Қаламдастар қалжыңы

Қаламдастар қалжыңы

Тоқаш Бердияров

Жұбан Молдағалиевтің Жазу­­шы­лар одағының басшы­сы боп келгеніне 4-5күн өткен. «Қаламгерде» біраз жігіттер кофе ішіп, әртүрлі әңгімелердің тиегін ағызып отырмыз. Тоқаш Бердияров келді. Әдеттегідей тап-тұйнақтай киінген. Крахмалы кетпеген ақ көйлегінің жағасын жоғарғы түймесіне дейін салып, мұрны­ның алдындағы бір шоқ мұртын ғана қалдырып, айналасын шегіне дейін көк тұқыл етіп қырынып алыпты. Ол жанымыздағы бос орын­дық­тың біріне отырып, кофесін аузына апара берген кезде маңайындағылардың біреуіне тиіспей отыра алмайтын Асқар Сүлейменов Тоқаңа бастан-аяқ қарап шықты да: – Бүгін шиштай боп киініп алыпсыз ғой. Немене, қыз айттыруға барасыз ба? – деді әзілі мен шынын араластырып. – Жоқ, қайдағы қыз, - деді Тоқаң өзіне жарасымды күлкісімен мұртын бір сипап қойып. – Жұбанды бастық болуымен құттықтағалы келдім. Екі бөлмелі үй сұраған арызым жатқалы бері екі бастық ауысты. Жұбанның есіне соны да сала кетейін деп келдім. Жаңа барсам әлі жұмысқа келмепті. Жарты сағаттан соң Жұбан кабинетінде отыр деген хабар жетті. Хабарды ести сала Тоқан суып қалған кофесін сіміріп алды да Молдағалиевті құттық­тауға кетті. Көп ұзамай қайтып келді. – Иә, құттықтап шықтыңыз ба? – деді Асқар. – Құттықтадым. – Пәтер мәселесі не болды? – Жаңа келіп жатырмын ғой, сәл шыдай тұр, - деді. – Бірақ, айттым. Қанша жерден бастық болсаң да өлең жазуды бәрібір менен үйренесің дедім. – Онда пәтер мәселесін бірден шешіп алыпсыз ғой. Шынында да, Жұбан Мол­да­­ғалиев­тің кезінде Тоқаңа пәтер берілмеді.

***

Тоқаш Бердияров «Біржан сал» деген поэма жазып бітіріп, «Жұлдыздың» поэзия бөліміне әкеп тапсырды. Мұқағали оқып шығып, поэ­маны керемет мақтады. Мақтаулы дүниені барлық бөлім оқып шығатын дәстүр бар еді. Бәріміз оқып шықтық. Поэ­ма бәрімізге ұнады. Ендігі кезек – редакторда. Мұқағали қолжазбаны дайын­дап, бас редактор Сырбай Мәу­ле­новке тапсырды. Ол көп жатқызбай оқып шығып, бәріміз отырған бөлмеге кіріп: «Сволочь, ішіп жүрсе де жақсы поэма жазыпты», –  деп гүріл­деген даусымен мақтай жөнелді. Сол кезде жауапты хатшы Бекен Әбдіразақов та келе қал­ды. Сырағаң оған да поэманы мақтап: – Срочно типографияға жібер, –  деді. – Сыр-аға, номер тапсыры­лып қойды ғой, –  деп Бекен Әбдіразақов типография тәртібі жайлы айта бастап еді, Сыр-ағам тағы да гүрр етіп: – Досе ғып жібер. Бұрынғы өлеңдердің біразын алып таста дағ орнына ана сволочтың поэмасын сал, - деді бұйырып. – Жүр, мендегі поэманы алып кет, - деп ол Бекенді кабинетіне алып кетті. Бекен Әбдіразақов поэманы типографияға тапсырып келді. Бір кезде қабылдау бөлме­сін­де айғай-шу шығып, шақыр етіп сынған люстраның даусы естілді. Тоқаң екен. Бастыққа кірмек бопты. Қызыңқырап алған оның түрін көріп, Рымжан оны жібермей, редактордың есігінің алдына барып тұра қалғанда, Тоқаң деген  орындықты алып оны ұрмақ болғанда орындық люстраға тиіп шақыр етіп сын­бай ма. Бәріміз үдеріп шықсақ, Тоқаңды бастыққа жібермей есік көлегейлеп хатшы әйел тұр. – Жібер деймін мені анау аюыңа! Менің поэмамды ол неге ұзақ ұстайды? Өзі ондай поэма жаза алмайтын болған соң әдейі ұстап отыр ғой! – деп жұлқынып тұр екен. Осы кезде іштен Сыр-ағаң да шыға келді. – Сен бе бәрін қиратып жат­қан! Оңбаған! Алкаш! Талғарда арақ ішіп, менің кабинетіме кеп мас болғанды қашан қоясың! Жарамайды поэмаң! Алып кет! – Сөйтті де Рымжанға қарап: – Шақыр ана Бекенді, - деді күркіреген ашулы дауыспен. Мына алкашты далаға шығарып тастаңдар! Сыр-ағаң ашуын баса алмай әлі буырқанып тұр. Рымжан люс­тра­ның сынықтарын сыпы­рып жатыр. – Жәй шақырдыңыз ба, Сыр-аға? – деп Бекен жетіп келді. – Ана сволочтың поэмасын типографиядан қайтып алып кел! Оңбаған. – Типография көнбейтін шығар. Бағана әрең келіскем. – Болды! Қайтып алып кел! Бұйрық солай де! Не болғанын түсінген Бекен Әбдіразақов амалсыз типо­графияға барып, енді терілгелі жатқан поэманы қайтып алып келді. «Қап, - деп бәріміз өкіндік. – Әй, Тоқаң-ай! Сәл шыдай тұрсаң қайтер еді!» – Оңбаған! – деді ертеңіне Сыр-ағаң бөлімге келіп. – Әлә ашуы түгел тарқамағаны көрі­ніп тұр. – Бірақ, иттің поэмасы өте жақсы! Бекенді шақы­рыңдаршы! Мен барып жауапты хатшы­ны шақырып келдім. – Ана сволочтың поэмасын типографияға қайтадан апар. Осы номерден қалмай журналға шығып кетсін! – Ойбай, - деп Бекең бірдене айта бастап еді, Сыр-ағаң оның сөзін бөліп жіберді. – Ойбайыңды қоя тұр. Типо­графияға тез жет! Мен бастық­тар­мен келісіп қойдым! Бекен шығып кеткен соң сол орнында сәл тұрды да, ау­мақты бетін алақанымен бір сипап «Сволочь! Алкаш!» деді де кабинетіне кіріп кетті.

Сырбай Мауленов

Қасым Қайсенов машина­мен келе жатып байқаусызда машинасы жардан құлап, өзі ауыр халде ауруханаға түсіпті. Арада бірнеше күн өтіп, Қасе­кеңнің беті бері қарап, сөйлеуге жарап қалған кезінде көңілін сұрауға Сырбай Мауленов барыпты. Біраз сөйлесіп болған соң Сыр-ағаң: – Сіз құлаған жар шамамен қанша метрдей екен? – деп сұрапты. – Шамамен жиырма метр­дей болады-ау. Әйтеуір құдай қағып аман қалдым, - депті Қасекең. Сонда Сыр-ағаң: – Сізге одан төмен жардан құлаудың өзі ұят қой, –  депті Қасекеңнің көңілін көтермек боп.

Қасым Қайсенов

Мұқағали Мақатаевті жер­леп болған соң бәріміз қалаға қайтып келіп, қаралы дастархан басында құран оқу үшін бас қосып отырмыз. Құран оқылып біткен соң бірінші боп Қасым Қайсенов сөз алды. – Мен Мұқағалиды өті жақ­сы көруші едім, - деді ол ашық та сенімді, баритон даусымен. – Бірақ, мен оның бір де бір өлеңін оқып көрген емеспін. Оның дене бітіміне қарап тұ­рып: «Шіркін, осы жігіт Украи­на орманында партизан отря­дын басқарып жүрген кезімде менің қарамағымда болса, екі иығына екі пулеметті қойып алып, қиналмай көтеріп кете беретін мықты жігіт болар еді-ау» деп сүйсініп жүретінмін. Ол сөз жоқ ең күшті, шаршағанды білмейтін партизан болар еді. Мен оны сол үшін жақсы көру­ші едім.

