Петропавл қаласындағы фанера комбинатына шикізат жетіспейді. «Солтүстік фанера комбинаты» ЖШС өкілдері кәсіпорынға ат басын тіреген Парламент Мәжілісінің депутаттары алдында осы мәселені көтерді. Жаңа кәсіпорын былтырғы жылдың басында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында іске қосылған болатын. Нәтижесінде, 150 шақты адам жұмыспен қамтылды. Олардың орташа еңбекақысы – 150 мың теңге шамасында. Мұнда үлкен форматты, суға төзімді фанера өндіріледі. Бұл зауыт жылына 20 мың текше метрден астам ламинатталған фанера өндіруге қауқарлы. Әзірге 10 мың текше метрден астам өнім өндіріледі. Кәсіпорын бүгінде республиканың осы өнімге деген қажеттілігінің 30 пайызын жауып отыр. Бұл жобаға 8 млрд теңге инвестиция құйылған. Мұнда шикізат ретінде Ресей мен Қазақстанның ормандарынан 100 пайыз қайың қабығы қолданылады. Ал қалдықтар фанера дайындау процесінде пайдаланылатын жылу қуатын өндіруге жұмсалады. Таяу арада мұнда ЛДСП өндірісі басталмақ. Бұл бастама өз кезегінде өңірдің жиһаз өндіру саласын айтарлықтай дамытуға тың серпін бермек. (Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода комбинаттың жұмысымен, өзекті мәселелерімен және алдағы жоспарларымен танысты. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметовтің айтуынша, фанера комбинатының ең өзекті мәселесі – шикізат тапшылығы. Соның салдарынан зауыт толық қуатында жұмыс істей алмай тұр. Өткен жылдың соңғы екі айында кәсіпорын осы қиындыққа тап болды. Ал биыл бұл мәселе тіпті күрделене түсті. Себебі Экология министрлігі 10 жылда бір рет жүргізетін орман шаруашылығын түгендеу жұмысы биылға жоспарланған. «Кәсіпорын басшылығы өндірісті кеңейтіп, 300-ге жуық адамды жұмыспен қамту үшін біздің өңірімізге 10 миллион доллар инвестиция құюға әзір. Алайда қазір шикізат тапшылығы қиындық тудырып отыр. Бұған негізгі себеп – Экология министрлігі жүргізіп жатқан орман шаруашылығын түгендеу жұмыстары. Бұл жұмыс жылдың соңына дейін жоспарланған. Соған орай барлық орман пайдалану тендерлері тоқтатылды. Осыған байланысты кәсіпорын өзін-өзі өндіріске қажетті шикізатпен қамтамасыз ете алмайды», – деді кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов. Бүгінде кәсіпорын шикізатты шетелден сатып алуға мәжбүр. «Зауыт толық қуатында жұмыс істеуі керек. Біз бұл мәселені, әрине бақылауға аламыз және атқарушы органдармен өзекті мәселелерді пысықтаймыз. Кездесулер өткіземіз, мәселені шешу жолдарын іздестіреміз», – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода. Ал кәсіпкерлер палатасы бұл қиындықты Үкімет деңгейінде шешу үшін «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына жеткізуге ниетті.
Солтүстік Қазақстан облысы