Бірдеңе айтам
Бірдеңе айтам
253
оқылды
Сіздерге бірдеңе айтайын. Бір қария, жасы тоқсаннан асып кетсе керек,  ауырып о дүниеге кетейін, кетейін деп жатыр екен. Содан, үш баласын шақыртып алады ғой. Шал төсекте шалқасынан жатыр дейді. Кемпірі кемсеңдеп отыр дейді. Бір кезде, ол сығырайтып, көздерін ашыпты да, басын қисайтып, балаларына қарапты. Үлкені газдың, ортаншысы  жарықтың баастығы екен. Кіші баласы бойдақ, үйлене қоймапты. Шал өлерінде соның жағдайын ойлапты. Шал балаларына көздерін лақтырып жіберіп: – Балалырым, сендерге бірдеңе айтамын...  депті. – Айтыңыз, қазір жиналысқа кетуім керек еді,  дейді үлкені Бейсенбек. – Мен де асығыс едім, ‒депті ортаншысы Жұмабек. – Ағалар, қайда асықтыңдар? ‒деп қамығыпты кішісі Сенбек. Шал жұтынып, сөйлей алмай ұзақ жатыпты. Бір кезде, басын қисайтып: – Бірдеңе айтайын ба? ‒депті. Балалары қозғалақтап, «Әкеміз не айтар екен?»  деген оймен, диван үстінен түсіп, жерге тізерлеп отыра кетіпті. – Бірдеңе айтайын ба? депті шал тағы да әрең сөйлеп. – Айтыңыз, көке! – Айтыңыз, әке! – Шал жұтынып, бірдеңе айтқысы келгенімен, көздері аларып, басы сылқ ете қалады. Кемпірі аңырап, шалының аяғын құшақтай жылайды. Кіші баласының көздерінен жас сорғалап, әкесінің жүрегіне құлағын тосады. Ортаншы баласыңың жүзінде мейірімнің үшқыны да жоқ, ұялы телефонын шұқылап отыр. Тұңғышы тымырайып қалыпты. ‒Әкемнің жүрегі соғып тұр!  дейді Сенбек бір кезде. – Су, су әкеліңдер! деп айқайлаған болды Бейсенбек. Босағада қолдарын айқастыра, қасын кере қарап тұрған шалдың келіні, Бейсенбектің келіншегі далаға шығып кетті. Артынша бір табақ көже әкелді. – Бұл не? ‒деп сұрады күйеуі. – Көже. – Мен саған су әкел дедім ғой, су! – Адам өлерінде атауы соңғы асын ішеді деп жатушы еді... – Құрып кетші, әрі! Бір кезде, шал сығырайтып көздерін ашты. Балаларына қарады. – Әке, қалайсыз?  деп жыламсырай сұрады кіші баласы. – Есімді жоғалтып алдым‒ау, деймін. – Әке, жаңа бірдеңе айтамын деп едіңіз?  деп жөткірінді Бейсенбегі. – Ия, бірдеңе айтайын ба? – Айтыңызшы? –  деп өтінді ортаншы баласы. – Бірдеңе айтайын ба? – Ия, ия! – Бірдеңе айтайын дегенім... – Тез айтыңыз, а то өліп кетсеңіз. «Не айтпақ болды екен?» ‒деп уайымдап кетеміз, – деді Жұмабегі.. – Тұңғышым Бейсенбек, сен өте нашар бала болып шықтың. Әкең маған не көрсетпедің? Соның өзінде кешіріммен қарап, бірдеңе айтайын деп отырмын. – Мен ше? – деп қалды ортаншы баласы. – Сен де сау сиырдың боғы емессің. Інілерің Сенбекті үйлендіріңдер, көмектесіңдер.  Ал, бірдеңе айтайын дегенім... – Бізге керегі сол ғой! ‒деді Бейсенбегі. – Тығып қойған қыруар ақшаңыз болса айтыңыз, ұялмаңыз, ‒деді Жұмабегі. – Иә, бөлісіп аламыз, ‒деді беті былқ етпеген Бейсенбегі. – Бірдеңе айтайын ба? ‒деді шал, ‒бақша жақтағы қызыл алманың түбінде... Шалдың ары қарай тілі күрмеліп, о дүниесіне жүріп кетті. Әкелерін жерлеп қайтқан соң, Бейсенбек пен Жұмабек күректерін алып, қызыл алманың түбін қаза бастайды. Жарты метр қазып болғанда, күректің ұшы бірдеңеге шықыр ете қалады. Екеуі қуанып кетеді. Әкелерінің тығып қойған қазынасын інісімен бөліскілері де келмейді. Топырақты қолдарымен аршып қалса... Қақпағы жабылған банкі шыға келіпті.  Ішінде тілдей қағаз жатыр екен. Алып оқыса, былай жазыпты: «Балаларым Бейсенбек, Жұмабек! Әшейін ойнап айтамын, тас та жоқ!» Шалдың қатыгез, мейірімсіз екі баласы сияқты, қазіргі өмірде де туған әкесін тентіретіп жіберетіндер бар екен. Сексен екі жастағы қария Амангелді Шыңғысов өз баласынан не көрмеді? Қалай үйленді, келіні жақтырмады, баласы да келінінің сөзіне еріп, отырса, опақ, тұрса, сопақ болды. Кезінде атақты «Гүлдер» ансамблінің солисі болған, одан кейін Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда жұмыс істеген қария вокзалдарда түнеп, қайыршылық күн кешіп жүрді. Сондағы баласының айтатыны: «Әкем ішімдік ішіп кетті». Бірақ, қария ішімдікті аузына  алмайтын болып шықты. Жарайды, ішіп кеткеннің өзінде туған әкесін қалай ғана қуып шығады? «Әкең жынды болса, байлап бақ» деген аталы сөзді құлағына қыстыр­маса керек. Бүгінгінің балалары осындай енді... Олар қартаймайды...

Мұхтар МІРЕШ