* * *

Қасым Қайсенов соғыстан қайтып келген соң жұмысқа орналаса алмай ұзақ уақыт бос жүріп қапты. Барған жерлердің бәрі құрғақ уәдемен шығарып сала берген көрінеді. Құрғақ уәдеге әбден тойып болған Қасе­кең қаланың үлкен басты­ғының алдынан бір-ақ шығып­ты. Үлкен бастық әр ойлап, бері ойлап кеп: – Сіздің мамандығыңыз қан­дай? – деп сұрапты. – Менің мамандығым қан­дай болушы еді? Пойыздарды аудару, бензоколондарды жару, адам өлтіру, - депті.

***

Ұлы Отан соғысындағы жеңіс­тің 35 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облысында Қасым Қайсеновпен кездесу өтетін бопты. Солтүстік Қазақ­стан­да неміс қлты көбірек шо­ғырланған. Соны ескеріп Қасым Қайсенов заты неміс қой деп Герольд Бельгерді ертіп барыпты. Екеуі екі жақтан әр түрлі тақырыпта сөз сөйлеп, сұрақ­тар­ға жауап беріп, жиналған көпшіліктің көңілінен шығып­ты. Кездесу соңына жақындай бергенде бір егде кісі: – Партизан боп жүрген кезіңіз­де ұһқанша немісті атып өлтірдіңіздер? – деп сұрапты. Сонда Қасекең: – Біз немістерді атпайтын­быз, - депті. Бұл сөзді естіген неміс ұлтының өкілдері риза боп қол соғып жатқанда Қасе­кең: – Партизандарға оқ-дәрі аз беріледі. Оқ-дәріні үнемдеу үшін біз оларды тірідей ұтсап алып бауыздайтынбыз, - деген қол соғып отырған біраз адам залдан шығып кетіпті.

Тахауи Ахтанов

Қазақ прозасының хас шеберлерінің бірі Тахауи Ахтанов туған жері Шалқардағы көңілді бір мерекелік жиынға қатысып, «Москва-Алматы» поезы­мен Алматыға қайтып келе жатқан беті екен. Ақтөбе­ден Алматыға дейін пойыз бір тәуліктен астам уақыт жүреді. Тахаң газет оқиды, ресторанға барып шай ішеді, уақыт өткізу үшін коридордағы адамдармен сөйлеседі. Купесінің алдына келіп, терезеден сыртқа қарап тұрса, келесі терезеден орта бойлыдан сәл биіктеу, маңдай шашы жоқ, толықтау адам қарап тұр екен. Дауыс жететін жерде тұрған Тахаң еститіндей ғып: – Да! Бесконечная степь! Какой простор! Какие верблю­ды. Я первый раз вижу живых верблюдов! – деп сөйлей бас­тай­ды. Екеуі бір-біріне жақындап, ары қарай сөйлесіп кетеді. –  Сіз шахмат ойнау білесіз бе? – деді әлден соң Тахаң жаңа танысына қарап. –  Иә, аздап, - деп жауап берді ол сәл жымиып. –  Онда шахмат ойнап, уақыт ұтайық. Менде шахмат бар, - деді Тахаң. –  Менде де бар, - деді жаңа танысы. – Бітпейтін далаға ақарап тұра бергенше бір-екі партия шахмат ойнай тұрайық. Екеуі Тахаңның купесіне кеп, шахмат ойнай бастады. – Қайтып алу деген болма­сын, –  деп ескертті Тахаң. – Әрине! Шахматта қайтып алу деген болмайды. Қайтып алу – жеңіліс деген сөз. Екеуі ойынды бастап жіберді. Төрт-бес жүрістен соң-ақ Тахаңның позициясы нашарлай бастады. Енді үш-төрт жүрістен соң Тахаңның ферзісіне қауіп төнді. – Ой, мына қайдан кеп қалды? Жай фигура емес, ферзі кетіп бара жатса қайта жүруге болатын шығар? – Шахматта ондай заң жоқ! – Ой, сен өзің... «заң, заң» деп тырысып қалдың ғой. Жарайды, бұл жолы ұтылдым. Келесі партиясын бастайық. Екінші партия басталды. Қарсыласы Тахаңның көңілін көтергісі келді ме, бес-алты жүрістен соң ол «байқаусызда» офицерінен «айрылып» қалды. Фигура артықшылығына ие болған Тахаң қанаттанып, батыл-батыл жүрістер жасай бастады. қарсыласы енді қорғаныстан шабуылға кетіп, 4-5 жүрістен соң тағы да ферзісіне бұлтартпастай қауіп төндірді. – Ой, мына бір офицерің қайдан шыға келді? өткен жолы дәл осы позицияда Әбдіжәміл Нұрпейісовті ұтып кетіп едім. Бұл жолы мына офицеріңді байқамай қаппын. Келесі екі жүрістен соң Тахаңның позициясы мүлде нашарлап, матовый ситуацияға тірелді. Бұл партияда ұтылатынын біліп Тахаң қарсыласына бажай­лай қарайды. – Өзің шахматты тәуір ойнайды екенсің. Танысып қояйық. Мен Лениндік... то есть, Абай атындағы мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, жазу­шы­мын. Аты-жөнім Тахауи Ах­та­нов деп қарсыласына қолын созып еді, ол да қолын созып, аты-жөніне айтты. – Михайл Таль.

