Көктемнің келуіне санаулы күн қалды. Бірақ Түркістан облысың Шардара ауданының диқандары табиғат жаңғыратын мезгілде қуана қоймайтын сияқты. Өйткені шаруалардың түйіні шешілмеген мәселелері көп.
Диқандар биыл жерге кетпен сала алмай қалуы мүмкін
Қоссейіт ауылындағы «Суан» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Абылаев бүгін-ертең келуі тиіс су наурыз айында да болмаса, диқандар зардап шегетінін айтады. Ал судың ақысы өзге аудандардан әлдеқайда қымбат. Есесіне, бір ауыл округтегі 500-дей шаруа қожалығы су үшін 14 миллион теңгеге жуық қарыз. «94 гектар жерге 6 қожалық бірігіп мақта, бақша өнімдері мен жоңышқа егеміз. Бірақ жыл сайын түсім азайып барады. Гектарына 30 центнерден алушы едік, былтыр 18-ге түсті. Каналдардың жағдайы өте нашар, одақтан қалған. Қарыз болып отырғандықтан, суды бермейміз деп отыр. Шаруада судан бөлек те мәселе көп», – дейді ол. Ал Манас Баршамұратов есімді шаруа болса судың түбінде отырып, суға жарымай отырғанына күйінеді. Айта кетейік, Шардара ауданы Сырдарияның бойында орналасқан. Сондықтан дариядағы лық толы судың жер емген халыққа пайдасы болмай тұрғаны жанына батса керек. «Теңіз түбімізде тұрып суға жарымаймыз. Ал анық дария тасыса біздің аудан бірінші судың астында қалады. Науқан басталысымен судың айқайы да қосыла басталады. Биыл жерді жырта алмай отырмыз. Себебі ертеңімізге сенбейміз. Ертең шығынға батсақ, тағы қарыз үстіне қарыз жамаймыз. Шаруалар дәл қазір қарыз ақысын төлей алмайды. Судың бағасын соңғы 3 жылда қатты көтеріп жіберді. Салдарынан, міне қарызға кіріп кеттік. Мәселеміз ешкімді қызықтырмайды, шешіп беретін бір шенеунік болмай тұр. Дизель отыны онсыз да қымбат, селитра да күн сайын көтерілуде. Субсидия дегенді мүлдем алмаймыз. Алған өнім өзін-өзі өтеп жатқан жоқ», – дейді ашынған шаруа.Бір ауданда екі түрлі баға
Аудандық мәслихаттың депутаттары болса екі жылдан бері қордаланған мәселені айтып, Экономика министрлігіне, оның құзырындағы Табиғи монополияларды реттеу комитетіне, бас қаладан келіп жүрген Мәжіліс депутаттары мен министрлік өкілдеріне жиі айтып та, жазып та жүр. Бейнеүндеу де жасап, дронмен дарияны, жерді де түсіріп, жіберіп жатыр. Бірақ еш нәтиже болар емес. Шардара аудандық мәслихатының депутаты Бекмағамбет Кеншім жуырда Ұлттық экономика министрі А.Қуантыровқа, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы А.Дарбаевқа депутаттық сауал жолдап, 2019 жылы әр текше метрі 232 теңге болған судың құны сатылап, 2021 жылы 787, 36 теңгеге бір-ақ көтерілгенін айтып, шешіп беруін сұрайды. Бар болғаны екі жылдың ішінде 3 еседен астам қымбаттаған ағын су бағасы шаруаларды шатқаяқтатып, қарызға батырғанын жеткізеді. Салдарынан суармалы жер көлемінің күрт азайғанын да тілге тиек еткен. Өкінішке қарай, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы А.Дарбаевтың жаңылтпашқа ұқсаған жауабы депутатты мүлдем қанағаттандырмапты. «Жауапта «Агроөнеркәсіп кешені» бағдарламасын іс асыру үшін суармалы жерлердің алаңдарын ұлғайту мақсатында Алматы облысы «Қарасай ауданының суару желілерін реконструкциялау» жұмыстарына 2,4 млрд теңге бөлінгені айтылған. Енді аталған қаржы жетпей, екі есеге көбейіп, 5,48 миллиард теңгеге ұлғайыпты. Ал осынау қаржы «Қазсушар» РМК қаражаты есебінен кететіндіктен, тарифке өзгерту енгізуге тура келгені жазылған. Сонда Қарасайдағы су желілерін реконструкциялау үшін шаруаларды шырылдату керек пе? Былтыр осы тариф қымбаттар кезде министрліктен бірқатар өкіл келген. Шаруалармен сөйлесті. Мен сол кезде тұрып, мәселелерді жайып салғанмын. Шардарадағы жер бедерінің өзге аудандардан ерекшелігін, егіске