Ахмет жылы ашылды
Ахмет жылы ашылды
284
оқылды
Елордада Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қаламгерлер аллеясындағы «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлт зиялыларының рухына тағзым етуден басталды. Одан кейін жиналғандар «Ахмет Байтұрсынұлы – Алаштың рухани көсемі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Жиында бірінші болып сөз алған Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин Алаш ардақтысы, рефор­матор ғалымның елді ағарту жұ­мыстарындағы рөліне, тіл мен әде­биет ғылымдарының негізін са­лудағы зор еңбегіне тоқталды. Ұлт ұстазы қай заманда да халқы­мыздың рухани көсемі болып қала береді. Әсіресе, ол қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілдің орны айрықша екеніне зор мән берді. Оның «Егер де біз қазақ де­ген ұлт болып тұруды тілесек, қар­нымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» деген сөздері – соның айқын дәлелі. Ахаң ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасына сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол «Қазақ тіл білімінің атасы», «Ұлт ұстазы» атанды. Ахаң негізін қалаған тіл ғылымы оның есімін атаудың өзіне тыйым са­лынған Кеңес дәуірінде де жаппай қолданыста болды. – Ахаң Алаш қозғалысының қарлығашы «Қарқаралы құзыр­ха­тын» ұйымдастырды. Халықты оят­қан «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтарын шығарды. «Тіл-құралдарын» жазып, елдің жаппай сауатын ашты. Ұлттың үнжариясы болған «Қазақ» газе­тінің бас редакторы болды. Бұл – Ахаңның елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің бір парасы ғана. Алаш көсемі, қазақтың біртуар перзенті Ахаңның туғанына биыл 150 жыл толып отыр. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО деңгейінде атап өте­міз, – деді Ерлан Қарин. Мемлекеттік хатшының ай­туынша, осыдан тура бір ғасыр бұрын жұртымыз ұлт зиялыла­рының бастамасымен Ахаңның 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл қазақ тарихындағы алғашқы мерейтой болатын. Содан бері 100 жыл өтіпті. – Ахаңның 50 жылдығына кімдер қатысқанын еске түсі­ре­йікші. Мерейтойдың өтуіне тіке­лей мұрындық болған Смағұл Сә­дуақасов пен Мұхтар Әуезов. Алқалы жиында Смағұл негізгі баяндаманы жасады. Сөз соңында «Аха, біз өзіңіз бастаған жұмысты жалғастырамыз» дегенде жиналған жұрт орнынан тік тұрып қошемет көрсетті дейді көз көргендер. Сол тойдың басы-қасында Елдес Омаров, Әбдірахман Байділдин, Ғалым Ахметов және басқа да қайраткерлер жүргенін білеміз.Одан бөлек Сұлтанбек Қожанов пен Иса Тоқтыбаев Ахаңның 50 жылдығын Ташкентте кең көлемде атап өтіп, мерейтой иесін арнайы қонаққа шақырды. «Ақ жол» га­зетінің бір нөмірі тұтастай Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналды, – деді Ерлан Қарин. Конференцияға Парламент депутаттары, Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері, зиялы қауым өкілдері, алаш­та­нушы, ахметтанушы отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің профессоры Мәмбет Қойгелдиев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Ісмақова, Ұлт­тық ғылым академиясының ака­демигі Шерубай Құрманбайұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, А.Байтұр­сы­нұлы атындағы Тіл білімі институ­ты­ның директоры Анар Фазыл­жанова және Насими атындағы Әзербайжан ұлттық ғылыми ака­демиясы Тіл білімі институтының доценті Эльчин Ибрагимов баян­дама жасады. Жиында сөз алған Алматы қаласындағы ЮНЕСКО-ның Кластерлік бюросының бас­шысы Криста Пиккат Ахмет Бай­тұрсынұлын әлемдік тұлға ретінде атап өтті. – Тәуелсіздіктің арқасында Ахаңның 150 жылдығын әлемдік дәрежеде атап өтіп жатырмыз. Бұл – біздің мемлекеттігіміздің көрінісі. Ахаңның мерейтойын нау­қаншылдыққа салынбай, жо­ғары деңгейде өткізу – үлкен жауапкершілік. Ұлт ұстазының әрбір сөзін, Алаш арыстарының рухын болашақ ұрпақ бойына сіңіру – біздің міндетіміз, – деді Мәмбет Қойгелдиев. Сонымен қатар Мәмбет Қой­гелдиев 1928-1939 жылдар аралы­ғында қазақ екі мәрте басқарушы элиталарынан айырылып қал­ға­нын, осы мәселеге тарихи түрде баға беретін уақыттың келгенін айтты. «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тіл білімінің мәселелері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қо­ғам­дық-гуманитарлық ғылымдар» та­қырыптарында өткен секциялық оты­рыстарда 20-дан астам ғалым ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі және әде­биеттану ғылымдарының не­гі­зін салушы, Алаш қозғалысы қай­раткерінің ғалымдық сипатын жан-жақты ашып, баяндама жасады. Биыл ұлт ұстазының мерей­тойы ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барлық өңірінде атап өтіледі. Парижде және Ыстамбұлда арнайы іс-шаралар ұйымдас­ты­рылады деп жоспарланған. Сон­дай-ақ Түркістанда Халықаралық конгресс өтеді. Соның бәрінде Ахмет Байтұрсынұлының мол мұрасы мен қайраткерлік қызметі дәріптеліп, лайықты баға беріледі. Мемлекет басшысы мерейтойлық шаралардың аста-төк тоймен емес, елге пайдасы тиетін нақты жұ­мыстармен ерекшеленуі қажеттігін үнемі айтады. Бұл ұстаным Ахаң­ның мерейтойына да қатысты. Биыл ұлт ұстазының туған жері Қос­танай облысында инфрақұ­рылымдық және мәдени-рухани жобалар жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағыл­шын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жи­нағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздес­тіріп, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі.