Біздің әкім осындай!
Біздің әкім осындай!
161
оқылды
Перзентхананың терезесі тұсына келген Тәңірберген айқайлады. – Гуля! – Баласын емізіп жатыр! ‒делі бір келіншек терезеден басын қылтитып. – Гуля! – Баласын емізіп жатыр дедім ғой. – Аа, күтейін. Арада он минөт өткен соң, ол тағы дауыстады. – Гуля! Жаңағы келіншек тағы көрінді. – Баласын емізіп жатыр! – Гуля! – Баласын емізіп жатыр дедім ғой. Не деген шыдамсыз едіңіз? – Балам жарты саған еметіндей, бұзау болып кеткен бе? – Қазір көрінеді. – Сіз қарызға емізе тұрсаңыз болмайды ма? Тәңірбрген ары‒бері адымдап, жүрді де қойды. Бір кезде, Келін­шегі омырауын жауып, терезе тұсына келді. Қолын бұлғап тұрған күйеуін көріп, күлімсіреді. Күйеуі­нің қолында бір жапырақ қағаз, ол не болды екен? – Балам қалай? ‒деп сұрады ол. – Балаларым де. – Қалай балаларым? – Төртеу тудым ғой. – А? – Кеше біреуін, бүгін үшеуін. – А? Тағы қалып кеткен жоқ па? – деген күйеуі қуаныштан ыржалақтай берді. Қуанышы қойнына сияр емес. Дүниеде бұдан бақытты адам жоқ шығар? Енді ше, жарық дүниеге төрт бірдей ұрпағы келіп жатыр ғой! – Аттарын қалай қоямыз? ‒деп сұрады бұл. Кеше ұлының атын Аман деп қойған, телефон арқылы солай хабарлаған. Әйелі иығын көтерді. «Өзің шеш» дегені. – Аман, Есен, Болсынбек, Бәрібек! Сонда «Аман‒есен болсын, бәрі!» болып шығады. – Қолыңдағы немене? ‒деп сұрады келіншегі. – А, ия, алғыс хат қой. – Өзіңе ме? Жұмыстан берді ме? – Е, жоға... – Кімге енді? Айтсаңшы? – Өзім де таң қалып тұрмын. – Ия? – Кеше дүниеге келген Аман баламызға алғыс хат жіберіпті! – Кім? – Аудан әкімі! – Ойбай, не дейді? – Оқып берейін бе? – Оқышы? – «Жаңа жылдың алғашқы қонағы, қазақтың санын көбейту­ші, жарық дүниеге келгеніне бір күн болған Аман Есенбайұлы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапат­талады.Аудан әкімі Мен ғой.» – Өләә, мына аудан әкімі жынды шығар? – Е, мейлі, күлген жұрт күле берсін,  за то, кеше достарыммен «от души» жудық.  Ал, жарайды, мен кеттім! Мен кеткен соң тағы туып жүрме. Бүгінде бала‒шаға асырау да оңай шаруа емес! Әкім үй береді дейсің бе? – Кешіріңіз, Тәңірберген біздің қиялымыз. Бірақ, осыған ұқсас, адам таң қалатын оқиға өткен жылдың аяғында болды.  Түркістан қаласының кішкентай бес жасар түрғыны Азат Мадияр қала әкімі Н. Тұрашбеков атынан алғыс хат алып, айды аспанға... Жо‒жоқ,. ой, кешіріңіз, айды аспанға шығарған ол емес, қала әкімі! Ия, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында табысталған. Алғыс хатта былай жазылған: «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтай отырып, сізге саналы ғұмырыңызды Түркістан қаласы­ның өркендеуіне, экономикасынң дамуына, әлеумет­тік жағдайының өсуіне, ынтымақ пен бірліктің үйлесімді тұрақтануы­на және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаныңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Егеменді еліміздің жарқын бола­шағы жо­лын­да еткен еңбегіңіз жеміс­ті бол­сын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, бақ‒береке тілеймін!». Көрдіңіз бе, жас бала бес жа­сын­да отбасылы болыпты, қаланың өркендеуіне керемет үлесін қосып­ты! Масқара! Әкім қол қойып, мөрін басарда  мәтінге қарамаған ғой! Иректетіп, қолын қоя салған. Стандарт мәтінге. Қаладағы нөмірі 27‒ші мектептің даярлық тобының мұғалімі де әкімшілік атынан осындай марапатты табыс етіп тұрып, есіней беріпті... Естімеген елде көп деген осы да!

Мұхтар ШЕРІМ