2018 жылы әлем елдерінің әскери шығыны 1,8 триллион долларға жетті. Әдеттегідей, армияға қаржы жұмсауда АҚШ алдына жан салмайды. Трамп билікке келгелі бері сарбаздарға бөлінетін ақша артып кетті. Сондай-ақ қару саудасы да азаяр емес. 2017 жылы дүниежүзіндегі ірі 100 компания 400 млрд доллардың қаруын саудалапты. Сонша оқ-дәрі сатылған соң ол бір жерде атылуы да керек.
Стокгольм бейбітшілік мәселелерін зерттеу институты (SIPRI) әдетте мемлекеттердің қорғаныс саласына бөлетін қаржысы, қару-жарақ саудасындағы ақша айналымы, ең ірі әскери компаниялардың тізімі секілді ақпаратты жариялап отырады. Жақында осы ұйым 2017 жылы әлемде сатылған қаруларға сараптама жүргізіп, басты саудагерлерді анықтады. Әлі де танк, ұшақ, зымыран сатуда АҚШ ешкімге дес берер емес, осы елдің компаниялары 226,6 млрд доллардың қаруын сатқан. Екінші орынға алғаш рет Қытай көтеріліп отыр. Олар Ресейді қару нарығынан ығыстырып жатқан сыңайлы. Қытайлықтар 54,4 млрд доллардың оқ-дәрісін саудалаған. Ал үшінші орынға түскен ресейліктердің қарудан түскен пайдасы 37,7 млрд доллар.
Қытайдың әлеуеті. Жалпы, бұған дейін Қытайдың қару экспорты жайлы мәлімет аз болған, сол себепті әлемдік нарықтағы шынайы жағдайды сипаттау қиын еді. Алайда институт мамандары соңғы есепте негізгі мәліметтер жариялады, дүниежүзіндегі 100 ірі қару сатушы компаниялардың тізіміне сол елдің өкілдері кірді дейді. Сонымен, шығыстағы көршіміз қандай қару сатады?
Бұл ел армияларға қажет ататын, ұшатын, жүзетін, жүретін көптеген қару мен транспорт түрін өндіріп, оның экспорттық нұсқасын даярлайтын деңгейге жетті. Сыртқы қару саудасының негізгі үлесі авиация, артиллерия және бронетехникада екен. Бүгінде Қытай қару экспортын 48 елге жеткізеді. Мысалы, тек Pterodacty-1 ұшқышсыз ұшатын аппараттары біраз елге сатылған. Бергі жағы Қазақстан мен Өзбекстан болса, арғы жағы Сауд Арабиясы, Мысыр, Алжир, Ирак, Нигерия. Бұдан басқа Қытай Азия мен Африканың көптеген еліне HQ-9 зениттік-зымыран кешенін, VT сериясындағы танкілерді, «AR-3» реактивті жүйесін, VP-1 және WZ-523 әскери көліктерін (бронетранспортер), JF-17 «Тандер», J-10 жойғыш ұшақтарын, лицензияланған Калашников автоматын, тіпті S-26 сүңгуір қайықтарын және басқа да қару түрлерін экспорттайды. Бұл кеше ғана армиясы Ресейдің қаруына тәуелді болған ел үшін айтарлықтай прогресс.
Ал енді Қытайдың әскери-техникалық әлеуеті қалай жылдам өсті және дүниежүзілік қару нарығы монополистерінің біріне айналуының себебі неде? Біріншіден, бұл елдің экономикасы 1990 жылдармен салыстырғанда қазір өте қуатты. Олар саудадан түскен қаражатты армияға құюды 1990-жылдардың соңынан бастады. Яғни, экономикалық өсім армия мен әскери өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік берді. Екіншіден, қытайлықтардың көшірме жасау қабілеті әлемге мәлім. Nile, Abibas, Dolce & Banana, Roxona, Funa деп әлемдік брендтерді құбылтып, көшірмесін қара базарға шығара салатыны белгілі. Бұл әдісті Қытай қару өндірісінде де қолданды. Әсіресе, талай ресейлік және америкалық танк, ұшақ, зениттік жүйенің техникалық мүмкіндіктері ұрланды. Мәселен, жоғарыда айтылған HQ-9 зениттік-зымыран кешені Ресейдің С-300 зениттік кешенінің жетілдірілген нұсқасы. Немесе «AR-3» реактивті жүйесін Ресейдің «Смерч» қаруының көшірмесі деуге болады. Ал DF-21D, DF-26D жағалауға арналған баллистикалық зымыран кешендері АҚШ-тың «Першинг-2» қаруының негізінде жасалған. JF санатындағы жойғыш ұшақтарының көптеген элементін ресейлік «Су», «МиГ»-тан, америкалық F-35-тен де алған.