Елена Рыбакина Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты. Бұл туралы федерацияның ресми сайты жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы матчын дүниежүзілік рейтингіде 46-орында тұрған италиялық Лючия Бронцеттимен өткізді.
Бұл қос теннисшінің өзара бірінші кездесуі еді.
Бастапқы партияда Елена 2:0 есебімен алға шыққанымен, Лючия таразы басын теңестірді. Дегенмен Рыбакина брейкпен тәмамдады – 6:4.
Екінші сетті Бронцетти брейкпен бастағанымен, Рыбакина ойын тізгінін қайта қолға алды – 4:1. Содан кейін қатарынан үш эйс жасап, бірінші матчболын сәтті пайдаланды – 6:3.
Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, украиналық Марта Костюк немесе рейтингіде 72-сатыдағы мысырлық Майар Шерифтің жеңгенімен шеберлік таластырады.
Рыбакина өткен аптада Штутгарт WTA 500 турнирінде чемпион атанған болатын.