судың көп мөлшерде кететінін, себебі жердің тез сіңіріп ала беретінін жеткізіп, дәлелдеп бергенмін. Сондықтан су бағасы қымбаттаса диқандар зардап шегетінін түсіндірдім. Ертесіне Facebook әлеуметтік желісінде бізге келген өкілдер шаруалармен сөйлескенін, тарифтің көтерілуін фермерлердің бірауыздан қолдағанын жазыпты», – деп ашынады депутат. Айта кетейік, мұнда тағы бір мәселе, аудандағы 9 ауыл округтің 3-еуі басқа тариф, 6-уы жоғары тарифте төлейді екен. Себебі 3 ауыл округінің шаруалары «Қазсушар» РМК-ға тікелей төлем жасайды. Оларды кәсіпорын өздерінің теңгеріміне алған. Ал қалған 6 ауыл «Қазсушар» кәсіпорны беретін суды ортада су беру тұтынушылар кооперативі арқылы алады. Өйткені «Қазсушар» әлі күнге дейін тікелей өз теңгеріміне алмапты. «Әне аламыз, міне аламыз» деген желеумен уақыт өткізіп келген. Яғни, ортадағы делдалдың үстемеақы қосуының салдарынан судың бағасы бір ауданда екі түрлі болып тұр. Тіпті, «Қазсушар» тікелей өзі қарауына алған 3 ауылда қазір каналдарды тазалау және басқа да шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы аудандық мәслихаттың депутаты, әрі шаруа қожалық иесі Қабыланбек Жұмабек атап өтті. «Кезінде күріш өсіретін аумақ болып құрылған ауданда суды пайдалану коэффициенті де өзгермей қалған. Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, біз алған 100 пайыз суымыздың 56 пайызын ғана пайдаланып, қалған 44 пайызы қашыртқы арқылы дарияға қайта құйылып жатыр. Демек, біз пайдалану коэффициенті бойынша 56 пайызға ғана ақша төлеуіміз керек. Ауылшаруашылық министрлігіне қарайтын Оңтүстік гидрология экспедициясы жыл сайын келіп, каналға қанша су құйылып жатқанын зерттейді. Осынау мекеме біздің 56 пайызды ғана пайдаланып отырғанымызды дәлелдеп берді. Тіпті, мұны вице-министр Серік Салауатұлына да жеткіздік. Екі өкілі келіп, акт түзіп кетті. Бірақ ресми жауап келмеді. Салдарынан шаруаларға суды 100 пайыз пайдаланғанының есебі келіп жатыр», – деді шаруаның жайына алаңдаған депутат.Шаруаларға жасалып жатқан қысастық па?
Бүгінде Шардара ауданының шаруалары суға 35 миллион теңге қарыз. Бекмағамбет Кеншім болса мұны соңғы кездері шаруаларға жасалып отырған қысастық, әдейі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін құлдырату, тұралату деп қабылдағанын да жасырмады. Себебі өңірде проблема бұл біреу ғана емес. Әлгі министрлікке жолдаған хат жауабының соңында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия алу мүмкіндігі бар екені көрсетілген. Осы тұста айта кетсек, шаруалар субсидия алу үшін «Транстелеком» компаниясының «Қолдау кз» сайтына кіріп, өтінім беруі тиіс. Ал өтінім беру құны 2020 жылдың басында 7 575 теңге болса, сол жылдың шілдесінен бірден 31 мың теңгеге көтеріліпті. Ал қазір ол сайтқа кіру құны 33 мың теңге болып отыр. «Шықпа, жаным шықпамен» отырған шаруа осынша ақшаны қарызданып төлегеннің өзінде субсидия ала ма, жоқ па? Ол да күмәнді. Одан соң минералды тыңайтқыштар құны да бірнеше есе өсіп кеткен. Минералды тыңайтқыштың зауыттан шығатын бағасы былтыр 90 мың болса, биыл 199 мың 20 теңгеге көтеріліпті. Ауыл шаруашылығы техникаларының барлығы да дизель отынына тәуелді екенін ескерсек, бүгінде баға 155 теңгеден 230 теңгеге өсіп отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Әлімқұлов бәрінен хабары болғанымен, қолының қысқалығын жеткізді. Міне, осыдан кейін ауыл шаруашылығы дамиды деп қалай айта аламыз? Судың үстінде отырып суға жарымау, бір аудандағы екі түрлі баға, субсидияға өтінім бере алмау, дизель отыны мен минералды тыңайтқыштың қолжетімсіздігі – бәрі-бәрі шаруаның жанайқайы.Шымкент қаласы