Ақселеу Сейдімбеков

Елу жылдық торқалы тойы­на бір жыл қалғанда қазақтың талантты жазушысы, досымыз Оралхан Бөкеев Индияда жүргенде 49 жасында кенеттен қайтыс болып, тойын өткізе алмай қалып еді. Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданы атақты жерлес­терінің 50 жылдық торқалы тойын кең көлемде атап өтпек боп Алматыдан бір топ жазушы­ларға шақырту жіберіпті. Пойызбен әбігерге түсіп жүрмеу үшін Шерхан Мұртаза бастаған 7-8 адам үш машинамен жолға шықтық. Алакөлде бір күн қонып, Қатон-Қарағайға бесін кезінде жеттік. Аудан әкімі бастаған бір топ той иелері бізді тура шекарадан күтіп алып, сол жердегі үлкен алаңқайға жайылған мол дас­тар­ханға шақырды. Алматының түтін басқан ауасынан келген жазушыларға саф алтындай таза ауа, шөккен түйе көрінбейтін тұна өскен қалың шөп, екі бүйірдегі тау сілемдерін тұтастай көмкерген қарағайлар бейне бір жер бетіндегі жұмақтай көрініп, табиғатты тамашалау үшін жан-жаққа бытырап кетті. – Қайран қазақтың жері-ай! Неткен ғажап! Неткен сұлулық! – деп Ақселеу таңдай қағып, тамсанып тұр. – Шіркін, біздің жері жидіп тұрған Монтай-Тастың малдарын осы жерге бес күн жайып алар ма еді, – деймін тамылжыған табиғатқа қызыға қарап. – Мынадай шүйгін шөпті көріп тұрып адамның өзі де мал боп кеткісі келеді екен! – Паһ, паһ, қандай ғажап! – деп Ақселеу жан-жағынан көз алмай әлі таңданып тұр. Ол бізден әріректе шөмеле үйіп жүрген бір жігіттен: – Әй, жігіт! Мына жерді не деп атайды? – деп сұрады дауыстап. – Маямер! Маямер деп атайды, –  деді ол айырын келесі дестеге қадап жатып. – Май емер? Ой, айналайын ата-бабам-ай, қалай тауып қойған! Май емер десе май емер жер ғой мынау! – Қой, Ақа! Қазақ май емер деп айтпайды, түгін тартса майы шығатын жер дейді. – Ой, Дулат, осы сен еш­нәрсеге таң қалмайсың. Скеп­тиксің! – деп ол мені біраз жерге апарып тастады. Ақселеу қойын дәптерін шығарып, «май емер» деген сөздің мәні мен этимологиясын жазып жатты. Үш күнге созылған той да өтіп, үш машинамен тізіліп Алматыға қайта бастадық. Той иелері дәл баяғы алаңқайға қоштасу дастарханын жайып қойыпты. Дастарханға отырмай тұрып бізді шығарып салып жүрген жігіттердің бірінен: – Маямер деген сөз қайдан шыққан? Оның мәні не? – деп сұрадым. – Оның ешқандай терең сыры жоқ, - деп жауап берді ол шаруақор адамның даусымен. – Біз жаз бойы шапқан шөпті осы алаңқайға әкеп мая жасай­мыз да, тиісті адамдар кеп оны өлшеп кетеді. «Маяны мерить ету» деген қазақ пен орыс сөзінің қосындысы содан пайда болған ғой. – Аха, - дедім қасымда тұр­ған Ақселеуге қарап. – Ешқан­дай да ата-бабаң қоймаған атау екен. Кейінгі лингвистердің басын қатырмау үшін өшіріп таста анау блокнотыңдағы жазуды!

Дулат ИСАБЕКОВ