен астам шағым келіп түсті. Оның жартысы ұстау кезінде және ұсталғаннан кейінгі 48 сағат­тың ішінде қатыгездікпен күш қол­дану және тергеудің заңға қай­шы тәсілдері жөнінде. Олардың бәрін тексеріп, қылмыстық іс қозғату үшін Бас прокуратураға жіберіп жатырмыз. Біз ұстал­ған­дармен, олардың туыстарымен кез­десіп, сол кездесулер қорытын­дысы бойынша прокуратураның, облыс және қала әкімдігінің өкіл­дерімен келіссөз жүргіземіз», – дейді омбудсмен Эльвира Әзімова. Бас прокуратураның мәліме­тінше, бүгінде тергеудің рұқсат етіл­­меген тәсілдері мен адам құ­қық­тарын бұзу бойынша 191 қыл­мыстық іс қозғалған. Соның ішін­де 6 адам азаптаудан көз жұмған. Олар Алматыдағы уақытша қамау изоля­торында – 2 адам, Шығыс Қазақ­стан облысында – 3 адам және Тал­дықорғанда – 1 адам. Қа­дағалау­шы орган өкілдері, бұл қыл­мыстық істердің бәрі азамат­тарға тағылған айыптар бойынша негізгі сот про­цесі басталғанға де­йін аяқталғаны маңызды екенін айтады. Өйткені заңда азаптау арқылы алынған дә­лелдер жарам­сыз екен. Расында да, алаңға бей­біт шерумен барып, аран­дап қа­л­ғандар аз емес. Ала­сапыран жағ­дайды өз мақсаттарына пайдала­нып, арам ниетін жүзеге асырған «күйелі ағаштардың» кү­йесі жұқ­қандар қосақ арасында кет­песін деп «Аманат» комиссиясы да жұ­мыс істеп жатыр. Ендеше азамат­тық жауапкершілік сақталар болса, бейбіт шеруші кім, қаскөй кім еке­нін оңай ажыратуға бола­ты­нын уақыт көрсетіп отыр. Ал ел тағдыры қыл үстінде тұрған шақта «роман­тикаға» орын болмауы тиіс.