Air Astana президенті Қазақстан азаматтарын эвакуациялаймын деп Киевтен қайта алмай отыр

Air Astana президенті Қазақстан азаматтарын эвакуациялаймын деп Киевтен қайта алмай отыр

Кеше соғыс өрті тұтанған Украина астанасы Киев қаласына Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер екі күнге арнайы іссапармен барды. Бұл туралы Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостер Instagram-дағы парақшасында жазды.

«Күні кеше күйеуімді Ақтауға бар-жоғы екі-ақ күнге «іссапарға» барамын дегенге жолға шығарып салдым. Бірақ оның жүзінен көңілінде кірбің бар екенін байқасам да, сездірмедім. Бүгін таңертең Киевте екенін, «іссапардың» мән-жайын жасыруға мәжбүр болғанын айтып хабарласып тұр. Украинадағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялауда жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ол жақта таңғы сағат 5-те бомба тасталып, соғыс басталған сәтте Air Astana-ның жердегі қызметіне тікелей жауапты компанияның вице-президенті Александр Небога екеуі Қазақстанның Украинадағы елшілігінде эвакуация мәселесін талқылап, шешім қабылдады», – деп жазды Татьяна Фостер.   Айта кетейік, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Украинадағы қазақстандықтарға арнайы рейс жоспарлағанын хабарлағанбыз.
«Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары. 2022 жылдың 25-26 ақпанында Air Astana әуе компаниясы Қазақстанның азаматтары үшін репатриация рейсін жүзеге асыру жоспарланып отыр» делінген СІМ хабарламасында.
Аталған рейс Катовице қаласынан (Польша) жүзеге асырылады. Қазақстан азаматтары үшін Украина-Польша шекарасынан әуежайға дейін визасыз «жасыл дәліз» қамтамасыз етіледі.

«Азаматтардан мүмкіндігінше ертең Львов қаласына келулерін сұраймыз, қабылдау пункті – Замкнена көшесі, 3/1 мекенжайы бойынша Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығына келуі керек. Тел. +38 (032) 240-36-70, +38 (067) 989-28-19. Қосымша ақпарат алу үшін Air Astana өкілдеріне келесі телефондар арқылы хабарласыңыз: +38 (050) 051-11-17, +38 (050) 981-54-49» делінген хабарламада.